Жаңалықтар

Еңбек пен білімнің жеңісі

Қарағанды облысының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары республикалық және өңіраралық кәсіби шеберлік байқауларында табысты өнер көрсетіп, аймақ абыройын асқақтатты. Екі бірдей байқауда жерлестеріміз жүлделі орындарға ие болып, жұмысшы мамандықтарының беделін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Атап айтсақ, Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі өндірістік оқыту шебері Мұхаметәли Исайын «Кірпіш қалау» бағыты бойынша өткен «Үздік қалаушы» өңіраралық байқауында жеңімпаз атанды.

Байқау Көкшетау қаласында ұйымдастырылып, алаң ретінде қалалық құрылыс-технологиялық колледжі таңдалды. Сайысқа Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің педагогтері мен Астана қаласындағы құрылыс кәсіпорындарының мамандары қатысты.

Қатысушылардан берілген сызбаға сәйкес тапсырманы қатаң бағалау талаптарын сақтай отырып орындау талап етілді. Жіктердің сапасы, өлшем дәлдігі, қалау геометриясы мен түзулігі есепке алынды. Жұмыстар WorldSkills стандарттары бойынша бағаланды.

– Байқаудың негізгі мақсаты – мамандардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және WorldSkills стандарттарын оқу үдерісіне енгізу. Конкурстық тапсырмалар осы стандарттардағы өлшемшарттар бойынша бағаланды, – дейді Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, байқауға сарапшы ретінде қатысқан Рымбек Алтайбаев.

Сарапшылар өндірістік оқыту шебері Мұхаметәли Исайынның жоғары кәсібилігін, жұмысты дәл әрі сапалы орындауын және халықаралық стандарттарға сәйкестігін ерекше атап өтті.

– Тапсырма мен үшін аса қиын болған жоқ. Жарыс екі күнге созылып, жалпы 10 сағатқа жалғасты. 2024 жылы мен «Плитка қалау» пәні бойынша өткен WorldSkills республикалық байқауында екінші орын алған едім. Бұл – мен үшін үлкен жетістік, себебі байқауға өз ісінің мықты шеберлері қатысады, – дейді жеңімпаз.

Тағы бір республикалық кәсіби шеберлік байқауы Рудный тау-кен технологиялық колледжі 60 жылдығына орай BabySkills және JuniorSkills форматында өтті.

Қарағанды теміржол колледжінің студенті Керімқұл Шыңғыс «Теміржол локомотиві» бағыты бойынша II орынды иеленіп, облыс қоржынына тағы бір жүлде салды. Қазылар алқасы жас маманның практикалық дағдылары мен тапсырмаларды орындау сапасын жоғары бағалады.

– Байқаудағы жеңіс – педагогтер, тәлімгерлер және қатысушының өзара үйлесімді еңбегінің, оның мақсаткерлігі мен жоғары кәсібилігінің нәтижесі. Мұндай жарыстар жұмысшы мамандықтарын дамытуға, техникалық білімнің беделін арттыруға және жастардың кәсіби қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті колледж өкілдері.

Қарағандылық ұстаздар мен студенттердің жетістігі аймақтың техникалық білім беру жүйесінің сапасын, өндіріс пен білім арасындағы байланыстың нығайғанын көрсетеді. Кәсіби шеберлік алаңындағы бұл табыстар – еңбек адамының мәртебесін арттыратын нақты нәтижелер.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button