Бас тақырып

Еңбек миграциясы өңір дамуының тетігі ме?

Шетелдік маман – қазақ жеріне қонақ па, әлде құтқарушы ма? Егер бөгенайы бөлек жұрттан келген жанға есікті кеңірек ашсақ, не болады? Сұрақ, сұрақ, сұрақ. Жұмыс үстеліміздегі мұндай сауалдар мак картадағы метафоралық суретті көз алдына әкелетіндей. Онда сөзімізді басынан сабақтайық.

Жеті жиһан жаһандануы мен экономика екпінінің жедел түрленуі жағдайында республика білікті кадрлардың арагідік тапшылығына тап болары задындағы заңдылық болары боямасыз шындық. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз өкілдерінің алға тартқан мағлұматына иек артсақ, алдағы үш-бес жыл мұғдарында елге өнеркәсіп, құрылыс және IT секілді салаларда шамамен 3 миллион маман қажет болады. Тап бермедегі көксоқта тапшылық өңірлерде, соның ішінде Орталық Қазақстанда айқынырақ бағамдалады. Мәселен, өнеркәсіп секторы механиктерге, газ өткізу мамандары мен энергетикалық жабдық операторларына зәрулік аңдалады. Сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстан Үкіметі шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктерін жеңілдету жөніндегі бастамаларды әсте-әсте іске асырып келеді.

Айлар айға алмасып, жылдар жылға жалғасты. Атамекендегі ахуал тұрақты өсім үстінде. Еңбек нарығындағы құрылымдық мәселелер былтырғы жылдың бірінші жартысында жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрағандығын көлденең тартады. Салыстырмалы түрде көрсеткіш төмен болғанымен, білікті мамандардың құрылымдық тапшылығын бүркемелейтінін елемесек, болмас-ты. Облыста да жағдай ұқсас. Былтырдың үшінші тоқсанында жұмыссыздық 4% деңгейінде тіркелді. Өңір пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеу секілді негізгі салаларда кадр тапшылығына тап келіп тұрады. Логистикалық кедергілер, инвестиция иірімі мен жастардың ірі қалаларға көшуі жағдайға ыждаһат пен ықтият сұрайды.

Тапшылық жаман үрдіс емес болар. Мейлі, тапшылық таптауырын реңкке бой алдырса, жұмыс берушілер арасында бәсеке күшейіп, жалақыны арттыруға және еңбек жағдайын жақсартуға сеп емес пе еді?! Есесіне ішкі еңбек ресурс­тары шектеулі екендігі естен шықпай тұр. Қайта даярлау бағдарламалары белгілі бір нәтижелер сыйлағанымен, барлық қажеттілікті толық өтейді деу бекершілік. Тұйық жағдайда қараңғыдан көз тауып, қапілеттен сөз тапқан болғанда білікті шетелдік мамандар тапшылықты толтырудың бір жолы ретінде қарастырылады.

2025-2026 жылдары ресми билік еңбек миграциясын ретті қалыпқа көшіруге бағытталған бірқатар реформаларды енгізді. Жұмысқа рұқсат беру қағидалары өзгерді. Бұдан былай жұмыс беруші өтінім бермес бұрын ішкі еңбек нарығына талдау жүргізуге міндетті. Өтінім беру үдерісі де онлайн форматқа көшіріліп, бюрократиялық рәсімдер жеңілдетілді. Сонымен қатар, Парламент құрылыс пен ауыл шаруашылығы сияқты кадр тапшылығы байқалатын салаларда квотаны ұлғайту және оны алу тәртібін оңайлату жөнінде бірқатар ұсыныстар білдірді. Бұрынырақ жұмысшыларға арналған квота 14 800-ден 16 500 орынға дейін ұлғайтылса, биылға квота елдегі жалпы жұмыс күшінің 0,25%-ы көлемінде белгіленіп, шамамен 22-25 мың адамды құрайды. 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы өзара ашықтыққа, азаматтардың мүддесіне және мигранттарды тек нақты кадр тапшылығы бар салаларға тартуға басымдық береді. Мұнда еңбек шарттарын тіркеу, дипломдарды верификациялау және білікті мамандарды таңдау терең мәнге ие.

Өндіріс пен кен өндіру орталығы саналатын өңір көршілес елдерден инженерлер мен техниктерді тарта отырып, моноқалалардың әрі қарайғы дамуын қолдай алады. Шетелдік мамандарға жол ашу бірқатар артықшылық та береді. Біріншіден, бос жұмыс орындары тікелей толтырылады. Былтыр шетелдік жұмыс күші саны 14 мың адамға жетіп, олардың басым бөлігі құрылыс (4 949) және ауыл шаруашылығы (2 930) салаларында еңбек етті. Жалпы алғанда, 2023 жылы шетелдік жұмысшылар саны 2022 жылмен салыстырғанда 47%-ға өсіп, экономикалық өсімге оң әсерін тигізген.

Ел көлемінде өнеркәсіптің жедел дамуы, шетелдік мамандар жаңа технологиялар мен дағдыларды енгізуі ең алдымен еңбек өнімділігін аршындатып арттырады. Орталық Азияда еңбек миграциясы қабылдаушы елдер үшін де (кадр тапшылығын жабу), жіберуші елдер үшін де (ақша аударымдары) тиімді. Экономикалық әсері ЖІӨ-нің өсуінен көрінеді.

Белгілі болғандай, көмір мен металл өндіруге тәуменді аймақ білікті мигранттар есебінен өндіріс көлемін адымдатып арттырып, жаңа жұмыс орындарын құра алады. 2023-2024 жылдары өңірлік өсім қарқыны орташа көрсеткіштен 17%-ға жоғары болды. Демек, жергілікті экономика жанданып, тұрғын үй, қызмет көрсету және сауда салаларында мультипликативті әсер берері және жасырын емес. Шетелдік мамандармен бәсеке жергілікті жұмысшыларды біліктілігін арттыруға одан әрі ынталандырып, ұзақ мерзімді кадр тапшылығын кеміте түседі. Әрнеде әрқандай тәуекел тұрмақ. Бейресми жұмыспен қамтудың өсуі, төмен білікті жергілікті тұрғындардың жалақысының қысқаруына оралсақ, 2030 жылға дейінгі тың тұжырымдама бірқатар осы рәуішті мәселелерді ескеріп, ішкі еңбек нарығын қорғау мен мигранттарды интеграциялауға оң ықпал етеді.

Шетелдік жұмыс күшін тартуды жеңілдету жөніндегі байыпты бастамалар егемен елдегі кадрлық дағдарысқа уақытылы жауап. Ашықтық пен жергілікті мүдделерді қорғау арасындағы тепе-теңдік сақталса, өңір толтырылған жұмыс орындарына, бәсекеге қабілеттілікке және тұрақты дамуға қол жеткізеді. Ақырында, ашық еңбек нарығы – жаһандану дәуіріндегі өркендеудің алтын кілті болып сомдалмақ. Сондықтан, туған жеріңізде жеті атасы баспаған жерге келген бөгде біреуді көрген болсаңыз, мигрант болмағы кәдік екендігін есіңізге бір мәрте түсіріп қойған боларсыз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button