Нұра

Еңбекпен есейген ер

   Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Еңбек адамына» лайықты құрмет көрсету қажетін үнемі еске салады. Міне, Нұра ауданының Жараспай ауылының тұрғыны Темірхан ОМАРОВ – бақытын еңбектен тапқан жан. Табыс кілті еңбекте екенін ерте ұғынған ол, жастайынан трактор тізгіндеп, бүгінде қырықтың қырқасына енді шықса да өмірінің 20 жылын егін алқабында өткізген.

Техниканың тілін бес саусақтай білетін белгілі механизатор заманауи тракторды да меңгерген. Ауылдың тынымсыз тіршілігіне төселген «Жараспай» серіктестігінің үлгілі механизаторы бүгінде көктемгі егіс науқанында «Кировец» тракторымен жерге дән сіңірсе, орақ науқанында шет елдік «Класс» комбайынының құлағында ойнайды.

– Мен ауылда өстім. Осында ер жеттім. Туған жерімнен қыр асып, басқа жерде еңбек етіп, басқа жердің ауасымен тыныстап, тұрмыс-тіршілігімді домалату еш ойымда болған емес. Бұл – менің шағын Отаным. Ауыл – қазақтың жаны, рухы, тілі, діні де.  Ауылда жұмыс жоқ деп қыр асқандар қаншама. Қалаға кетіп, көптің ортасына сіңіп, білінбей кеткендер де жетерлік. Ал, ауылда бәрі де өзгеше. Мені бәрі де біледі. Мен де ауылдың бар тыныс-тіршілігімен таныспын. Ауылым – менің мақтанышым, – дейді темір тұлпарды ерттеп мініп, еңбегінің жемісін көріп жүрген Темірхан.

Ауыл баласының алаңсыз балалық шағы Кеңес үкіметі тұсында өтсе де, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге, әскер қатарына 1994-1996 жылдары шақырылған. Еліміздің Шығыс Қазақстан өңірінде, шекара қорғаған.

Әкесі Қабылтай бар ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған, мал шаруашылығында еңбек атқарған. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Темірхан да әкеге  қолғанат болып, еңбекке ерте араласқан. Анасы Мәрия – «Алтын алқа» иегері. Тоғыз баланы дүниеге әкеліп, өмірдің ащысына да, тұщысына да төзе білуге тәрбиелеген, өсірген, жеткізген. Қазір ата-анасы жанында жоқ болса да, сол ұлы тәрбие шаңырақтан жарып шыққан 9 отауды әлі де  көзге көрінбейтін ерекше  бір күшпен ұстап тұрғанын кейіпкерімнің бауырлары жайлы, олардың бүгінгі жай-күйі туралы әсерлене айтқан әңгімесінен байқалды. Бұл да ауылдың, алтынға бергісіз асыл тәрбиесінің жемісі.

– Әскерден оралдым. Ол күндер қазір мүлдем болмағандай. Көрген түстей. Ауылда электр жарығының өзін өлшеп берген кез. Ауылдың болашағына сенбей халықтың қалаға жапа тармағай көше бастаған шағы. Жас болсам да ауылды тастап кете алмадым. Бір күш мені жібермеді. Қазір сол таңдауыма қуанамын, – деді, сол кездегі өрімдей жас. Бүгінде айрандай ұйыған отбасының қамқоршысы. Жары Аяужанның қорғаны, қос балапан – Мейірлан мен Аружанның асқар тауы. Жақын арада Алланың қалауымен бұл шаңырақта бесік тойы тойланбақ. Отбасы қуанышы еселенбек.

Тазагүл Пішенбаева.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button