Аймақ

«Алтын жас» жобасы – еңбек етемін деген зейнеткерге екінші тыныс

Қашанда еңбекке жарамдылықтың өлшемі жаспен емес, тәжірибемен, жауапкершілікпен және ниетпен бағаланбақ. Уақыт озған сайын бұл ұстанымның мәні де тереңдей түсуде. Қазіргі қоғамға өмірдің талай өткелектерінен өткен, еңбекке қауқары бар байыпты жандар да қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі өз Жолдауларында аға буынның әлеуетін тиімді пайдалану, тәжірибені тасада қалдырмау әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты екенін жиі атап өтіп келеді. Еңбекке қабілеті бар жанды жасына қарап шеттетпей, керісінше толымды тәжірибесін кәдеге жарата білген орта ғана өркениеттің өріне шығады. Ал, мұндай бастамалар әлеуметтік қолдаудың пәрменді тетігі болумен қатар, кадр тапшылығы сезіліп отырған салалар үшін де уақыт талабынан туған ұтымды шешімге ұласпақ.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жұмыспен қамтитын жоба

Бүгінде зейнет жасындағы және зейнет жасына жақындап қалған азаматтарды жұмыспен қамту екі негізгі жоба арқылы жүзеге асырылып отыр. Оның бірі – 50 жастан асқан азаматтарға арналған «Күміс жас» бағдарламасы болса, екіншісі – зейнеткерлерге бағытталған «Алтын жас» жобасы. Бұл бастамалар еңбек етуге қауқары бар азаматтарды еңбек нарығынан тыс қалдырмай, олардың әлеуетін қайта іске қосуға мүмкіндік беріп отыр.

– «Күміс жас» бағдарламасы арқылы соңғы төрт жылда 4 725 адам еңбекке тартылды. Жоба үш жылға есептелген. Алғашқы жылы жұмыс берушіге қызметкер жалақысының 70 пайызына дейін, екінші жылы – 65 пайызы, үшінші жылы 60 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Бағдарлама мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші қызметкерді зейнет жасына дейін тұрақты жұмысқа қабылдауға міндетті. Ал, 2024 жылдан бері жүзеге асырыла бастаған «Алтын жас» жобасы зейнетке шыққан азаматтардың да жұмыстан шет қалмауына жол ашты. Қазіргі таңда бұл жоба аясында 470-тен астам адам жұмыс істеп жүр. Биыл өңірде тағы 600 зейнеткерді жұмыспен қамту жоспарланған. Жоба екі жылға арналған, бұл кезеңде белгіленген жалақының 50 пайызы, бірақ, ең төменгі жалақыдан аспайтын мөлшерде, мемлекеттік субсидия есебінен өтеледі, – деді «Еңбек» мобильді орталығы директорының орынбасары Дәурен Қошқаралиев.

Мансап орталығының мәліметінше, аталған жобаларға қатысуға ниетті азаматтар да, оларды жұмысқа алуға дайын жұмыс берушілер де аз емес. Себебі еңбек нарығында тәжірибелі мұғалімдерге, медицина қызметкерлеріне, өндіріс пен қызмет көрсету саласындағы білікті жұмысшы мамандарға сұраныс әлі де жоғары.

Талап – тәжірибе

Әлбетте, аталған жобалардың өміршеңдігі тәжірибелі мамандардың еселі еңбегімен өлшенеді. Мәселен, «Happy kids» қосымша білім беру орталығында «Алтын жас» жобасы бойынша білім беретін білікті ұстаз Хадиша Жақаева зейнетке шыққан соң да еңбектен қол үзбеген.

– Зейнетке шыққан соң бірден құр қол қусырып отырғанды жөн көрмедім. Өзімді әлі де қоғамға қажет сезінемін. Ұзақ жылдар мектепте жұмыс істеген соң, балалармен тіл табысу мен үшін қиын емес. Керісінше, кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс істеу арқылы көңілім жайланады, – дейді ол.

Денсаулық сақтау саласында да ұзақ жылғы тәжірибе – талаптан тысқары емесі кәдік. Мұны 2019 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан «MEDITSINA ORTALYGY SAT» клиникалық орталығының күнделікті жұмысынан аңғара аламыз. Аптаның барлық күнінде тоқтаусыз қызмет көрсететін медициналық мекемеде ем алушылар легі бір сәтке де толастаған емес.

Мұнда бүгінде 10 қызметкер еңбек етеді, солардың бірі – зейнет жасындағы мейірбике Нұрбибі Кенжебаева.

Орталықта бос орын пайда болғанда, басшылық «Мансап» орталығына жүгініп, «Алтын жас» жобасы арқылы тәжірибелі маманды жұмысқа қабылдаған. Былтыр сәуір айынан бері осы орталықта қызмет етіп келе жатқан Нұрбибі Кенжебаева ұжымға тез сіңісіп, ем алушылардың да сеніміне ие болған.

– Былтыр зейнет жасына жеттім. Оған дейін қалалық №4 емханада эндоскопия кабинетінде жұмыс істедім. Мамандығыммен тығыз байланысты болғандықтан, бұл жердегі жұмыс маған қиындық тудырмады. Үйде құр отырмайын, бала-шағама да сеп болайын деген оймен жұмыс іздедім. Осы орталыққа орналасқаныма ризамын, – дейді ол.

Зейнет жасына таяған, бірақ еңбекке қабілеті мен кәсіби әлеуеті әлі де жоғары азаматтарға сұраныс әсіресе өндіріс саласында айқын сезіледі. Мұны Қарағанды облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Қарағандыэнергоремонт» ЖШС тәжірибесі анық көрсетіп отыр.

1965 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында бүгінде 200-ден астам адам еңбек етеді. Соның ішінде 21 қызметкер «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналасқан. Бұл – ұжымның шамамен 10 пайызы. Кәсіпорын көпсалалы болғандықтан, мұнда дәнекерлеуші, токарь, станок операторы, оқшаулаушы, экономист, ағаш шебері секілді түрлі мамандық иелеріне тұрақты түрде сұраныс бар.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, «Күміс жас» жобасы кадр тапшылығы мәселесін шешуге едәуір ықпал етіп отыр.

– Бұл бағдарлама аясында жұмысқа қабылданғандар – өмірдің түрлі жағдайына байланысты уақытша жұмыссыз қалған, бірақ, кәсіби тұрғыда толық толысқан кәнігі мамандар. Жұмысқа келген алғашқы күннен-ақ бірден іске кірісіп кетеді. Мұндай кадрлар өндіріс үшін өте маңызды, – дейді кәсіпорынның даму жөніндегі директоры Сергей Глухов.

Оның айтуынша, кәсіпорын тек «Күміс жас» емес, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары секілді өзге де мемлекеттік бағдарламалармен тығыз жұмыс істейді. Ал, мемлекеттік субсидиялау тетігі жұмыс берушіге түсетін қаржылық жүктемені азайтып, тұрақты жұмыс орындарын сақтауға жол ашады.

Өндірістегі бұл үрдісті кәсіпорында төртінші жыл еңбек етіп жүрген бесінші разрядты токарь Вячеслав Калининнің тағдыры да дәлелдейді. Пандемия кезінде жұмыссыз қалған ол Мансап орталығы арқылы «Күміс жас» жобасы туралы біліп, осы кәсіпорынға жолдама алған. Қазір Вячеслав Калинин салмағы бірнеше тонна тартатын күрделі өндірістік бөлшектерді дайындаумен айналысады. 59 жастағы маман алдағы уақытта да осы кәсіпорында қалып, еңбегін еселеуді жоспарлап отыр.

Қоғамның кемелдігі аға буынға деген көзқарасынан аңғарылады. Еңбектің парқын білетін, өмір мектебінен мүдірмей өткен жандарды шет қалдырмай, тәжірибесін ел игілігіне жарату – уақыт талабы. Тәжірибелі жандарды бағалаған жерде тұрақтылық орнығады, ал, тұрақтылық бар ортада даму да жүйелі болмақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button