Еңбектенуді тоқтатпау керек
Қыз-келіншектер қашанда сұлулыққа құштар. Бұл заманда өз көркіне өзі көз салмайтын, өзін-өзі күтпейтін нәзік жан жоқ. Қазіргі кезде нәзік жандардың ажарына ажар қосып алуына, тіпті, мүмкіндігі мол. Мұндай істі сән салондарының мамандары атқарады. Бара қалсаңыз, қасты да, кірпікті де, шашты да әрлеп береді. Шашыңыз түссе, я қасыңыз ұнамаса косметологтар табиғи жолмен де өсіре алады. Қарағандылық кейіпкер Айбану Өтеміс Түркиядан меңгерген жаңа әдісті Қазақстанның сән индустриясына енгізуде. Былтыр облыс әкімінің грантын ұтқан жас бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр.

Айбану Алматқызы 2024 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын «Serap Cinar» технологиясын қолдану – органикалық ремувер және шаш мезотерапиясы» жобасымен ұтқан болатын.
– Менің сән индустриясына қызығушылығым 2019 жылдан басталды. Сол жылы лешмейкердің бір апталық курсын бітіріп, сән салондарынан орын іздедім. Кейін салонға жұмысқа тұрып, қол жаттықтыра бастадым. Әрине, бастапқыда табыс көп болмады. Дегенмен, үйренуді тоқтатпадым. Бір жыл бойы бұдан да жоғары курстарға қатысып, өзімді дамытуға ден қойдым. Мен қыздарға бірыңғай қас пен кірпік жасап, табыс тауып жүрдім. Тек мұнымен шектелмей, қазіргі трендтегі нәрселерге қызығып, жеке салон ашқым келді. Әрине, оған өте көп қаражат керек. Сөйтіп жүргенде, 2024 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты туралы естіп, бағымды сынап көруге бел будым. Нәтижесінде грант ұтып алдым. Қазір жұмысым бір жүйеге түскендей, – деді Айбану.
Қазір көптеген қыз-келіншектерде шаш түсу проблемасы бар. Бұл мәселемен ер азаматтарда да шағымданады. Кейіпкеріміз міне, сондай жандарға көмек бергісі келеді. Бастапқыда шаш пен қас өсіру туралы Түркияда оқытылатын курсты көріп, қатты қызыққан екен. Қаражат жағы қиындау болса да, ойында жүрген идеяны іске асыруға тастай бекінеді.
Айбану сұлулыққа ерекше мән беретін қауымға қас пен шаш өсіру және татуаждарды кетіру бойынша Түркиядан келген жаңа әдісті Қазақстанның сән индустриясына енгізгісі келеді. Осындай мазмұнмен бизнес жоспарын дайындап, жобасы қолдау тауып, облыс әкімінің грантына қол жеткізген екен.
Осылайша, жұмысты бастап кетеді. Алдымен оқуын оқиды, салон ішінен орын алып, жеткізушілермен келісіп, қажет құрал-жабдықтарды алдырады. Соның ішінде, лазерлік машина, шаш өсіретін аппарат алыпты.
– Грант ұтып алғаннан кейін, Түркияда білімімді жетілдірдім. Сөйтіп, ол технологияны Қазақстанның сән индустриясына алып келдім. Наурыз айынан бері дәруменмен шаш және қас өсіру, ремовермен татуажды, яғни, қас кетіру кәсібімен айналыса бастадым. Қазір кәсібім жақсы дамып келе жатыр деп айта аламын. Алғашқы клиенттерім Қарағанды қаласынан келді. Олар жұмысыма рақмет айтып, риза болып қайтады. Тиімділігін көргеннен кейін клиенттер Астана және Балқаш қалаларынан келіп жатыр, – дейді кейіпкер.
Қазір қарамағында бір маман қызмет атқарады.
«Бұл кәсіпті ашу бірден ойыма келген жоқ» дейді ол. Тапқан табыс күнкөріс қамынан аспаса, алдағы уақытта кәсіп ашуды жөн санайды. Әрі өзіне пайда, әрі адамдарға да септігі тиетін жұмыспен айналысу – өз алдына бөлек әңгіме.
– Адамдарға тек қана пайдам тиетін кәсіп болса деген оймен аштым. Сұлулықтың айнасы – нәзік жандардың жүзіне қуаныш сыйлау – менің арманым. Өзің жасап жатқан жұмыстың нәтижесін көрген сәт те ерекше. Адамдардан алғыс естісем, жұмысқа деген құлшынысым күшейе түседі, – дейді Айбану Өтеміс.
Жас кәсіпкер өз бизнесін одан әрі дамытуды көздейді, әрі басқа да қыздарға үйрету жоспарында бар.
– Біз секілді жастардың кәсіп ашуына ықпал етіп, көмек беретін Қарағанды облысының әкіміне рақметімді айтамын. Жастарға айтарым – еңбек бәрін де жеңеді. Кәсіп бастаған күннен-ақ, ісің дөңгеленіп, табысың бірден артып кетпейді. Тек еңбек етуді тоқтатпау керек. Сонда ғана жемісті, – дейді Айбану.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»