АймақҚарағанды

ҮЕҰ кеңесінің қорытынды отырысы

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің төрағалығымен өткен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытынды отырысы қоғам тынысын айқындаған өзекті мәселелерді сарап таразы­сына тартты. Мәні бөлек жиынға мемлекеттік органдар мен өңірдегі түрлі бағытта еңбек етіп жүрген ҮЕҰ өкілдері жиналып, жыл бойғы жұмыстың белесін бағамдап, жаңа межелерді бірге айқындады.

Суреттерді түсірген Александр Марченко

Іскерлік лебі аңғарылған әр сөз, әр ұсыныстың қыр соңында қым-қуыт қоғамның аужайы жатыр. Келелі кездесу барысында жылдық жұмыс нәтижелері тарқатылып, азаматтық секторды дамытуға бағытталған тың ойлар ортаға салынды.

– Мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту – жиын талқысының негізгі өзегі. Серіктестік байланыстарды нығайту, қоғамдық бастамаларды қолдау, тұрғындардың әлеуметтік жобаларға қатысуын кеңейту жөніндегі пікірлер ашық форматта айтылып келеді. Әсіресе, өңірдегі әлеу­меттік салмақты жобалардың жүзеге асуына азаматтық қоғамның ықпалын арттыру жайы әрдайым өзекті. Тәжірибе алмасу, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, қоғаммен кері байланыс орнату мәселелері де назардан тыс қалмады, – деп атап өтті Нұрлан Бикенов алғы сөзінде.

Жауапты өкілдер мен салалық басқарма басшылары өңірдегі қоғамдық бастамалардың ахуалын бүкпесіз баяндады. Әрқайсысының сөзінен аянып қалмай іс қылатын жауапкершілік те, жаңа кезеңге өтудің талабы да сезіле түскен. Бүгінде бағыттар бойынша 13 ұзақмерзімді жоба жүзеге асуда. Өңірлерге барып жүргізілген ағарту жұмыстары, семинар-тренингтер мен кеңес беру форматындағы кездесулер нақты нәтижесін бере бастаған. Әсіресе, күдіс пейіл дау-дамайды өршітпей, бітімге шақыруға бағытталған бастамалар көзге түседі: медиаторлар пулын құру жолға қойылып, 60-қа жуық маман іске кірісті. Олардың қатарында ҚХА мүшелері мен тәжірибелі қоғамдық белсенділер де бар. Жиында бес жоба талқылау сатысында тұрғаны айтылды. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының аясында тың бастамалар ұсынылып, қауіпсіздік мәдениетін арттыруға арналған жаңа тәсілдер қарас­тырылып жатыр.

Айрықша назар аудартқан – «Өткір қалам» жобасы. Оның шеңберінде кәнігі журналис­терді оқытып, медиа саласының жауапкершілігі мен кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған жүйелі жұмыс басталған. Ақпарат тасқыны үдей түскен заманда медиа сауаттылықты арттыру жайлы ұсыныстар да аз емес. Сарапшылар бұл бағытты жаңа талаптарға сай жаңғыртудың өзекті екеніне тоқталды. Сонымен бірге, «Мемлекеттік рәміздер – ортақ құндылығымыз» жобасы аясында оқыту-түсіндіру шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мектептен ұйымдарға дейінгі түрлі алаңда мемлекеттік рәміздердің тарихи мәнін ашатын дәрістер мен ашық кездесулер ұйымдас­тырылуда.

Уақыт талабына сай, кейбір жобалар кейінге шегеріліп, енді бірі өзектілігін жоғалт­қандықтан тоқтатылған. Бұл – жұмыстың ретсіздігін емес, керісінше, бастамаларды сүзгіден өткізіп, тиімдісін іріктейтін сарабдал сарапшылардың қолтаңбасын әйгілейді. Жиын соңында келер жылы жаңа жобаларға конкурс жарияланатыны белгілі болды. Бірқатар ұйымдар серіктес болуға ниет білдіріп, ұсыныстарын жолдау­ға дайын екендерін жеткізді.

– Кеңес қорытындысы азаматтық қоғамның аймақтағы рөлінің артып келе жатқанын айқын көрсетті. Ұтымды ұсыныстар – нақты деректерге сүйенген, шынайы қажеттіліктерден туған өміршең бастамалар. Ең бастысы, мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы әріптес­тік мәдениеті жаңа деңгейге көтеріліп келеді. 2026 жылға жоспарланған жобалар ҮЕҰ әлеуетін күшейтіп қана қоймай, өңірдің тұрақты дамуына оң ықпал ететініне бек сенімдімін. Осы орайда құзырлы органдар тарапынан атқарылатын мониторинг ісі мені толғандырады. Себебі, әр жобаның жүзеге сәтті асуы мен қоғамға берер игілігін біз тек осы бақылау амалдары жолымен ғана нақты көре аламыз, – деп тұжырды ойын қоғам қайраткері, қалалық мәслихат депутаты Нияз Сундет­алиев.

Жиын соңында қатысушылар 2026 жылға арналған бірлескен бастамалардың жобасын пысықтап, нақты ұсыныстар топтамасын әзірледі. Кеңестің келесі жылға бағытталған басымдықтары айқындалып, азаматтық сектор мен билік арасындағы ынтымақтастықтың жаңа белесі анық көрінді. Жыл бойғы жұмыс тәмам. Ал, алда атқарылар міндет бұдан да маңызды, үміт те үкілі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button