«Еңбек нарығы – сұраныс көлеміне тәуелді»
Президент Жолдауында аграрлық саланы жиі тілге тиек етеді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында «Мен жастарға сенетінімді үнемі айтып келемін. Ауыл шаруашылығы жастардың өзін танытуына мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ауылға маман тартудың қаншалықты қиын екенін жақсы білетін шаруашылық басшылары бұл іске ерекше мүдделі» деді.
Соның ішінде, дамыған елдердегі жоғары сапалы технологияларды елімізге бейімдеу жұмыстарын жүргізу керектігі айтылды. Агроөнеркәсіп кешенін жедел дамыту үшін модернизацияланған экономика қажет екенін, заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы құрдымға кететінін де ескертті.
Аймақта агроғылымды дамытып, оны ауыл шаруашылығы саласына іс жүзінде қолдануға үндейтін Қарағанды агротехникалық колледжі бар. Бүгінде 400-ге жуық студент білім алатын орда заманауи талапқа сай білім береді. Білім ордасының ілкімді жобалары әрі жағымды жаңалықтарын Қарағанды агротехникалық колледжінің басшысы Мүбарак Хасенов айтып берді.
– Мүбарак Мұратұлы, агроколледждің бай тарихына тоқталсақ. Әуел баста ашылған уақыттан бері жұмысшы маманға қажеттілік мәселесі өзектілігін жойған жоқ секілді?
– Қарағанды агротехникалық колледжі – бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған облыстың барлық орта кәсіптік білім беру мекемелерінің ішіндегі ең көнесі. Қарағанды қаласынан екі жасқа үлкен десек те болады.
Мектептің алғашқы бұйрығы 1932 жылы шығарылды. Бұл Қарағанды көмір бассейнінің қарқынды даму жылдарымен сәйкес келді. Осыған байланысты білікті жұмысшы кадрлар мәселесі күн тәртібінде тұрды. Жұмыстың алғашқы күндерінен ұйымдастырушылық және экономикалық сипаттағы қиындықтарға қарамастан, мектеп бассейн шахталары үшін жастарды дайындауға белсенді кірісті. Ұлы Отан соғысы жылдарында мектеп ұжымы қиындықтарды жеңе білді.
Қазақстанда, атап айтқанда Қарағанды облысында тың жерлерді көтеру үшін ауыл шаруашылығы мен мелиорация үшін кәсіби кадрлар даярлау талап етілді. Ұлы Отан соғысынан кейін еліміз астық пен басқа да ауылшаруашылық өнімдерінің жетіспеушілігін бастан өткерді. Сондықтан 1954 жылы үлкен тың алқаптарды игеру басталды. Елдегі тракторлар, комбайндар мен жүк көліктері өндірісінің едәуір бөлігі тыңға жіберілгенімен, жиі бұзылатын техниканың білікті мамандары мен жөндеу базасы жетіспеді. Орта кәсіптік-техникалық училищесінде (механикаландыру колледждері) тың шаруашылықтарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге көмектесетін тың жерлерді көтеру үшін кадрлар даярлауда маңызды рөл атқарды. Осы уақытта жұмысшы маманның қажеттілігі туындады.
– Бүгінге білікті жұмысшы мамандарға сұраныс басым. Еңбек нарығындағы сұраныс туралы не айтасыз?
– Биылғы «Жұмысшы мамандықтарының жылында» техникалық және кәсіптік білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Кәсіптік білім беру реформасы экономиканың өсуін және оның инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды болып отыр.
Бір сөзбен айтқанда, еңбек нарығы – өтініш берушінің нарығына айналды. Қоғамға көлік-логистикалық компаниялар мен өнеркәсіптік жүргізушілер, қойма жұмысшылары жетіспейді. Өндіріс және құрылыстағы білікті жұмысшылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлер, сату салаларындағы желілік сауда персоналының, жинақтаушылардың тапшылығы да бар. Автосервис шеберлері мен жұмысшылары, қолөнершілер де аса қажет. Осы олқылықты жою мақсатында бүгінде Қарағанды агротехникалық колледжі өңірдегі жұмысшы кадрларды даярлаумен айналысады. Жыл сайын кәсіби шеберлік конкурсының өңірлік кезеңіне қатысады. Бұл байқау ауыл шаруашылығы саласындағы техникалық және кәсіптік, сондай-ақ, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері үшін маңызды платформа болды.
– Сіздер қатысатын кәсіби шеберлік конкурстары заманауи технологиялар мен инновациялық әдістерге негізделген бе?
– Колледж заманауи технологиялар мен инновациялық әдістерді енгізуді белсенді қолдайды. Бұл, әсіресе, тез өзгеретін қоғам аясында өзекті.
Жұмысымыздың басты басымдығы – студенттерді еңбек нарығына дайындау. Біз оларды тек біліммен ғана емес, практикалық дағдылармен де қамтамасыз етуіміз керек. Оқытушылар мен студенттер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту, сондай-ақ кері байланыс жүйесін енгізу маңызды. Білім алушылармен ашық диалог алаңында нәтижелі білім беру ортасын құру өте маңызды.
– Студенттерді нақты қандай бағытта дайындайсыздар?
– Студенттер колледж базасында жүйелі түрде «Дизельді қозғалтқыштарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету» және «Слесарь ісіне» бағытталған дағдыларды жетік меңгереді. Сондай-ақ, WorldSkills Kazakhstan біздің чемпиондар үшін бастапқы алаңға айналды. Колледж студенттері шеберліктерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Бізде колледж ішінде «Жүк автомобильдеріне қызмет көрсету және жөндеу», «Жеңіл автомобильдерге қызмет көрсету және жөндеу», «Үздік тракторшы», «Металл өңдеу слесарі», «Үздік дәнекерлеуші» шаралары өтеді. Конкурстар арқылы үздік студенттерді анықтап, қатысушыларды ынталандырамыз. Бүгінде колледж агроөнеркәсіптік кешен мен тұтастай экономика үшін маңызды бағыттар бойынша мамандар дайындайды. Оның ішінде «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бар.
– Кәсіпорындарда өтетін тәжірибелерге тоқталсақ…
– Студенттер үшін «Жас маман» жобасы аясында халықаралық стандарттарға сай жабдықталған мамандандырылған құзыреттілік орталықтары ашылғаны белгілі. Бұл студенттерге әлемдегі жетекші компаниялар қолданатын жоғары технологиялық қондырғыларда жұмыс істеуге мүмкіндік берді.
Облыстағы жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өткізілетін нақты кәсіпорындар базасындағы тәжірибе білімді нығайтады. Бүгінде ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастыру – экономиканы әртараптандырудың негізгі тетігіне айналды. Сонымен қатар, озық технологияларды игеру, саланың ерекшелігін түсіну және командада жұмыс істеуге дайындалу бар. Ірі фермерлік шаруашылықтар сияқты колледж серіктестерімен ынтымақтастық – түлектерге бәсекеге қабілетті және еңбек нарығында сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді. Біздің оқу орнын бітірген түлектер үшін өңірдің жетекші кәсіпорындарында практикадан өту және одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігі де бар.
Біз ынтымақтастық орнатқан компаниялар арасында Қарағанды қаласының кәсіпорындары – «QazTehna», «Borusan Cat Kazakhstan» ЖШС, «Автотехинмаш» ЖШС, «Қарағанды металл бұйымдары зауыты» ЖШС, «ПромЭлектроСеть» ЖШС, «Ақнар ПФ» ЖШС және басқалары бар.
– Сіздің ойыңызша аграрлы саланы қалай дамытқан дұрыс? Жалпы, студенттердің қызығушылығы қалай?
– Қазақстанда ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор. Игерілген егіс алқабымен қатар табиғи жайылымдар да бар, экспортқа өнім шығаруға да мүмкіндіктер мол. Біз осыны білім алушыларға жиі айтамыз. Студенттер аграрлы салаға қызығады. Дегенмен, әлі де айрықша серпін керек.
Жастарға теориялық білімінен гөрі өндірістік-тәжірибе көбірек қажет. Студенттер әр нәрсені көзімен көріп, қолымен ұстап, өз мамандығын жетік игерсе деген мақсатпен өндіріске жолдаймыз. Ертең өндіріске барғанда жұмыс істеп кететіндей, дайын маман болып шығуы керек. Студенттердің бітіріп шыққан соң ауылға барып, аграрлық іспен айналысатынына немесе осы саладағы ғылыммен айналысатынына көз жеткен соң, білім беру процесін де соған қарай бейімдеу керек деп ойлаймын. Студенттерді қабылдаған кезде көбінесе ауылдан шыққан балаларды қабылдауға тырысқан жөн сияқты. Ауылдық квотаны көбірек бөлген дұрыс.
– Колледжде оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби дамуына жағдай жасалған ба?
– Осы бағытта Ресей, Татарстан, Беларусь колледждерімен, сондай-ақ, аграрлық бағыты бар Қазақстанның басқа облыстарының колледждерімен меморандумдар жасалды.
2022-2023 оқу жылында біздің педагогтер республикалық кәсіби шеберлік конкурсының облыстық кезеңдерінде колледжді лайықты таныстырды. Оқытушылар Е.Чистова «Кондитерлік іс», А.Чернова «Аспаздық», Б.Байсары «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігінде шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Бұл жетістіктер педагогикалық құрамның жоғары дайындық деңгейін білдіреді. Республикалық кәсіби шеберлік байқауында бұл педагогтер көшбасшылығын растады. Оқытушыларымыздың жетістіктері студенттер үшін тамаша үлгі.
Соңғы үш жылда WorldSkills чемпионаттарының өңірлік және республикалық кезеңдерінде жүлделі орындарға ие болдық. 2021-2022 жылдары 5 жүлделі орын, 2022-2023 оқу жылында 4 жүлделі орын, ал 2023-2024 оқу жылында 4 жүлделі орын иелендік. Жетістіктер – жас ұрпақты табысты мансапқа дайындауға көмектесетін студенттер мен тәлімгерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі.
– Колледж студенттерінде бос уақыт бар ма? Оны қалай өткізеді?
– Колледж студенттері жыл сайын спорттық жарыстарға, колледжде өткізілетін Денсаулық күндеріне қатысады. Президенттік тест тапсырады. Мұғалімдер үшін қызықты спорттық іс-шаралар мен конкурстар ұйымдастырып қана қоймай, еріктілер акциялары мен челлендждеріне қатысу арқылы саламатты өмір салтын белсенді түрде насихаттайды.
Тоғызқұмалақ, бес асық, асық ату және арқан тарту сияқты ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөледі. Бұл мәдени мұраны сақтауға және насихаттауға ықпал етеді. Оқытушылардың қолдауы мен кәсібилігінің арқасында колледж студенттері түрлі жарыстарда жүлделі орындарға, грамоталар мен кубоктарға ие болды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер колледж мұрағатынан