Еңбек адамына – ерекше құрмет
«Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады».
Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен Еңбек күні мерекесі Нұра ауданында ерекше өтті.
Мереке күні аудан орталығында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы Орталық комитетінің төрағасы Әбубәкір Сүлейменов, ҚР Ауыл шаруашылығы министірлігі жанындағы Қоғамдық кеңес хатшысы, әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялардың координаторы Степан Лепешко, Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп ұйымдарының және мемлекеттік мекемелер кәсіподағының төрағасы Кеңескүл Рахымжанова, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері Салалық кәсіподағы Орталық комитетінің бөлім басшысы Қаниқазы Достаев, Қарқаралы ауданының ауыл шаруашылығы қызметкерлері және мемлекеттік мекемелер кәсіподағының төрағасы Назгүл Игілікованың қатысуымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.
Аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың төрағалығымен өткен кездесу барысында ұжымдық шарт жасасу маңыздылығы пысықталды және Еңбек Кодексінің жобасын талқылау жұмыстары туралы айтылды. Сонымен қатар, капитал мен еңбектің тепе-теңдігін сақтау қажеттілігі мен қазіргі нарықтық кезеңде жұмысшыларға кәсіподақтың маңызының зор, атқаратын қызметінің жоғары екендігі туралы нақты айтылып, еңбек адамының құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік пікірталастар жүргізілді.
Түс ауа аудандық мәдениет үйінде «Бос орындар жәрмеңкесі» өтті. Аудандық кітапхана қызметкерлері ауыл шаруашылығы саласы бойынша кітап көрмесін ұйымдастырса, жергілікті ауыл шаруашылығы қызметкерлері төл өнімдерінен көрме ұйымдастырды.
Күн ұзаққа созылған бағдарлама Еңбек күніне арналған мерекелік шарамен түйінделді. Іс-шараға ауданның абыройын еңбек дәстүрімен арттырып жүрген, біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан әрі сол үрдісті жалғастырған еңбеккерлер жиналды. Шара барысында «Еңбек Даңқы» төс белгісімен, Ауыл шаруашылығы қызметінің Салалық кәсіподағының Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен, «Ең үздік еңбек әулеті», «Өз мамандығының үздігі», «Ең үздік жастар тәлімгері» номинациялары бойынша үздіктер марапатталды.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.
НҰРА ауданы.