Жаңалықтар

Еңбек майталманы

Даңғайыр комбайншы Шарлис МҰСАТАЕВ сексеннің сеңгіріне шыққанша есік пен төрдей темір тұлпарын тізгіндеп келді. Бірнеше жыл бұрын, алтынмен көмкерілген егінді еселей орып, қамбаға бес жүз тонна астық құйған еңбек адамы бүгінде құрметті еңбек демалысында.

Ерен еңбегі неше мәрте еленіп, кеудесі орден мен медальға толы ардагердің жеткен жетістігі қаншалықты биік болса да, болмысы сондай қарапайым. Еңбекпен ерте есейген Шарлис ақсақал соғыста қаза тапқан әкесі жаққан отты сөндірмеді. Тың игеру науқаны басталысымен, 1954 жылы Бүркіттідегі (ол уақыттағы Қырғызия) тракторшыларды даярлайтын бір жылдық курсты бітіріп шығады. Іле, Жәнібек бөлімшесіне жұмысқа жіберіліп, «ДТ-54» тракторына отырады. Содан 80 жастан асқанға дейін еңбектен қол үзбеді. Еңбек майданында тынбай тер төгіп, даңғайыр комбайншы атанып, үздік еңбекшілер санатында болады. 1978 жылы ҚазССР ауыл шаруашылығының ерен еңбеккері атанады. 1979 жылы Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі негізінде судай жаңа «Москвич» автокөлігін мінеді. Ал, 1981 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалін алды. 2008 жылы кеудесіне «Құрмет» ордені тағылды. Шәкен ағамыз тың көтеру науқанының алғашқы қарлығашы да, сол науқанға араласқан буынның соңғы тұяғы. Себебі, тың көтеруге атсалысқан, сол бір айтулы науқанның бел ортасында жүрген ардагерлердің қатары қазір сиреген. Шәкен ағамыз тың көтерудің ащысы мен тұщысын қатар бөліскен қатарластарын еш уақытта ұмытпайды. М.Баймұқашев, Ж.Байшағыров, Ж.Омаров, Ж.Дәулетбаев, Т.Каримов, Е.Шнайдер, Н.Зважий, Н.Коломеец, В.Фрековцан және тағы да басқалардың есімін қашанда құрметпен атайды.

– Ол кезде Бүркіттіге қарасты бес бөлімшеде науқанды жұмыстар бірінен соң бірі жалғасып жататын. Совхозда 100-ден артық көлік болды. 35 К-700 тракторы, 40-тан астам комбайн жұмыс жасады. Соның өзінде техника жетіспейтін. Қазір ойлап отырсам, нағыз еңбек майданы деген сол екен ғой, – деп сағынышпен еске алады.

Ол кезде бір ғана Бүркіттіде 23 мың гектар жерге егін егілетін. Одан бөлек мал да өсірілді. Шәкен аға егін орағы кезінде комбайнға отырса, былайғы уақытта автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. 1984 жылы гараж меңгерушісі болып тағайындалған. Еңбекпен шыңдалып, еңбекпен түлеген Шарлис Мұсатаев өмірдің небір қиындығына шыдас беріп, уақыттың зілмауыр салмағын да көтере білген жан. Ауылдастары ортасында абыройлы еңбеккердің маңдай тер, адал еңбегі уақыт өткен сайын жаңғыра бермек.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button