Жаңалықтар

Еңбек еткен – мұратқа жеткен

Биыл облыстың әлеуметтік аз қамтылғандар санатына жататын 178 тұрғыны грант иегері атанды. Олардың әрқайсы 400 АЕК, яғни, 1 476 800 теңгеге қол жеткізді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, гранттарды қаржыландыру мақсатында 262,87 млн теңге бөлінген.

Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Оның ішінде, көпбалалы отбасылар санатындағылар басым, оларға 106 грант. Мүгедектігі бар адамдар санатындағы – 44, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған – 18, асыраушысынан айырылған санатындағылар үшін 6 грант және атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатарынан 4 грант иегері анықталды.

Қарағанды қаласының тұрғыны Самал Оспанова ұтып алған грант қаражатына дұрыс тамақтану десерттерін жасауды қолға алған. Самал Қанатқызының айтуынша, дұрыс тамақтану бағыты сұранысқа ие әрі біздің өңірде жаңадан қалыптасып келе жатыр екен.

– Бес балам бар, сол бала күтімімен үйде отырғанда қолға алдым. Әуеліде өз отбасым үшін жасап жүрдім, себебі отбасымда бәрі тәттіні жақсы көреді. Бірақ, әдеттегі тәттілердің зиянды екенін білеміз. Менің ұсынатын өнімдерім қантсыз, глютенсіз және трансмайлар қосылмайды. Қант диабетімен ауыратындар, артық салмағы бар адамдар, жалпы, өз денсаулығын күтетін адамдар алады. Шеберлік сабақтарын да өткіземін, – дейді ол.

Самал Оспанованың айтуынша, өнімдерінің шикізатын арнайы сайттардан тапсырыс беріп алдыртады. Себебі, Қарағандыдан табу оңай емес, тапқан күннің өзінде қымбат екен.

– Грант қаражатының қалай жұмсалғаны туралы тоқсан сайын есеп береміз. Мен витриналар, мұздатқыш, миксер, блендер секілді құралдар алдым, – дейді Самал Оспанова.

Гүлдана Жаңағұлова кәсібін Саран қаласында ашқан. Ол сабын өндіру ісімен айналысуда.

– Маусым айында грант алған бетте ісімізді бастап кеттік, – дейді Гүлдана Абайқызы. – Ғимаратты жалға алып, сабын шығару цехын аштық. Алған негізгі құралымыз – станок пен оның қосалқы құралдары. Алматыдан алдырдық, шикізаттарын да сол жақтан алдыртамыз.

Оның айтуынша, шығарып жатқан сабыны толығымен табиғи өнім.

– Біз кәдімгі тоқ ішекті қолданып, таза өнім шығарамыз. Осы істі бастарда зерттеп қарасам, сабынды шошқаның да, иттің де майын қосып жасай береді екен. Бұл сабынды әуелі өз отбасым, балаларым қолданады. Сондықтан, оның таза, адал болуы біз үшін маңызды. Бұдан бөлек, сұйық сабын, ыдыс жуатын құралдар да шығарамыз, бірақ, негізгі өніміміз – кір сабын. Басында жолдасым екеуміз облыстың барлық аудан, қалаларын аралап, өнімімізді таныстырып шықтық. Қазір алушыларымыз бар. Такси, пойызбен жөнелте береміз, – дейді ол.

Басқармада мәлімдегендей, гранттар жиһаз, кондитерлік цехын ашуға, этникалық үлгідегі, сыртқы және балалар киімдерін тігуге, массаж кабинетін, сұлулық салонын кеңейтуге, эстетикалық косметологияға, шығармашылық орындарын, тез тамақтану дүңгіршектерге, қымыз үшін жабдықтар сатып алуға, наубайхана, шұжық цехы, кофе аппараты, анимациялық сервис, оттегі борокамерасы, монша, автокөлік бөлшектері дүкенінің металл конструкцияларын өндіру, аяқ киімді жөндеу және кілттер жасау сынды көптеген бағыттар бойынша жасалған жобаларға беріледі.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button