Жаңалықтар

Еңбек елеусіз қалмайды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асқан кемел істердің көші тағы бір игі іспен толықты. Күні кеше Осакаров ауданындағы орталық көшелердің бірі – Мостовая көшесіне Социалистік Еңбек Ері Хайрулла Байғабыловтың есімі берілді.

Әңгімені әріден қозғап, Еңбек Ерінің өмір жолына көз жүгіртіп өтсек…

Хайрулла Байғабылов – 1912 жылы 14 шілдеде Петропавл уезі, Ақмола губерниясы, Жамантұз болысының №2 ауылында өмірге келген. 1931 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласының жер құрылысы техникумын аяқтаған. 1962 жылы Алматы ауыл шаруашылық институтында білім алып, агроном біліктілігі бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын 1931 жылы орталық-жер құрылысы және мелиорация саласында жер құрылысшы болып бастаған. 1934 жылдың мамыр айында Солтүстік Қазақстан облысының Майбалық машинатрактор жөндеу станциясында бас агроном, 1936 жылы Қарағанды қаласына қоныс аударып, жер бөлімінде агроном-экономист қызметін жауапкершілікпен істейді. 1941 жылы Қарағанды облысы Шет ауданының АқсуАюлы кентіндегі машина-трактор жөндеу станциясына бас агроном болып ауыстырылады. Осы жылы Жаңаарқа ауданы, Атасу МТС-ына директор қызметіне тағайындалады. 1945 жылы Осакаров ауданы, Ақтас МТС-на директорлық қызметіне ауысады. 1958 жылы Қарағанды қаласы совхоздарының трест директорына тағайындалады. 1959-1962 жылдар аралығында Қарағанды қаласының ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болып, 1962 жылы облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындайтын өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметіне кіріседі. 1965-1967 жылдары Қарағанды облысы, Шет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы, 1967-1972 жылдары – облыстық ауыл шаруашылық тұқым өндіру басқармасының бас агрономы, 1972-1975 жылдары Қарағанды механикаландырылған орман шаруашылығы мекемесінде директор болып жұмыс атқарады. 1975 жылдан 1992 жылға дейінгі аралықта Қарағанды қаласының мемлекеттік сақтандыру мекемесінде инспектор қызметінде болады. Еңбек жолында Хайролла Байғабылов жұмысты ұйымдастырудың озық тәжірибесін қолданып, еңбекшілерді жоғары нәтижеге жетуге жігерлендіре білді. 1943 жылы Атасу кентіндегі Жаңаарқа МТС-ін Кондратьевқа ауыстыру жайлы жоғарғы жақтан шешім қабылданған кезде, Х.Байғабылов «Жаңаарқа МТС-ін Осакаров ауданына ауыстыру керек» деген ұсыныс білдіреді. МТС қамтитын колхоздар игерілген 60 мың гектар алқаптан Отан қоймасына 3 млн. пұт астық жөнелтуге қол жеткізді.

 Осыған орай 1957 жылы Х.Байғабылов Социалистік Еңбек Ері атанды. Осы жылы «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен наградталды. 1965 жылы Қайрақты сайлау округінен еңбекшілер депутаттарының Қарағанды облыстық Советіне депутат болып сайланды.

1985 жылы СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша «1941- 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығы» мерекелік медалімен наградталды. 1995 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығы» мерекелік медалі және 2004 жылы «Тың ға – 50 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Бұл – кейіпкердің қысқаша ғұмырнамасы ғана. Ал, қызы Роза Хайруллақызының әкесіне деген сағыныш салмағын мына сөзі баян етіп тұр:

 – Әкем отбасында «асқар тау» деген сөзге лайық бола білді. Қажырлы, қайсар жан болды. Бізді еңбекке тәрбиелеп, ақылын айтып отырды. Бақты. Қақты. Елін сүюге, жерін сүюге тәрбиеледі. Міне, сол әкеміздің тәрбиесімен бала-шаға тәрбиелеп отырмыз. Бүгінгі күн – біз үшін ерекше. Әкеміздің есімі жаңғырып, аудан орталығынан көше аты беріліп отыр. Кеудемді үлкен мақтаныш кернеп барады. Үйдегі немерелеріме әкемнің өмір жолын айтып отырамын. Нағыз еңбектің арқасында есімі мәңгі жасамақ. Осакаров аудан әкімдігіне алғысымды білдіремін. Қолдау көрсетіп отырған аудан жұртшылығына да рахметімді айтамын, – деді ағынан жарылып.

Салтанатты рәсім Ауданның дамуына үлес қосқандар алаңындағы Хайрулла Байғабыловтың ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздік жариялаудан басталды. Шараға аудандағы қадірлі ақсақалдар, ауданның Құрметті азаматтары мен Еңбек Ерінің ұрпақтары қатысты. Алғысөзді Осакаров ауданы әкімінің орынбасары Алма Шалабаева алып, шараның түп маңызы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында екенін айтып өтті.

Замандастары да сөз алып, естеліктер айтылды. Ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Еркінбай Теміров өнегелі істің өмірлі болатынын айтты.

– Ауданымызда көптеген іс-шаралар жүргізіліп жатады. Соның бірі де, бірегейі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес, ауданға еңбегі сіңген ерлерді ұлықтау, яғни, көшеге Хайрулла Байғабыловтың атын беру. Хайрекеңмен 70-80 жылдары бірге қызмет атқардық. Ол кісінің білікті, білімді екенін сол кезде аңғарғанмын. Аға тұтып, құрметтедік. Хайрекеңнің Социалистік Еңбек Ері атануы бір төбе, ауданымыздан көше атын беру – ол үлкен мәртебе. Аудан халқы қостады. Ұрпақтары сіздер түрткі болдыңыздар. Құтты болсын! – деді.

Шараның ашылуынан соң, «Таверна» мейрамханасында ас берілді. Құран оқылды. Естеліктер айтылды. Осылайша, Хайрулла Байғабыловтың есімі ел жадынан өшпек емес. Себебі, артында ұлағат көрген ұрпағы, есімін қадір тұтатын қалың қауымы бар.

Сөз реті келгенде, Хайрулла Байғабылов атындағы көшеде 30 үй, 58 пәтер және 264 адам тұратынын айта кеткен жөн. Көше ұзындығы – 1000 метр. Оның бойында «Айболит», «Мастер», «Золотой Дракон» кеңсе заттары дүкендері, Автокөлік жуу орталығы және «Биосфера» дәріханасы орналасқан. Көше жарықтандырылған, су тартылған.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button