Білім

Еңбек қауіпсіздігі – ұжым мәдениетінің айнасы

Білім беру ұйымында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек формалды талап емес, бұл – қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыс. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектордың қызметі осы жүйенің маңызды буыны болып табылады. Оның негізгі мақсаты – еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, жұмыс орындарындағы қауіп-қатерлердің алдын алу және кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау.

Сурет автордан

2 Оқушылар сарайы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл жұмыс кабинеттердің санитариялық жағдайын, жарықтандыру мен желдету жүйесін, электр жабдықтарының қауіпсіздігін, өртке қарсы құралдардың жарамдылығын тексеруді қамтиды. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтардың өзектілігі мен құжаттаманың дұрыс жүргізілуі де назарда болады.

Қызметкерлерге қауіпсіздік техникасы бойынша кіріспе, жұмыс орнындағы және жоспарлы нұсқамалар өткізу – еңбекті қорғау жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Әсіресе жаңадан қабылданған қызметкерлер үшін қауіпсіздік талаптарын түсіндіру – жазатайым оқиғалардың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Осы бағытта түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.

Кәсіподақ мүшелері тарапынан еңбек жағдайына қатысты туындаған сұрақтар мен ұсыныстар техникалық инспектор арқылы қаралып, заңнама аясында шешіледі. Қажет болған жағдайда әкімшілікпен бірлесіп жұмыс жүргізіледі. Бұл әлеуметтік әріптестік қағидаттарын нығайтып, ұжым ішіндегі өзара сенімді арттырады.

Еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру – тек бақылаумен шектелмейді. Ол – әр қызметкердің жеке жауапкершілігін арттыруды, қауіпсіздік талаптарын күнделікті қызметте сақтауды және қауіп-қатердің алдын алуға бейжай қарамауды талап етеді. Ұжымдық қауіпсіздік – әрқайсымыздың тәртіп пен талапты сақтауымызға тікелей байланысты.

Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету – сапалы білім берудің де кепілі. Себебі қауіпсіз ортада жұмыс істеген қызметкер өз міндетін сенімді әрі нәтижелі атқарады. Сондықтан еңбек қауіпсіздігі мәселесі әрдайым назарда болуы тиіс.

Қымбат ЕСМАҒАМБЕТОВА

2 Оқушылар сарайы еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторы 

Басқа материалдар

Back to top button