Жаңалықтар

Еңбек қатынастарының жаңа парадигмасы ІІІ

Бұл жазбада ғылым да бар, заң да бар, нақты тәжірибе де бар, керек десеңіз, қиял да бар. Зерделей алған адам өзіне керек көп идея табады. Бір жағынан, әлемдік шеңберде қарастырылған. Еңбек адамы, ауыл мен қала тұрғыны, жұмыс беруші мен мемлекеттік қызметкер де өзіне керегін табады, алады.

Сурет totalarch.com

Проактивті бол

Жапондық компаниялар өздеріне жақын жерде тұратындарды жұмысқа алады. Бұған Жапонияда қалыптасқан әулеттік жалдау жүйесін қосыңыз. Бұл елде барлық туысқандар бір компания­ның ішінде жұмыс істейді. Осы үрдіс қаншама буын бойынша үзілмейді. Ал, біздің жағдайда бұған керісінше, облысымыздағы жұмыскерлер ертелі-кеш ерсілі-қарсылы сабылумен болады. Жұмысқа тұрудың әулеттік түгілі, отбасылық жүйесі біз үшін коррупциялық нышан болып көрінетіні де бар.

Теміртау тұрғындары Қарағандыға, Қарағандының тұрғындары Теміртау, Абай, Шахтинск, Саран, Шахан сияқты серіктес елдімекендерге, тіпті, одан да алыс жерлерге шұбырады. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін компаниялар өздерінің өндіріс ошақтарына жақын елдімекендерден ешкімді жұмысқа алмауға тырысады. Оларға аз жалақыға жалданып істейтін тұрағы жоқ, отбасы мәселесін кейінге, не тысқары ысырып тастаған тұрлаусыздар керек сияқты. Осы арқылы олар қоғамда әлеуметтік жауапкершілігі төмен, отбасылық, не басқа да әлеуметтік жағдайы тұрлаусыз адамдар шоғырын көбейтіп отырғанын түсінбейді деу артық. Біледі, түсінеді, тек қандай да бір себептермен оларға осындай адамдарды жалдау тиімді. Бұл жайттар мемлекет басшылары жариялап отырған әлеуметтік саясатқа қайшы екені мәлім, ал, бірақ, бұл үрдіс қашан тоқтайтыны беймәлім. Осының өзі-ақ адамдармен жұмыс істейтін менеджерлердің біразының өз қызметінің шынайы миссиясын түсінбейтінін көрсетеді.

Менің жұмыс өтілім әуелі құқық қорғау органдарында, содан соң жоғарғы білім ошақтарында өтіп жатыр. Оннан астам компаниямен жұмыстас болдым. Сонда аңғарғаным, көптеген мекеме жұмыстың сыртқы көрсеткіштеріне назар аударып, өз қызметкерлерінің ішкі мотивациясына, жан-дүниесіне мән бере бермейді. Ондай компанияларда сырттай қарағанда жұмыс тоқтаусыз әрі бұрқырап жүріп жатқандай болғанымен, шын мәнінде, сапа мен мән мәселесі ақсап жатады. Қай заманда болсын, өндірістік капиталдың дамуы адам дамуына тәуелді. Бүгінгі күні адамдық қабілеттер мен құзыреттіліктерді дамытуға арналған тренингтердің танымал болуы осыған байланысты. Адамның мұқтаждықтан белсенді болғаны емес, саналы түрде ширыққан болуы, яғни, проактивті болуы маңызды. Компаниялар менеджерлері осыған қол жеткізуге тырысуы қажет.

Осыған байланысты, сіздердің назарларыңызға бірнеше мысал ұсынсам деймін. Бірінші мысал ХIХ ғасырда болған жайттарды баяндайды, алайда, бүгінгі күн үшін де өзекті. Роберт Оуэн (1771-1858) бірнеше кәсіпкермен бірігіп, 1800 жылдың 1 қаңтарында Ленарк графствосындағы Нью-Ленарк мекеніндегі ағылшындық үлкен фабриканың біреуін иелікке алады. Фабриканың бұрынғы иесі түрлі тәрбие үйлері мен қайырымдылық мекемелерінің балаларын жұмысқа жегетін. Бұл ауыр еңбек пен нашар тұрмыстан балалар жиі өлетін, ересектердің имансыздық пен азғындыққа еті өліп кеткен мекен болатын. Оуэн фабриканы осындай күйде алады. Оның айтуынша, фабрика жұмыс­керлері үшін ұрлық – кәсіп, маскүнемдік – үйреншікті жағдай, алдау – салт болып, баршаны сенімсіздік пен ыдыраңқылық, бейберекеттік жайлап алған еді.

Оуэн фабрикада жасалған ешбір ұрлық үшін ешқандай айыптау ісін ашпауды, ешбір адамды бір сағатқа болсын бостандығынан айырмауды бұйырады. Есесіне қадағалау, ұрлықтың алдын алу, фабрика мүлкін күзету үшін күшейтілген шаралар қолға алынады. Ол жұмыскерлерге төленетін күндік ақыны өсіріп, жұмыс күнінің ұзақтығын 16 сағаттан 10,5 сағатқа дейін азайтады. 10 жасқа жетпеген балаларға фабрикада жұмыс істеуге тыйым салынып, 4 жастан бастап мектепке бару міндеттеледі. Балалар үшін ол би, ойын және гимнастика залдары бар ғажап ғимарат салады. Онда ересек балаларды оқу мен жазудан басқа музыка мен ән салуға да баулиды. Тәрбиелеу ешқандай жазалау шараларынсыз жүргізіледі. Ересектер үшін кітапхана мен кешкі курстар ашылды. Мереке сайын концерттер мен би ұйымдастырылып тұрады. Қоғамдық дүкендер жұмыскерлерге сапалы тауарларды базарға қарағанда 20% арзанға ұсынады, тағам қоғамдық асханаларда даярланады. Фабриканың өзінің докторы болды. Жұмыскерлер еңбекақысының 1/60 үлесін сырқаттар мен қарттарға көмек беретін қорға құятын.

Осындай жаңалықтардың арқасында маскүнемдік жойылып, түрлі ұрыс-керіс­тер, оның ішінде, діни негіздегі тартыстар тыйылады. 16 жылдың ішінде фабрикада бірде-бір қылмыс болмайды. Сөйтіп, бұл мекен материалдық бақуаттылықпен бірге мамыражай, бақытты өмір орнаған, бұрын өзімшіл болған адамдары ынтымақтастық сезіміне беріліп, ортақ игілік үшін құлшына күресетін, жанашырлық танытатын пұшпаққа айналады.

Осыдан он жылдай уақыт бұрын Балқаш қаласындағы бір колледждің сырттай білім алушыларына еңбек құқығы бойынша дәріс оқыдым. Артынша емтихан алдым. Жұмыс күнінің ұзақтығы қанша десем, ешқайсысы 8 сағат дегенді аузына алмайды. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, бәрі 12-14 сағат дейді. Еңбек заңнамасын сол кездегі еңбек заңнамасын ашып тұрып көрсетем. Сөйтсем, бізде заң өзінше, адамдар өзінше өмір сүреді екен. Жаңағы емтихан тапсырушылардың ересектері, жастауларының әке-шешелері 12-14 сағаттық ауысыммен не вахталық әдіспен жұмыс істейді екен. Таң азанда кетіп, түн ауғанда келіп құлайды екен. Адам баласы естігеніне емес, көргеніне сенеді ғой. Содан жас ұрпақтың санасында жұмыс уақыты кем дегенде 12-14 сағат болуы тиіс деген түсінік терең қалыптас­қан екен.

Міне, өмір деген – осы. Кітап (теория, заң) арқылы қарасаңыз, бір картина, кабинет терезесінен – басқаша, ал, шындығында мүлде өзгеше болмыс шығады.

«Көңілсіз құлақ – ойға олақ» деп Абай хакім айтқандай, біреудің айтқанына назар аударып, құлақ қоя біл, әр сөзін ұға біл, іштей баға бер. Кемшілігін іздеме, пайдалы дәнегін тап, тап та іске асыр. Шындықтың картинасы біртұтас емес. Шындық – шыны тәрізді морт. Бір кезде сынып кеткен болуы керек. Сынықтары шашылып түскен. Соны жинақтап алған жөн. Оның бір қыры біреудің аузында, енді бір қыры кітаптарда, тағы бір қыры кабинеттерде, қаптаған ақпараттың астында, енді бірі көз алдыңда. Жинақтап, біріктіру, легоның пазлдарын құрастыр­ғандай, қазақы құрақ көрпені құрағандай тұтас дүние жасау, біріктіру – сенің өз мін­детің.

Біл, сен және көрсете ал немесе Билл Гейтс, Юн-Фу, Нұрхан, Мұратхан, Жәнібек

Келесі мысалдар бүгінгі күннен алынған. Билл Гейтстің командасы көптеген жылдарға созылған ізденістер нәтижесінде ешбір кәріздік жүйені, суды қажет етпейтін унитаз ойлап тауыпты. Билл Гейтс­тің осы зерттеулер үшін қыруар қаржы бөліп, көптеген адамдарды бірнеше жыл бойы бір мақсатта жұмыс істеуге жұмылдырғаны – жеке әңгіме. Бұл жерде таңқалдыратыны – әлемдегі ең бай адамның жеке адам үшін де, бүкіл адамзат пен Жер-Ана үшін де бірдей аса маңызды мәселені тап басып тауып, соны шешуге кіріскені. Бұл шаруа жеке имидж үшін істелмегені аян. Міне, осыны адамның да, жалпы адамзаттың, айнала ортаны сақтаудың тамаша үлгісі ретінде дәріптеуге, үлгі алуға болады. Әрине, Билл Гейтс үшін мұндай жұмыстар жасату түкке тұрмайды деуге болар. Алайда, ол әлемдегі жалғыз бай емес қой. Әлемді айтпағанда, Қазақстанның өзінде қаншама олигарх бар. Солардың қайсысы ешбір имидждік айқай-шусыз осындай нақты жобаны қолға алып, жүзеге асырып жатыр?! Естігендеріңіз бар ма?

Келесі мысалдар бай емес, керісінше кедей деген адамдардың өзінің жеке ұмтылыстарының көптеген адамның өмірін өзгертуге қауқарлы екенін көрсетеді. 1962 жылы Сейшельдің 480/300 метрлік елсіз аралын сатып алған Брендон Гримшоу аралға тұрақты мекендеп, Рене Лафортуннің көмегімен шөл басқан жерді 40 жылда баққа айналдырса, 1980-2020 жж. Джада Пайенгтің еңбегі арқасында Үндістанның Брахмапутре өзенінің тас­қын шайған бір жағалауында ну орман пайда болды. 1979-жылғы тасқын кезінде ол 16 жаста еді. Қазір «Орман адамы» қарсы жағалауға кіріскен.

Қытайдың тау арасындағы бір шағын ауылы тұрғындары тіршіліктері үшін күн сайын не айналма жолмен жүруге, не биік құзға өрмелеуге мәжбүр болыпты. Оқушылар, әйелдер, қарттар құздан құлап қайтыс болып жатады. Бірақ үкімет жол салмайды. Кезекті бір қайғылы оқиғадан кейін бір тұрғын өзінің бүкіл ғұмырын төте де қауіпсіз жол ашуға арнайды. Ақыры мақсатына жетеді. Қазір сол жол баршаның игілігіне қызмет істеп тұр. Сөйтіп, биліктің қолынан келсе де, ойына келмеген шаруаны сөйтіп бір адам жүзеге асыр­ған.

96 жастағы Юн-Фу (Huang Yung-Fu) деген қарт адам Тайвань үкіметінің Наньтунь ауданындағы Тайчжун елдімекенін сүріп тастамақ болған шешімін өзгертуге мәжбүр етіпті. Ол елдімекендегі үйлерді, көшелерді, жолдарды, көшені неше түрлі суреттермен безендіріп, өзінің туған ауылын шартараптан туристер ағылып келетін әсем мекенге айналдырған. Соның нәтижесінде билік шешімін өзгертуге мәжбүр болған.

Жаһандану жағдайында әлемнің бір пұшпағында жүзеге асқан жоба оның басқа да түпкірлеріне таралуы тиістігі күмән туғызбайды. Оуэнге қайта оралсақ, оның бір бойында кәсіпкерлік пен педагогтік қасиеттер қатар ұштасқаны ғажап. Оуэннің педагогикалық идеяларына саяси астар бермей, таза күйінде алса, бүгінгі күннің сұраныстарын шешуге де жарайтынын аңғаруға болады. Сонау ХIХ ғасыр­да өзінің оң жемісін берген идеяларды бүгінгі күні Қазақстанда жаңғыртатын энтузиаст жоқ деуге болмайды.

Мысалы, Абай тігін фабрикасына жаңа тыныс беру жолында Нұрхан Жұмабеков жүзеге асырып жатқан игілікті істер Роберт Оуэннің идеяларынан бастау алып, оны жаңа заманда жаңғыртып жатқандай. Нұрхан – математик, заңгер, кәсіпкер, іскер, өндіріс басшысы. Өзіне-өзі жол салып жүрген азамат. Абай тігін фабрикасы осындан 35 жыл бұрын облысымыздың ірі-ірі деген кәсіпорындарынан да көп салық төлеп отырыпты. Одан кейін мүлде жабылған. Бүгінде «Abai tigin fabrikasy» қирандыдан қайта көтеріліп келе жатыр. Жұмысшылары негізінен – қыз-келіншектер. Бостандығынан айыру мекемесінен босап, түзу жолға түскен азамат та бар. «Abai fabrikasy» жоқтан бар жасауда. Нұрхан үшін табыс басты мақсат емес, адамдардың көңіл күйі, бүгінгі жағдайы, ертеңге деген сенімі.

2021 жылы ақын Мұратхан Шоқан «Үздік 30 ауыл» деген үлкен жобаны жүзеге асырды. Ол жергілікті билік пен қоғам белсенділерінің пікірін ескере отырып, Қазақстанның сол кездегі 14 облысының әрбірінен екіден, соның ішінде Алматы мен Қарағанды облыстарынан 3 ауылдан іріктеп алды. Бұл жобаға Қарағанды облысынан Шахтер, Қайнар, Ералиев ауылдары ілікті (ол кезде Ұлытау облысы әлі бөлінбеген). Іріктеу өлшеміне ауылдардың тек экономикалық көрсеткіштері емес, әлеуметтік-мәдени, рухани қырлары алынды. Сол жылғы 16 қазанда Астанада мемлекет пен қоғам қайраткерлері, облыс, аудан басшылары, 30 ауылдың әкімдері мен өкілдері қатысқан үлкен қорытынды жиын болды. Сонда кейбір әкімдер елімізде соншалық ілгерілеген мекендердің бар екендігіне сенер-сенбесін білмегеніне куә болдым. Алайда, фото, бейне және басқа да дәлелдер жеткілікті еді. Демек, біз өз жетістіктерімізді өзіміз білмейміз, өз күшімізге өзіміз сенбейміз. Барды көрсете алу да – өнер. Мұратхан соны істеді. Мемлекет қызметшілері мен небір жоба менеджерлерінің ойына келмеген істі ақын жүзеге асырды. «Әуелде сөз болған!» деп бекер айтылмаса керек.

Мұратханның бұл жобасы бір сәттік іс емес еді. Ол өзінің жалғасын табуда. Маңғыстау облысында Онды деген ауыл бар. Үш жыл бұрын «Үздік 30 ауыл» қатарына енген. Сол ауылдың тұрғыны Жәнібек Қожықтың бастамасымен ауылдан екі шақырым жердегі Қаратау тауының етегі орманға айналмақ. Ол үшін Онды ауылының қасынан 100 гектар жерді қоршап, скважина қазып, жеміс ағаштары мен бірге халық жыл бойы тұтынатын бақша өнімдерін егуді, соларды өңдейтін цехтар ашу жоспарланған. Басты мақсат – жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлікті дамыту, Маңғыстауда азық-түлік өнімдерінің бағасын түсіру, ауылды сақтап қалу.

Бүгінгі күні 1000 жеміс (алма, өрік, слива) ағашы отырғызылған. Қалған ағаштар күзде егілмек. Сәтін салса, Жәнібек Қожық екеуміз бұл туралы таратып жазбақшымыз. «Онды бағы» – ауыл халқының бағы болғай!» деп отырған жағдай бар.

Қазақстанда үлкенді-кішілі түрлі ау­қымдағы осындай жобалар аз болмаса керек. Қанша күшті, ғажап болса да, жекелеген жобалардың ауқымы мардымсыз болады. Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің миссиясы сондай жобаларды баршаға қолжетерлік етуге жағдай жасау болар. Білу керек, сену керек және көрсете алу керек!

Мәселені оңтайлы шеш

Қазақстанда да жеке де жанкешті еңбегімен ел мен жерді көгертіп жүрген адамдар баршылық. Алайда, соларды көпшіліктің назарына ұсынып, дәріптеу жетіспейді. Бізде керісінше, кезінде гүлденіп тұрған бақтарды сырып тастап, орнына жеке коттедждер не басқадай ғимараттар салудан алға жан салмаймыз. Кезінде Алматының маңындағы алма бақтарын солай құрттық, Қарағандының нақ ортасындағы ботаникалық бақтың аумағын базбіреулер қайшымен қиғандай бөлісіп алды.

Грузия билігі 600 мыңнан астам адамның банктерге қарызын жапты. Үкіметі осы арқылы адамдардың экономикалық құлшынысын арттырып, экономикалық реформаларға жаңа серпін беруді ойлады. Біздің билікке де осы бағытта ойлану, нақты қадамдар жасауға ұмтылу артық болмас еді. Өйткені, Қазақстанның да әлеуметтік-экономикалық жүйесі түбегейлі реформаларға мұқтаж. Біздің елдің банктері адамды еріксіз қызықтыратын, сырттай қарағанда адамға тиімді, оның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзеуге көмектесетін әріптестік ұсынады. Шын мәнінде олар тек өз мүддесін ойлайды. Осының салдарынан жұрттың басым бөлігі кредиттік құрсауда тұншығуда. Бұл тұтастай алғанда, елдің экономикасының дамуына да кері әсер етуде. Сол себепті, Қазақстан Үкіметі банк жүйесінің әділетсіз, қанаушы әрекеттеріне тосқауыл қоюы тиіс. Бұл да әлеуметтік-еңбектік қатынас­тарды реттеуге тікелей қатысты.

Көлік өндіріс мен саудасы саласындағы утильдік алым және алғашқы тіркеу мәселесі де түптеп келгенде адамның еңбегін бағалауға тіреледі. Бұл мәселе бойынша да ақылға қонымды шешім керек. Біз қазір қолда барды өткенмен өлшеуден, мәселен, кеше ғана көз алдымыздан сұрапыл дауылдай болып өткен 90-жылдардың тұрғысынан салыстырып қараудан шығуымыз керек. Иә, сол кездің қиындығынан ешбір соғыссыз, атыс-шабыссыз гиперинфляция, гипержұмыссыздық, гиперазу, гипертозу жағдайына түстік, бастан кештік. Жаратқан сәтін салды, өзіміз де қарекет жасадық, әйтеуір аман-­есен шықтық дей бергенде біздің елде түрлі шиеленістер орын алды. Солардан әупірімдеп шығып, ептеп еңсе тіктеп келеміз. Бұл – бөлек талқылайтын тақырып.

Әлемде ғылыми-техникалық прогрестің даму қарқыны адам сенгісіз. Бұл прогрестің бізге қатысы қалай? Ғылыми-техникалық прогрестің нәтижелері адам игілігіне қызмет етпесе, оның құны – көк тиын. Сол сияқты дамыған бәлен елдің қатарына қосылу да қандай да бір формальды мақсат емес. Сол арқылы, соның нәтижесінде біз әрбір қарапайым қазақстандықтың жеке жағдайының сол елдердегі әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени, тұрмыстық деңгейге жетуін күтуіміз заңды.

Осыдан сәл бұрын биік мақсат ретінде қойылған межелер аз уақытта ескіріп қалуда. Заманалық психология мен менеджмент құндылықтар өзгермеуі тиіс, ал мақсаттар мен жоспарлар жағдайға сай икемделе шұғыл өзгерілуге тиіс дейді. Кеше ғана алынбас болып көрінген қамалдар, бүгінде артта бұлдырайды, немесе мүлде маңызын жойған. Олардың орнына әлем жаңа қатерлер мен қауіптерге жауап іздеуде. Соңғы бірнеше жылда геоссаяси жағдай, жаһандық климат күрт өзгеріске түсті. Өзгерістердің қарқыны, тіпті, орасан. Бұл өзгерістер мен оларға жауап қарекет туралы әңгіме бөлек болмақ.

Біз бүгінгі күні ХХI ғасырдың ал­ғашқы ширегін еңсеріп тастағанымызды да онша сезе бермейміз. Бір кезде бұл заманға жетсек, барша арман орындалып қалатындай көрінетін. Бүгінгі күндердің күйбеңі тұрғысынан қарағанда, өткен күндердің қиыншылықтары мен ауыртпалықтары ұмытылып, есімізге сол кезеңнің тек жақсылықтары ғана түсетіні де рас.

Тақырыпты қорытсақ, әлеуметтік-еңбектік қатынастар – адам туғаннан оның бұл фәнидегі өмірінің соңына дейін жалғасатын қатынастардың кең көлемді жүйесі. Математиканы дамытудың заңдылықтары математиканың өз аясынан тысқары жатыр деген тұжырым бар. Сол сияқты еңбек қатынастарын, әсіресе, әлеуметтік-еңбектік қатынастарын дамытамыз десек, мәселеге неғұрлым әріден, мейлінше тереңнен, барынша кеңірек қарауды қамтамасыз етуіміз керек. Сол сияқты әлеуметтік-еңбектік қатынастарды кешенді түрде шешу үшін психология, педагогика, нейрофизиология, физиология, медицина, санитария-гигиена, экономика, қаржы, заң, сәулет, құрылыс, инженерия, өндіріс, қауіпсіздік, дизайн, менеджмент, кәсіподақ, бітімгерлік (медиация), жалдамалы жұмыс және т.б. салалардың жоғары білікті мамандары – бәрі бірдей жұмылуы керек. Олар мақсатты, жоспарлы, кешенді жұмыс атқаруы қажет. Баршасының назар аударатын ең әуелгі және ортақ мәселесі адам проблемасы болуы тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ол мүмкін болмай отыр. Өйткені қоғам әлеуметтік-еңбектік қатынастарды реттеу мәселесіне тек құқықтық, ұйымдастырушылық, бітімгерлік тұрғыдан қарайды.

«Енді не істейміз?» деген дәстүрлі сұрақ бар. Біріншіден, бүгінгі таңдағы әлеуметтік-еңбектік қатынастар аясында адамды тек еңбек етуші, жалданушы, белгілі бір функцияларды атқарушы, тұтынушы, сұраушы тұрғысынан қарау ескілікті көзқарас екенін ұғыну, соған сәйкес қолданыстағы парадигманы өзгерту қажет. Екіншіден, қызметкерге «экономикалық адам» тұжырымдамасы аясындағы функционалдық, технократтық тұрғыдан қараудан түбегейлі бас тарту қажет. Оның орнына «әлеуметтік адам» тұжырымдамасы аясындағы тұлғалық көзқарасқа ауысқан жөн. Үшіншіден, әуелгі көзқарас «жұмыс күші», «еңбек ресурстары», «кадрлар», «персонал» тер­мин­дерінен көрініс тапса, ал, кейінгісі – «адам ресурстары» терминінен көрініс табады. Соған орай, осы лексиканы да түзеу керек. Төртіншіден, қызметкерлердің мүдделерін түрлі алаңдарда білдіретін кәсіподақтық және өзге де ұйымдардың миссиясы «әлеуметтік адам» тұжырымдамасының мәні мен мазмұнын мейлінше толық ашуға тірелуі тиіс. Бесіншіден, егер бұған дейінгі экономикалық және әлеуметтік-еңбектік қатынастарда біз дәстүрлі түрде конфронтация, жарысу, ынтымақтастық, субсидарлық және басқа қатынастарға сүйеніп келсек, ендігі жерде оларды сенім, өзара көмек, тең әріптестік, өзара жауапкерлік қатынастарымен толықтыруға тиіспіз; Алтыншыдан, біз индивид – компания – қоғам үштігінде өзара тең, ерікті әріптестік, жанжалсыз, әділ, өзара көмек, өзара жауапкерлік қатынас­тарына негізделетін, тек заңға ғана емес, адамдық сенімге сүйенетін жаңа моральдық міндеттемелер жүктейтін келісімдер жасауға іштей де, сырттай да дайын болып, күшімізді соған жетуге жұмсауымыз керек.

Бұл мақалада «керек» деген сөз көп айтылды. Ғалым Есет Есенғараев ағамыз «керек» деген сөзді дамымаған қоғам көп айтады дейді. Мен де сол рас-ау деген ойдамын.

Кезінде осы сөзді Алаш қайраткерлері қадап айтып кеткен-тін. Олар айтса айтқандай еді. Сол кездегі қазақ қоғамы қандай еді? Біз қазір қандаймыз? Тұрған, болған орнымыздан қаншалықты алға жылжыдық?

Бізге тағы не керек?! Әлде әркім өзі біле ме?..

Болат СЫЗДЫҚ,
заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
(Соңы. Басы газеттің №76, 79 сандарында).

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button