Еңбек қатынастарының жаңа парадигмасы
Бұл жазбада ғылым да бар, заң да бар, нақты тәжірибе де бар, керек десеңіз қиял да бар. Зерделей алған адам өзіне керек көп идея табады. Бір жағынан, әлемдік көзқарас шеңберінде қарастырылған. Еңбек адамы, ауыл мен қала тұрғыны, жұмыс беруші мен мемлекеттік қызметкер де өзіне керегін табады, алады…
Ойлан және жақсылық жаса
Барша қасиетті кітаптардың, философиялық трактаттардың, ғылыми-ағартушылық еңбектердің, неше түрлі тұжырымдамалардың, заңдардың түпкі мақсаты не? Олар нені көздейді? Бұған жауапты адамға жақсылық жасау, оның өмірін жақсарту, оған мән беру, айнала ортаны қорғау деп қайыруға болатындай. Рене Декарттың «Мен ойлаймын, яғни, мен бармын» деген ойы – адамның адамдығын айғақтайтын басты нышан. Айн Рэнд оған адамның жақсылық жасауы қажеттігін қосады. Рене Декарт пен Айн Рэндтің ойларынан ортақ қорытынды жасасақ, адамның басты қасиеті ізгі ой ойлау мен жақсылық жасауға келіп саяды. Мәселен, айнала көзімізге түскен болмысқа зер салсақ, біз материалдық дүниені қууды адамдық өмірімізді жақсартудың құралы ретінде емес, мақсат ретінде танып кеткендейміз. Біздің мақсатымыз бәленбай миллион тонна көмір өндіру, тағы соншама болат қорыту, бәленбай мың баспа табақ кітап жазу емес болар? Сіздер бұған келісетін шығарсыздар?
Бір кезде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында адам дамуы туралы баяндамалар жариялана бастады. БҰҰДБ-ның алғашқы баяндамасында (1990) экономикалық және қоғамдық прогрестің басты мақсаты мен мәні нарықтық экономиканың дамуын жеделдету емес, қайта әрбір адамның өз әлеуетін дамытуға әрі салауатты, шығармашыл, толыққанды, белсенді өмір сүруге мүмкіндік беру деген қағидаттық идея қалыптасты. Әрбір адам – қоғамдық дамудың басты басымдығы әрі әлеуметтік-экономикалық саясаттың белсенді қатысушысы ретіндегі қарастырылатын тұлға.
Адам әлеуетінің тұрақты дамуы деп таңдау еркіндігі берілген жағдайларда сыртқы ортаның өзгерістеріне бейімделе білетін адам мүмкіндіктерінің үздіксіз теңгерімді кеңейту процесі түсіндіріледі. Шындап келгенде, адам әлеуетін жүзеге асырудың экономикалық және әлеуметтік алғышарттары алуан түрлі болуы мүмкін әрі олар оның өмірінің барысында өзгеруде болады. Алайда, негізгі деп үш басты мүмкіндікті танимыз. Олар: 1) ұзақ жасау мен дені сау болу, 2) біліми әрі кәсіби өсу, 3) әл-ауқатының лайықты деңгейін ұстап тұру. Адами даму оның әл-ауқатының, сондай-ақ, денсаулығының нығаюын ғана емес, оның жалпы және адамгершіліктік мәдениетінің, кәсіби және шығармашыл әлеуетінің дамуын да қамтитыны сөзсіз. Осылар ғылыми-техникалық прогресс пен әлеуметтік-экономикалық дамудың қозғаушы күші әрі қоғамның тұрақты гүлденуінің сенімді негізі болады.
Облыс орталығының іргесіндегі серіктес қала, Қазақстан Магниткасының атасы Теміртау деген қаланы студенттік кезімнен білемін. Қазіргі кезде Астанаға қатынаған сайын, осы қаланың кейде ішінен көктей өтіп, көбіне оны айналма жол арқылы жанай өтемін. Әрбір осындай сапарда өндірістік мұржалардан будақтап шығып, ауаға жайыла тарап, қала аумағына, одан тысқары кең байтаққа шөге кең таралып жатқан қою да зиянды түтінді көріп, әрқашан ойға қаламын. Қарағандының өзінің де экологиясы оңып тұрмағаны баршаға мәлім. Бірақ адамдардың көпшілігінің өз көзіндегі шелді көрмей, өзгенің көзіндегі шөпті байқайтыны сияқты, мен де Қарағандының көк түтінге шалдыққан ауасына аса назар аудармай, Теміртаудың көк түтін құрсаулаған аспанына ерекше уайыммен қараймын. Неліктен осы қаланың адамдары осыншалықты зиянды жағдайларға төзіп өмір сүреді? Неліктен қала басшылығы, өндіріс командирлері, қазіргі кезде алпауыт компанияның шетелдік иесі, оның жоғары жалақы алатын топ-менеджерлері, жалпы осы қалада шоғырланған барша еңбеккерлер көп те сапалы өнім алуды ойлағанда, адамдардың, шындығында өздерінің өмір сүру сапасы, денсаулығы, ішетін суы, жұтатын ауасы, өсіріп отырған балалары туралы неге терең ойламайды? Міне, мені мазалайтын – осындай сұрақтар…
Қиялыңды шектеме
Әлеуметтік-еңбек қатынастары шиеленісе берген соң, осы маңызды әлеуметтік мәселеге арналып, облыс деңгейінде 2014, 2016, 2018 жылдары бір ғана тақырыпта арнайы конференциялар өткізілді. Олардың қарарлары негізінде біршама жұмыс атқарылды. Кез келген үлкен деген проблеманы бөлшектеп алғанда, оны шешу жеңілдейтіні бар. Иә, кейбір үлкен проблемалар тұтастай ала салып, бірден шешіп тастауға көнбейді. Үлкен проблеманы бөлшектеп, шағын фрагменттерін бөліп алып, біртіндеп шешуге болатынын білеміз. Екінші жағынан келсек, бәзбір мәселені шешуге келгенде оны дәл жоғарыда айтылғандай жіліктеп, бөлшектеп, фрагментеп алып, ақыр соңында «Кім?», «Не?», «Не үшін?», «Қалай?» деген сұрақтарға жауап таба алмай, шынайы бар түйткілді сөзбұйдаға салып, су аяғы құрдымға айналдырып жіберуге болатынын да көріп жүрміз. Әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты айтатын болсақ, мен осы екінші тәсіл басымдау болып кетеді-ау деп күдіктенемін.
Еңбек заңнамасында әлеуметтік-еңбек қатынастары туралы көп қаузалған. Әлеуметтік терминінің өзі онда жеке не түрлі сөз тіркестерін қоса алғанда жүз шақты рет кезігеді. Мәселен, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік басымдық, әлеуметтік бейімсіздік, әлеуметтік демалыстар, әлеуметтік депривация, әлеуметтік диалог, әлеуметтік кепілдіктер, әлеуметтік мақсаттар, әлеуметтік жәрдемақы, әлеуметтік қызметтер, әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік қорғау, әлеуметтік қатынастар, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік стандарттар, әлеуметтік сыйлықақылар, әлеуметтік төлем, әлеуметтік тұрақтылық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-экономикалық, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары деген тіркестер жиі ұшырасады. Осылардың өзінен-ақ бұл саланың қаншалықты ауқымды, көп қатпарлы екенін аңғаруға болады.
Мемлекеттің әлеуметтік саясаты, еңбек заңнамасы, түрлі мемлекеттік тұжырымдамалар тұрғысынан келгенде бәрі тамаша демесек те, көңілге қонатындай, ауыз толтырып айтатындай жайттар жеткілікті. Конференция мінберінен сөйленген бірнеше баяндама облысымыздағы үлкен компаниялардың аталмыш салада атқарып жатқан толымды істеріне арналған. Егер атқарылған істер, келісіліп қол қойылған шарттар жеткілікті болса, онда мәселе неге келіп тіреледі? Не себептен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу өте өзекті мәселе ретінде қатарынан үш бірдей конференцияда талқылаудың өзегін құрды? Алдыңғы конференциялар не шешті, олардың қарарлары қаншалықты іске асты? Қаншалықты алға жылжыдық, қай жерде қия бастық, кері кеттік? Жетістігіміз не? Кемістігіміз не? Осыған жауап беретін орган, не жеке тұлға бар ма? Бұл конференциялардың жұмысы кімге керек? Іздейтін адам бар ма? Әрине, осындай өзекті тақырыптың көтерілуінің өзі, күн тәртібінен түспей тұруы көп нәрсені аңғартады. Оның үстіне, осы мәселені талқылаушылардың қатары мен географиясы үнемі артып келеді. Сол қатарда болгарлық, қырғыздық, ресейлік зерттеушілер болғанын ауыз толтырып айтуға болады.
Облыстық әкімдік, оның ішінде ішкі саясат басқармасы күрделі де, өзекті мәселені талқылауға қажетті де жеткілікті жағдайлар жасады. Мәселені зерделеуде, оның түрлі түйткілдерін қозғауда ешбір цензура, қандай да бір қақпайлау болған емес. Бізді еркіндікке жібермей отырған өзіміздің ішкі цензурамыз, өзіміздің бостандық шеңберіміздің тарлығы, ішкі мотивациямыздың жетімсіздігі. Мәселеге тым тар тұрғыдан, формальдық тұрғыдан, қолданыстағы заңнамалар шеңберінен ғана қарауды әдетке айналдырып алғанымыз болып тұр. Иә, әлеуметтік-еңбек қатынастары дегенде біздің ғалымдар мен баяндамашы шешендердің көбі тек өндіріс аясындағы қатынастарды ғана қаузайтындай. Яғни, тақырып аясын орынсыз шектейтіндей көрінеді…
Менің аңғарғаным осы. Сіздер не байқап жүрсіздер?
(жалғасы бар)
Болат СЫЗДЫҚ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.