Жаңалықтар

Еңбек қатынастарының жаңа парадигмасы ІІ

Бұл жазбада ғылым да бар, заң да бар, нақты тәжірибе де бар, керек десеңіз, қиял да бар. Зерделей алған адам өзіне керек көп идея табады. Бір жағынан, әлемдік шеңберде қарастырылған. Еңбек адамы, ауыл мен қала тұрғыны, жұмыс беруші мен мемлекеттік қызметкер де өзіне керегін табады, алады.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Адамға назар аудар

Зерттеушілердің айтуынша, кез келген экономикалық қатынаста, яғни, өндіріс, сауда, қызмет саласының қайсысында болсын адамның рөлі ұдайы өзгеруде. Бүгінгі күні ғалымдар интеллектуалдық, құрылымдық, адамдық, ұйымдастырушылық, инновациялық, процестік және әлеуметтік капитал түрлерін ажыратады. Сонымен бірге, менеджмент пен әлеуметтік-еңбек қатынастары жүйесінде адам моделіне келесідей көзқарастар қалыптас­қан: 1) «экономикалық адам»; 2) «тұтынушы адам»; 3) «иерархиялық адам»; 4) «кәсіби адам»; 5) «корпоративтік адам».

Бұларға сипаттама беру бұл мақаланың мақсатына кірмейді. Дегенмен, біз бұл модельдердің эволюциялық даму ретімен тұрғанына назар аударамыз. Келесі қадам осылардың ішінен жетілген модельді таңдау әрі оны игеру, жүзеге асыруға тірелмек. Қарастырылып отыр­ған мәселеге мейлінше кең тұрғыдан келуге қажетті философиялық, теориялық, әдіснамалық, құқықтық негіздер жеткілікті. Біздің ойымызша, бүгін өндірістік үдерістің түрлі тараптарына жанжалсыз, қақтығыссыз еңбек жағдайларын жасауға ұмтылу және мейлінше синергияға қол жеткізу қажет әрі мүмкін.

В.Иноземцевтің ойына сүйенсек, жұмыс берушілердің адамның әлемдегі орны туралы парадигмасын өзгертуі – осыған жетудің басты шарты. Жұмыс берушінің жалпы менталитетінде, әсіресе, персонал жөніндегі менеджерлердің менталитетінде адамға, оның шығармашылық және әлеуметтік бастауларына деген ескірген көзқарастардың сақталуы мақсаттарға жету жолында басты кедергі болуда.

Қазіргі таңда жалпы жұмыскерлер арасында бейматериалдық құлшыныстағы адамдардың үлесі артып келе жатқаны – мәлім үрдіс. Олар индивид, компания және қоғам арасында жаңа моральдық келісім жасау қажеттігін сезінуде. Шексіз құндылықтар туындата алатын шығармашылық еңбекті капитал аяусыз қанауда. Шығармашылық еңбек түрлі құқықтық фикциялар арқылы (мысалы, зияткерлік меншік арқылы) әділетсіз иемделінуде. Адамның еркін әрі жарасымды даму мүмкіндігі мен қажеттілігі және сәйкесінше оның максимал құндылығын қалыптастыру және осының бәрін нарықтық қатынастармен шектеуге тырысудың арасында қайшылық бар.

Бейматериалды құлшыныстағы жаңа тап пен материалды құлшыныстағы жалдамалы жұмыскерлердің қабілеттері мен мүдделерінің арасындағы қайшылықтар халық табысының полярлануын күшейтеді. Жалдамалы жұмыскерлердің төменгі жіктерінің абсолюттік кедейленіп жатқанда дағдарыстық компаниялардың жетекшілерінің орташа табысы олардың персоналының орташа еңбекақысынан жүздеген есе асуы әлемдік тенденция болып тұр.

Адам капиталы тұжырымдамасы аясында сенім категориясы өзіне ерекше назар аудартады. В.Иноземцевтің пікіріне салсақ, адам капиталы біліктілік пен білім ғана емес, ол белгілі бір дәрежеде адамдардың өзара араласу, қатынасу, сөйлесу қабілеті әрі ортақ құндылықтар негізінде түрлі топтар арасында сенім пайда болады. Сенімнің өзі нақты экономикалық құндылыққа ие. Ал, Ф.Фукуя­маның ойынша, сенім дегеніміз әл-ауқат жасайтын «әлеуметтік игілік». Заң, келісімшарт, экономикалық мақсаттылық – тұрақты, жайлы қоғам үшін қажетті, алайда жеткіліксіз шарттар деп санайды. Бұған рациональдық суық есепке емес, дәстүрлер мен салттарға негізделген өзара көмек, моральдық міндеттемелер, парыз бен сенім қосылады.

1994 жылы Швейцарияның Ко деген шағын қаласында «Халықаралық бизнес­тің қағидаттары» деген тарихи құжат қабылданды. Кейін ол «Ко декларациясы» деп аталды. Бұл декларацияда келесі қағидаттар бекітілді: 1) бизнестің жауапкершілігі: акционерлерден (құнды қағазадардың «қарапайым» иелерінен) бизнестегі үлеске; 2) бизнестің экономикалық және әлеуметтік ықпалы: прогреске, әділдікке және әлемдік қауымдастыққа; 3) бизнес этикасы: заң әрпінен сенім рухына; 4) құқықтық нормаларды құрметтеу; 5) айнала ортаға құрметті қатынас.

Көрдіңіздер ме, бәрі ақшаға тірелмейді. Дүниенің рухани қырлары нақты маңызға ие. Есімізге түсірсек, қазақы қауым да өзінің қайырымдылығымен, сөзге беріктігімен, мейірім-шапағатының молдығымен ерекшеленетінін білеміз. Алайда, қазіргі шындық не дейді? Біздің ой-өрісіміздің көкжиегі немен шектелген? Оны қалай кеңейтеміз? Жақсы өмір тек шетелде ғана ма? Өз елімізді қалай көркейтеміз?

Жұмыскер және жұмыс беруші

Бәріміз барша түйткілді заң арқылы шешуге болады деген қиялдың құрсауындамыз. Адамзат тарихы бұл көзқарастың жаңсақ екендігін айғақтайды. Заңдар – түптің түбінде қағазға жазылған мәтін. Осы тұрғыдан келгенде олардың әлемді басқаруға пәрмені жеткіліксіз. Бүгінгі күні заң әрпіне деген тапшылық жоқ. Кез келген елдің заңнамашы органы керек болса, заңнамалық актілерді кез келген көлемде шығарып бере алады. Сайып келгенде, әлем заңдарға емес, сенім рухына мұқтаж. Әрине, құқықтық нормаларға деген құрмет болуы тиіс. Алайда, сенім атмосферасында өмір сүру әлдеқайда маңыздырақ. Егер қоғамда билік құрылымдарына, әсіресе, компаниялардың әкімшілігінің әділ реформалар жүргізе алатындығына деген сенім болмаса, онда оң нәтиже күту бекер болмақ. Өйткені, қоғамның миллиондаған мүшелерінің ментальдық деңгейде оларға сенімсіздікпен қарағаны осыған алып келеді.

Өзімнің іштей түйінген ойларымның ішімде қордалаған біршама сұрақтарымның жауабын профессор Е.Неходадан тапқандай болдым. Сонда түйгенім: біз әлеуметтік-еңбектік қатынастар дегенде мәселеге неғұрлым кең тұрғыдан келіп, адам баласының туғаннан бастап, оқып, жетіліп, белсенді еңбекке араласып, өз өмірінің түрлі өрістерін, оның ішінде, тек материалдық қана емес, сонымен бірге, рухани-мәдени сұраныстарын қанағаттандыра сүрген өмір циклын тұтастай алғанымыз жөн екен. Бұл қатынастар адам белсенді еңбек етуін доғарып, тиісті зейнеткерлік демалысқа шыққанда да тоқтамайды екен.

Е.Нехода: «…әлеуметтік-еңбектік қатынастардың эволюциясына ықпал еткен факторлардың ішіндегі ең бір маңызды фактор – адамның әлеуметтік дамуы. Адам рөлінің өндірістегі эволюциясы және әлеуметтік-еңбектік қатынастардың эволюциясы еңбек қатынастарын басқару теорияларында көрініс тапқан. Белгілі теориялар экономикалық (еңбек ресурсын пайдалану), органикалық (персоналды басқару, адам қабілетін басқару) және гуманистік (адамды басқару) көзқарастардың бар екендігін мәлімдейді. Адамның дамуымен бірге кәсіпорынның әлеуметтік жүйесі де дамып отырған», – дейді.

Еңбек нарығында жұмыс берушінің сөзі жүріп тұрғаны, оның бәсі басым екені құпия емес. Олардың қолында орасан зор материалдық, қаржылық, ұйымдастырушылық-техникалық мүмкіндік атаулысы шоғырланған. Осыған байланысты, қоғам жұмыс берушілерден еңбекті ұйымдастырудың заманалық деңгейін, оларды тиісті дәрежеде әлеуметтік-мәдени, ғылыми-білімдік, медициналық-санитариялық, сауықтыру-алдын алу шараларымен толықтыруды талап етуге құқылы.

Бүгінгі күні жұмыс күші деп саналатын қарапайым индивидтің мойнында ондаған жылдар бойы жинақталған түрлі әлеуметтік, экономикалық, ұйымдастыру­шылық, тұрмыстық, қаржылық, кредиттік, моральдық және басқа да міндеттемелер, өтелмеген парыздар мен қарыздар бар. Осының бәрі зіл салмақ болып, оның иінін басуда. Соның салдарынан жұмыс­тағы тұрақсыздық, берекесіздік, түрлі жанжалды жағдайлар орын алады.

Менің ойымша, біздің жұмыс беру­шілер, кәсіподақтар, ақыр соңында жұмыскерлердің өзі осы жағына қажетті назар аудармайтын сияқты. Әрине, мен олар бұл мәселелерді мүлде білмейді деген ойды айтудан аулақпын. Біледі, қаузайды және осы бағытта оң нәтижелері де бар. Бірақ, шындығын айтқанда, заманауи адамның оқуы, білімін жетілдіруі, демалысы, түрлі әлеуметтік қажеттіліктері, зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі түрлі сұраныстары тар тұрмыстық мағынада әрі тиісті дүние ретінде емес, жұмыс берушінің асқан мейірімділігінің нәтижесі ретінде түсінілетіндей.

Шындығында, бүгінгі таңда адамның өзінің алуан түрлі сұраныстарын қанағаттандыруы, оған ол немесе оның жақындары еңбек ететін компанияның белсенді де шынайы атсалысуы қалыпты жағдай болуы тиіс. Бұл заманалық стандарттарға сәйкес келеді. Әрине, осындай игіліктерге қол жеткізуі үшін жұмыскердің де белгілі бір талаптарға сай болуы керектігі түсінікті. Ең әуелі жұмыскер де өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезінуі, қажетті құлшынысы, базалық дәрежедегі білімі, біліктілігі, құзыреттілігі болғаны қажет. Жұмыскер мен компания өзара қатынасқа бір рет түскеннен соң, осы қатынастар әрі қарай даму динамикасына ие болуы, оның әрбір кезеңінде жұмыскерлердің кәсіптік одақтары, басқа да ұйымдары сәйкесінше делдалдық қатынастарды адал атқара алуы керек.

Бұл – белгілі бір қияли ойдың, фантазияның жемісі емес, әлемде бар тәжірибені зерделеуден туған ой. Жас кезіңізде сіз, әрине, жұмыс іздеуші, тапсырған жұмысты істеушісіз. Шындығында, уақыт өте келе алған біліміңіз, жинақтаған тәжірибеңіз Сізді жұмыс беруші санатына алып шығуы тиіс. Ең болмағанда, фрилансерлік қабілеттеріңізді дамытуыңыз керек.

Болат СЫЗДЫҚ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

(Басы газеттің №76 санында. Жалғасы бар)

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button