Балқаш қаласында тыл және еңбек ардагері Мұқажан Есенбековтің туғанына 100 жыл толуына орай ардагердің тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды.
Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Ізбасар Шәкенов қала тарихы үшін маңызды оқиға екенін атап өтіп, еңбек ардагерінің есімін ұрпақтар жадында қалдыру қажеттігін айтты. Ол Мұқажан Есенбековтің саналы ғұмырын Отан мен халыққа арнап, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек етіп, елге азықтүлік пен мал өнімдерін өндіруге зор үлес қосқанын еске салды.
Ескерткіш тақта ашылған салтанатта Мұқажан Есенбековтің шәкірті Қуандық Бейсембаев оның адал еңбегі мен ұлағатты өмірін еске алып, ықыласпен сөз сөйледі. Ақын Қуаныш Мақсұтов та өзінің естеліктерімен бөлісіп, Мұқажан әкенің туған ел мен жер үшін сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Мұқажан Есенбековтің баласы, Мәдениет қайраткері Ғабиден Есенбеков әкесінің өмір жолына тоқталды. 1925 жылы Ақтоғай ауданында дүниеге келіп, Қаратал совхозы, Шабанбай би ауылында соғыс кезінде тылда еңбек етіп, қой бағып, егін өсірген. 1946 жылы Сталиннің қолынан «Еңбектегі ерлігі» медалін алған ол 1952 жылы Теміртауда жұмыс істеп, 1956 жылы Балқаш қаласындағы түрлі-түсті металдар зауытына қабылданған. Мұқажан Есенбеков осы зауытта 50 жыл бойы еңбек етті.
Ол соғыс жылдары тылда еңбек етіп, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мұқажан ақсақал сондай-ақ ұрпағын адалдыққа, еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке тәрбиелеген ұлағатты әке және ата болды. Оның ұлдары мен немерелері ел дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ