Жаңалықтар

Еңбек адамының да айтары бар

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың еңбек ұжымдарымен кездесуі жалғасуда. Бұл жолы Қарағанды қаласының әкімі, облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшыларымен бірге «Қарағанды-нан» зауытына арнайы барып, ұжыммен кездесу өткізді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Кездесу барысында ұжым қызметкерлері кеншілер астанасын дамыту мен абаттандыруға қатысты сұрақтарын қойды.

– Осындай кездесулерді жұмыс орындарына барып, жұмыскерлердің болашаққа жоспарларын тыңдап, ой бөлісіп, ұсыныс-пікіріне құлақ түру үшін арнайы өткіземіз. Сіздердің кәсіпорынның жұмысы тұрғындар үшін өте маңызды. Өйткені, сіздер тұрғындарды нан қамтамасыз етесіздер. Зауытта мыңға жуық адам жұмыс істейді. Елімізде сұранысқа ие өнім экспортқа шығарылады. Қаламызды дамыту мен абаттандыру мәселесіне келсек, жалпы, қаламыз дамып келеді. Өздеріңіз көріп отырғандай проблемалық мәселелер жоқ емес. Алайда, қазір қала экономикасы тұрақты. Біз былтыр ауқымды жобаларды іске қостық. Оның ішінде, тұрғын үйлер мен мектептер бар. Газдандыру жұмысы белсенді жүргізілуде. Бірқатар ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асырып жатырмыз. Қаланы абаттандыруға жіті көңіл бөлінуде, биыл облыс орталығының Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдық бөлігін дамытуға баса назар аударамыз, – деп атап айтты Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесуге қатысушылар газдандырудың алдағы жоспарларына қызығушылық танытып, кәсіпорындар болашақта көгілдір отынға ауысуға мүмкіндігі туралы деп сұрады.

Бұдан бөлек, үшінші жылу құбырын іске қосу жылу қуаттарының тапшылығына оң әсер етеді.

Сонымен қатар, қызметкерлер Оңтүстік-Шығыстың дамуын ескере отырып, кәсіпорын ауданына автобус бағытын жіберуді туралы сұрады. Мәселені шешу мүмкіндіктері алдағы уақытта қарастырылатыны айтылды.
Ал, тұрғын үй мәселесі өзекті болып қала бермек. Кездесуде «Отбасы банк» филиалының директоры Бауыржан Жуасбаев жұмысшы мамандықтарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар туралы кеңінен айтып берді.

Кәсіпорын басшылығын өз қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жеңілдікті ипотека бағдарламасына қатысуға шақырды.

Сонымен бірге, медициналық қызмет көрсету мәселелері де ортаға салынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова скринингтер, кәсіби тексерулер өткізу үшін мамандардың кәсіпорынға шығуын ұйымдастыруды ұсынды.

– Ұжымның негізінен әйелдер екенін ескерсек, бұл – өте өзекті. Скринингтік зерттеулерден өту үшін жұмыскерге үш күндік әлеуметтік демалыс беруге де болады. Бірақ, оны пайдаланатындар аз шығар. Бізге сіздердің қамдарыңыз үшін өзіміз келген оңайырақ, – деп мәлімдеді Бибігүл Төлегенова.

Сондай-ақ, жұмысшы мамандарды қолдау және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар айтып берді. Оның айтуынша, бүгінде облыс бойынша үш мыңға жуық бос жұмыс орны бар.

Айта кетерлігі, Мансап орталықтарында мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындары да қарастырылған. Қарағандыда еңбекке қабілетті халықтың жартысына жуығы жұмысшы мамандықтарымен айналысады. Шағын және орта бизнес иелері 146 мыңға жуық тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button