Бас тақырып

Еңбек адамымен суретке неге түспейсіз?

Қазір селфидің шарықтау шыңы. Селфиі жоқ адам таппайсыз бұ күні. Әсіресе, әнші-биші, ақын-жазушы, атақты адамдармен селфидің дәурені күшті. Ал, сіздің қажетіңізді ашып, жұмысыңызды істеп берген қарапайым еңбек адамымен суретке түсіп көрдіңіз бе? Жоқ. Сонда, оның еңбегін бағалап, «мынадай білікті маман екен» деп суретке түсіріп, жұртқа жария ету – қор ма? Қоғам тек атақтылар мен даңқтылардан ғана тұрмайды. Жылы жерде отырсақ, оның арғы жағында сіз бен бізге көріне бермейтін, соның отын жағып, күлін шығарып жатқан, құбырын жалғап, жамап жүрген жылу электр орталығының жұмысшылары тұр. «Ас атасы – нан» жесек, оның тұқиянында далада ала жаздай бел жазбай, тер төккен диқан, берісі диірменші, одан кейінде наубайханашының еңбегі ол да. Қала көшелерінде бәтеңкеңіз балшыққа батпаса, онда жүздерін жел қаққан, тас төбесін күн сүйген тазалықшылардың таңның атысы, күннің батысы еткен еңбегінің арқасы. Бұлай тізімдесек, толассыз жалғаса береді. Бірақ, қоғамға пайдасы көп, әйткенмен, алған алғысы аз осы бір қоғам мүшелерін Қоғам естен шығарып алған еді. Еңбек адамының қадірін біледі десек, өтірік айтқан боп шығамыз. Содан да, кейінгі жылдары мемлекеттік дәрежеде мән берілген мәселеге. Себебі, қарапайым жұмысшының еңбегін мына қоғам құнсыз көреді. Бұл қателікті түзеу керек. Не үшін? «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақтан» арылу үшін. Сол үшін елде «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты қабылданды. Қағидат бар, дегенмен, бұқара бұны әлі ұғынар емес. Мүмкін Уақыт керек. Ал, уақыт өтіп жатыр…

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Сондықтан да, Президент Жолдауында биыл тағы еңбек адамының мәртебесіне баса мән берді. Тіпті, сол жұмысшы мамандардың біліктілігін арттырып, кадрлық әлеуетін жоғарылату үшін 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жария еткені белгілі.

Әрине, әлем айдан үлес алып, адамның көшірмесін жасап жатқан технология қарыштаған кезеңде жұмысшылардың жоғын жоқтау тосындау көрінетін шығар. Бірақ, мұның астарында еңбекті бағалау, құрметтеу, ұрпаққа еңбектің қадір-қасиетін ұғындыру жатыр. Сол арқылы масылдықтан, арамтамақтықтан ада ету. Еңбектің бәрін жеңетінін жетесіне жеткізу. Дамыған елдің қатарында осы адал еңбек арқылы ғана сап түзейтіндігімізді түпсанасына сіңіру.

«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.

Сурет prostor31.ru

Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашан да лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», – деді Президент Жолдауында. Енді бұдан былай тәуір қызметтегілер емес, қарапайым еңбек торылары төрге шығуы тиіс. Бұған дейін өңірлері орден-медальға толған қызметкерлер енді кезекті еңбеккерлерге береді. Әуелден солай болуы керек еді. Десек те, игіліктің ерте-кеші жоқ. Еңбек ескерусіз қалмауы керек. Сөйтіп, еңбек арқылы ғана мақсат-мұратына жете аларын жеткіншек санасына құйып алса…

Осы арада жеткіншек дегеннен еске түседі. Бұрындары кеңес кезінде мектепте оқушыны еңбекке баулу үшін «Қоғамдық пайдалы еңбек» деген сабақ болатын. Орысша қысқарған атауы – «ОПТ» – «общественный полезный труд». Сол кезде білекті сыбанып, мектептің ішін жуып, тазалататын еді. Еденінен басқа құрал-жабдығын бүтін бір сынып оқушылары жуып-шайып шығатын. Бір, әлде екі қырық бес минутта. Одан қалды әр сыныптың өз кабинеті болса, соның еденін кезекпен жуу – күнделікті міндет еді. Сол уақытта «баламның қолы былғанып қалды, я еңбегін пайдаланды» деп байбалам салған ата-ана көрмеппіз. Қайта еден жумай, қашып кетсеңіз, мұғаліммен қоса ұрысар еді әке-шешеңіз. Қазір, керісінше. Баланы жұмсаса, шамданамыз…

Несін жасырайық, еңбекпен тапқан нанының тәттілігін ұмытып кеттік. Есесіне оңай олжа, жеңіл ақшаға үйір болдық. Ал, кеңес үкіметін қанша жек көрсек те, оның еңбек адамына деген көзқарасы түзу еді. Сол түзу көзқарас ел боламыз десек, қазаққа да тап қазір ауадай қажет-ақ. Сондықтан да, еңбек культке айналуы керек. Ол үшін еңбек адамын дәріптеп, онымен де суретке түсіп қойып ­жүріңізші…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button