Руханият

Еңбек даңқымен еңселенген қала

Заман өзгеріп, заң құбылып жатқан мына қоғамда адамзат құндылықтары да түлеп, ескілері көнеріп, жаңалары көш бастап бара жатқаны анық. Дегенмен, басты құндылық – адал еңбектің маңызы мен мазмұны өзгермеуге тиіс. Онсыз өмірдің мәні, тұрмыстың сәні кетері хақ. Тоқсан жылдық торқалы тойында қазыналы Қарағандының атын шығарып, өшпес даңққа бөлеген ер Шахтердің ерен еңбегі екендігі даусыз. Ендеше мереке салтанаты үстінде осынау жылдарда көмірден тау тұрғызған Қарағанды кеншілерінің еңбектегі ерліктерін еске алсақ.

Д.Қонаев Қарағандыға орден тапсырып тұр

Адамзат тарихында ғылым мен техника, өндіріс құралдары ұдайы дамып, жетілдіріліп келеді. Көмір өнеркәсібінде жеті қат жер астынан қазына байлықты өндіру қайламенен басталғаны анық. Қазақтың қабырғалы жазушысы, қазақ-кеңес журналистикасында өндірістік тақырыптың негізін қалаушы атақты Бейімбет Майлин өткен ғасырдың 30-жылдарында іргесі енді ғана көтеріліп келе жатқан Қарағандыға үш-төрт рет келіп, өзінің «Қызыл жалау» романына материал жинағаны, көмірлі қалада өндіріс озаттарымен кездесіп, екпінді изотовшы-стахановшы Мағауия Рақышев туралы «Мағауияның маңында» деген өшпес туындысын жазғаны бар. Сонда бір жиылыстың «баяндамашысы» болған Мағауияның Президиум үстеліне барғанда қолында қайласы жүргенін қызық қылып келтіреді: «Мынау не етпек болады? – деп жұрт таңырқап қалады. Бақсақ – сол жиналыстың «баяндамашысы» Мағауия екен. Изотов әдісінің артықшылығын көпшілікке түсіндірмек боп тұр екен. Сөзге шебер кісі емес қой, ауыздан гөрі қолы епті: қайланы ұстаған қолымен түрлі қозғалыс жасап, сол көптің ынтыққан керегін ұғындырып шығып еді. Сұлу сөздерден гөрі жұмысшыларға мұның «тілі» ұғымдырақ көрініп еді», – деп жазады Би-аға.

«Изотов әдісінің керек жері, міне, осы. Қайланы ұстап құр құлаштап сілтей берумен көмір артық шығарылмайды. Әңгіме қайланы қалай сілтеуде, көмірдің жігін таба білуде», – деп түсіндіреді келесі бір жазбасында жазушы («Қайла қайралды»).

Міне, мәселе қайда жатыр. Изотов әдісі деген де, кейін Стаханов қозғалысы деген де жұмыстың қыбын таба білуде еді. Би-ағаның кейіпкерлері Боранбай мен Мағауия, сол Изотов пен Стахановтар оқымаған адамдар болса да, көмірдің «жігі» барын білген. Ғалымдар кейін соны анықтап «кливаж» деп атаған. Талай мақала жазып, ғылыми атақ қорғаған. Ал, Бейімбеттей жазушының қаламына іліккен қарағандылық қарапайым шахтер Мағауия Рақышев 1935 жылы Одақтық ОАК Ұлттар Кеңесінің мүшесі болып сайланады. «Забойшы Мағауия – СССР­-дің өркендеген ұлы, үкімет қожасы» деп масаттана жазды қазақ жазушысы қуанышы қойнына сыймай. Мағауия забойшы 1956 жылға дейін бассейндегі ескі Киров атындағы шахтада еңбек еткен. 1967 жылы тағайындалған Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атағын алған тұңғыш қарапайым кенші.

Отызыншы жылдардың ортасында қайланың орнына ауа қысымымен істейтін шойбалға келді забойға. Қарағандыда электр станциясы іске қосылысымен біраз жұмыс электр тогының күшімен атқарылатын болып, жұмыс жеңілдей түсті. Дегенмен, қол еңбегінің үлесі әлі де көп еді. Үңгілеу машинасы деген өндіріске енгізіліп, ол кеулеп алған көмір қабатының үстінгі жағын науаға тиеушілер «навалоотбойшы» (құлатып, науаға тиеуші деген мағынада) деп аталатын болды. Кешегі малшы, жалшы болған қазақ шахтерлері донбастық шахтерлердің көмегімен техника тілін меңгеріп, өндірісте екпінді, жарыс­та озат бола бастады. Еңбектегі жетістіктері үшін навалоотбойшылар бригадирі І.Кішкентаев Ленин орденімен наградталды. Врубмашина машинисі Ә.Топаев донбастық шахтер Е.Боженокпен бірге Ауыр өнеркәсіп халық комиссары С.Орджоникидзенің қолынан бағалы сыйлыққа ие болды. 1937 жылы Түсіп Күзембаев шахта директоры болып тағайындалып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Осы жылдары қазақ жастарынан инженер-техник қызметкерлерін даярлауға да үлкен көңіл бөлінді. Қарағандыда тау-кен техникумы ашылып, жастар Ресей мен Украинаның ірі қалаларындағы жоғары техникалық оқу орындарына жіберілді. Мысалы, 1939 жылы Днепропетровск кен институтын бітірген Әбілқас Сағынов кейін үлкен ғалым болып шықты, Қарағанды политехникалық институтының ректоры болып істеп, академик, Социалистік Еңбек Ері атанды. Онымен бірге оқыған достары Жұма Серғазин бассейнде жемісті еңбек етіп, шахта директорына дейін көтерілді, ал Ғомар Құсжанов Қарағандыда тау-кен машиналарын жобалау институтының директоры болып істеп, өнімді кен техникасын жасап шығарғаны үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Мұндай мысалдарды сол кезеңнен бастап көптеп келтіруге болады.

Бірақ, біз әңгіме етіп отырған уақытта, яғни өткен ғасырдың 30-жылдарында Қарағанды көмір бассейнінде қазақ ұлты арасынан шыққан білікті инженер, немесе ірі ұйымдастырушы жоқтың қасы еді. Тіпті, мүлде жоқ деп есептеп келгенбіз. Жоқ, ондай бірен-саран азамат болған екен. Сталиндік қуғын-сүргіннің кесірінен кейбір арыстарымыздың аттарын атауға да қорқып келді ғой халқымыз. 2010 жылы осы Қарағандыда жарыққа шыққан «Академик А.С. Сагинов: Грани таланта» деген жинаққа жазған рецензиямда мен мынадай пікір келтірген екенмін.

«Кітапты құрастырушылар осы жерде Қаулыда көрсетілген Сұлтанбеков деген кісінің кім екенін анықтауға тырыспайды. «К сожалению, по данным Государственного архива Карагандинской области инициалы Султанбекова не указаны. При этом общеизвестно, что с созданием треста «Казахстройуголь» его управляющим был назначен один из организаторов угольной промышленности страны К.Горбачев. Можно предпологать, что Султанбеков временно исполнял обязанности начальника угольного треста «Карагандауголь», делінеді 86-шы сілтемеде (102-бет).

Көмір тресі басшысының орынбасары болған Жағыпар Сұлтанбеков сондай бір жорамал жасайтын белгісіз тұлға емес, ол туралы деректер, тіпті, өзіміздің Қарағанды облыстық мұрағатында бар екен. Сұратып алдық. Қостанай облысының тумасы Ж.Сұлтанбеков Қарағандыға партияның тапсырмасымен келгенге дейін республика жер халық комиссары болып істеген. Горбачевтің де, одан кейін Костенконың да оң қолы болады. 1935 жылы кезекті партиялық тазалау тұсында оның алашордашы, «қарусызданбаған сәдуақасовшы» екендігі «анықталып», партиядан шығарылады, жұмысынан қуылады… 1938 жылғы 16 ақпанда қазақтың бір топ беткеұстар азаматтарымен бірге Алматыда атылған. (А.Жанғожин, «Таланттың қырлары», Орталық Қазақстан, 4.09. 2010 ж.). Осы күнге дейін рецензияға бірде-бір пенде не дұрыс, не бұрыс деп пікір білдірген жоқ. Асыл азамат көмір тресі басшының орынбасары ретінде әлеуметтік мәселелерді шешуге бел шеше кірісіп, сол кездің өзінде мекемелерде қазақ тілін оқытуға, тау-кен техникумын ұйымдастыруға, қалалық партия комитетінің жиналыс, конференцияларында өзі бас болып баяндамаларды қазақ тілін аударуға атсалысқан. Қайраткер өмірінің Қарағандыдағы кезеңі тереңірек зерттеуді қажет етеді.

Т.Күзембаев

Сұрапыл соғыс жылдары Қарағанды шахтерлері жау қолында қалған Донбасты жоқтатпады. Уақыт талабына сай «Барлығы майдан үшін! Барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен жеңісті жақындатуға жанқиярлықпен үлес қосты. Ворошиловградтан көшірілген Пархоменко атындағы завод тез арада қатарға қосылды. Қарағандылықтардың жеңіс қорына жинаған қаржысынан танк колонналары, сүңгуір қайық, «Нұркен Әбдіров» ұшағы, санитарлық ұшақтар звеносы, торпеда катерлары, артиллерия батареялары жасақталды. Майданға кеткен шахтерлердің орнын жер астында әйелдер басуға тура келді. Солардың қатарынан ерен еңбегімен көзге түскен Ж.Мұқанова, К.Құлжанова, А.Жданова, М.Каримова, Л.Лукина, З.Раева, М.Смағұлова, Б.Ташкеева, М.Тұрлыбаевалардың есімдері тарихқа енді. Қарттар да қарап отыра алмады. 70 жасқа келген байырғы кенші Бекбосын Сиқымбаев қолына қайласын алып, шахтаға түсті. Міне, осындай жанкешті еңбектің арқасында Қарағанды бассейнінде көмір өндіру 1941 жылғы 7,2 млн. тоннадан 1945 жылы 11,3 млн. тоннаға жетті.

Соғыстың қызған шағында қарағандылық конструктор Семен Макаров ойлап шығарған кен комбайны ГКМ (горный комбайн Макарова) шахтердің ауыр жұмысын механикаландыруға мүмкіндік берді. Ол көмір шығару, қопару, қазу жұмыстарын бір өзі атқаратын тамаша құрал болып шықты. Комбайн жетілдіріле түсіп, кенші еңбегін онан сайын жеңілдете түсті. Семен Макаровтың бұл еңбегі КСРО Мемлекеттік сыйлығымен аталып өтіп, ол екі мәрте одақтық Кеңес депутаты болып сайланды.

Соғыс жылдары Қарағандыда ұйымдастырылған ақындар айтысының саяси маңызы зор болды дер едік. Көне өнерді жаңғырту халықтың рухын көтерді. Ақындар шахта, завод, аудан атынан шығатын болып, көбінесе сол ұжымдардың жетістіктерін көрсетіп, қарсыласының олқылықтарын сын тезіне салатын. Сөз өнері майталмандарының алғашқы сайысы қарағандылық ақындар Қайып Айнабеков (№18 шахта) пен Ілияс Манкин (№20 шахта) арасында өрбіді. Сөйтіп көмірлі қалада басталған ақындық өнер сайысы кейін облыстық, респуб­ликалық сипат алды.

Қарағандылықтардың соғыс жылдарындағы ерлікке бергісіз еңбегі ескерусіз қалмады. 1948 жылы тұңғыш рет Шахтер күні мерекесі атап өтілуіне байланысты қарағандылық 10 шахтер тұңғыш рет Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Олар жоғарыда аталған Т.Күзембаевпен қатар забойшылар Ж.Әбдірахманов, М.Айтқұлов, Б.Нұрмағамбетов, С.Шоманов, проходкашылар ­П.Акулов, Ғ.Халиуллин, сондай-ақ шахта бастығы Д.Обухов пен Қарағанды көмір комбинатының бастығы В.Шибаев еді.

Кен комбайнының өндіріске енгізілуі шахтер еңбегінің өнімділігін арттыра түсті. Қарағанды кеншілері кең адымды «Донбасс» комбайнымен 1957-1965 жылдары 5 әлемдік және 2 одақтық рекордқа қол жеткізді, сөйтіп өнімділік айына 28 мыңнан 58 мың тоннаға дейін артты. Проходкашылар да қалыспады, олар 6 бассейндік, 2 әлемдік рекордпен көзге түсті. Әсіресе, өз мамандарымыз жасап шығарған «Қарағанды-7/15» проходка комбайнымен Л.Дандзберг бригадасының 31 жұмыс күнінде 2523 метр желдеткіш штрегін қазуы мақтан тұтарлық көрсеткіш, әлемдік ең үздік нәтиже еді.

Мұнан кейін «аренаға» тар алымды комбайндардың шығуы көмір өндірісі тарихындағы жаңа кезең болып табылады. К-52-М, 2К-52, К-58 М, КШ-1КГ комбайндары мен қауіпсіздік дәрежесі арттырылған, забойдағы қалқанды тіреу негізіндегі КМ-130, ОКП-70, МК-75, «Пиома» комплекстері өнімділікті онан сайын арттырды. Бірнеше бассейндік рекордтан кейін 1973 жылы «Михайловка» шахтасында О.Ишхнели басқаратын учаске ұжымы 31 жұмыс күні ішінде қырға 177 мың тоннадан астам көмір шығарып, жаңа үздік одақтық рекорд жасады. Бір қызығы, осы рекордтық көрсеткіш өзімізде ұзақ уақыт өзгермей тұрды.

70-жылдардан бастап бассейн­де таңдаулы учаскелер арасында «бес жүз мыңшылар» жарысы, яғни жылына бір лавадан 500 мың тонна көмір өндіру жөніндегі жарыс басталып, ол қыза-қыза келіп «миллионерлер» жарысына, яғни, бір лавадан бір миллион тонна көмір өндіру жарысына жалғасты.

Бұл жарыстар Қарағанды кеншілері арасынан жаңа өндіріс озаттарының аттарын мәлім етті. Еңбек жеңістеріне қуатты техниканы тиімді пайдаланып, жұмыс­ты ұтымды ұйымдастыра білу жеткізетінін жарысқа қатысушылар жақсы білді. Инженерлік озық ой, жұмыс кестесін бұлжытпай орындау, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай білу қажет болды.

Бассейннің Қарағанды көмір қабаттары тобында (свита плас­тов) К-10 «Феликс» және К-12 «Жоғары Марианна» деген қалыңдығы 10 метрден асатын екі көмір қабаты бар. Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы шахтада Қасым Көрпебаев басқаратын учаске осы «Жоғары Марианна» қалың көмір қабатын екіге қақ жарып өндіретін. Бірақ, жаңадан тағайындалған директор біреулердің ұсынысымен теңгермешілік жасап, екі лаваны екі учаскеге бөледі. Жұмыс бірден ақсап сала береді. Қолданылатын технология бойынша үстіңгісі 30-40 метр алда жүруі тиіс. Үстіңгі лава алыстап кетсе көмірі алынған кеңістіктің құлаған жыныстарынан төменгіге қысым артады, жақындап кетсе бір-біріне жұмыс барысында кедергі келтіреді. Білікті инженер, тәжірибелі өндіріс командирі шахта директорынан осы екі лаваны да өзіне беруді талап етеді. Ақыры ол өзінің табандылығы мен қайсарлығы арқасында дегеніне жетті. Сөйтіп бассейндегі таңдаулылардың бірі атанып, сол жылы омырауына Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын тақты, деп баяндаппын осы газетке шыққан бір мақаламда (А.Жанғожин. «Қайсар кенші Қасым», 21.04.2001 жыл).

Осындай іскерлік көрсетуінің арқасында өткен ғасырдың 80-жылдары «Михайловка», Костенко атындағы, «Шахтинск» шахталарының А.Саламатин, В.Литвинов, Н.Гладких басқаратын учаскелері бірнеше жыл қатарынан миллионерлер атанды. Ал, 2022 жылы Шахтинск өңіріндегі «Тентек» шахтасында 31 жұмыс күні ішінде бассейннің таңдаулы ұжымдарынан құралған участок кеншілері 412 030 тонна нәтижемен тамаша рекорд жасап, айды аспанға бірақ шығарды. Мұндай нәтижелерге отандық қуатты комплекстер мен немістің жоғары өнімді «Айхгофф» комбайндарын пайдалану арқасында қол жетті. «Бұл биік рухтың, ерік-жігердің, қазақстандық патриотизмнің жарқын көрінісі» деген баға берілді. Ер шахтерлеріміз бассейннің бір мезгіл көмескіленіп қалғандай болған өр даңқын қайтарды, еңбек құдіретін баршаға тағы бір мәрте мойындатты», деп жазыппыз кезінде осы тамаша жетістік туралы.

1972 жылы көмір қазып шығарудың аса тиімді технологиясын әзірлеп, енгізгені үшін комбинат басшылары: директоры П.Трухин, бас инженері Ш.Тоқмағамбетов, техникалық басқармасының бастығы П.Матонин, Костенко атындағы, Ленин атындағы және Күзембаев атындағы шахта директорлары Н.Гульницкий, ­Н.Дрижд, Х.Хальфин, Қарағанды ғылыми-зерттеу көмір институтының директоры Ю.Худин және оның орынбасары М.Мұқышев бастаған ғалымдар мен инженерлер тобы (барлығы – 12 адам) КСРО-ның аса мәртебелі наградасы – Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Комбинат (кейін өндірістік бірлестік аталды) КСРО бойынша еңбек өнімділігі жөнінен ең жақсы көрсеткішке жетіп, 1976 жылы Октябрь революциясы орденіне ие болды. Бассейн өз тарихында ең жоғары нәтижеге – 50 миллион тоннаға 1988 жылы қол жеткізді.

«Тентек» шахтасындағы рекорд

Қарағандылықтардың сонау 30-жылдардан басталған қажырлы еңбегі, Ұлы Отан соғысы кезінде неміс-фашист басқыншыларын талқандауға қосқан үлесі сол кездегі одақтық үкімет тарапынан лайықты бағаланып, 1984 жылы шаһар туына Еңбек Қызыл Ту ордені қадалды.

1996 жылдан бері көмір бассейнінің шахталары «Испат Кармет» (кейін «АрселорМиттал Теміртау») компаниясына сенімді басқаруға берілді. Бастапқыда өздерінің инвестициялық міндеттемелеріне сай жұмыс істеген алпауыт кейінгі жылдары қауіпсіздік шараларына салғырт қарады. Соның кесірінен компанияға қарасты шахталарда бірнеше ірі аварияға жол берілді. Қарағанды бассейнінің шахталары метан газы бойынша жоғары санатты, ал көмір мен газдың кенеттен атылуы бойынша қауіпті болып табылады. Қауіпсіздік шараларына бұлай немқұрайды қарауға болмайды. Осыған байланысты, үкімет инвесторды ауыстыруға мәжбүр болды.

Сонымен қатар, өз тарапымыздан бассейнде қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми жұмыстардың ширатылмай отыр­ғанын айтуға болады. Мемлекеттен қолдау болмағандықтан 2002 жылы саладағы іргелі Қарағанды ғылыми-зерттеу көмір институты (КНИУИ) жұмысын доғарды. Басқа да ғылыми-зерттеу, жобалау­-конструкторлық мекемелердің халдері мүшкіл. Бұл бағытта бассейнде іргелі ғылыми жұмыстар атқарып келген бұрынғы Шығыс ҒЗИ, қазіргі Қазақтың тау-кен өнеркәсібінде жұмыс қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтына (директоры техника ғылымдарының докторы, профессор Б.Хамидолла) артылатын үміт зор.

Қарағанды қаласы мен Қарағанды көмір бассейні тағдырлас ұғымдар. «Қармет» компаниясы көмір өндіру көлемін 47 пайызға арттырып, жылына 9 млн. тоннаға жеткізуді, сөйтіп компанияның бұрынғы мәртебесін қайтаруды стратегиялық мақсат етіп қойып отыр. Ендеше Қарағанды мен оның қанаттас қалалары қамқорлықтан кенде қалмақ емес. Демек, кенші еңбегінің бұрынғы даңқын да көтеру қажет. Ер шахтерімен шаттанады шаһар халқы! Мерекең құтты болсын!

Аман ЖАНҒОЖИН,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button