Балқаш қаласындағы мыс қорыту өндірісінде ұзақ жылдар маңдай терін төгіп, адал еңбегімен танылған азаматтардың бірі – Ерлан Сыздықов республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Әлихан Бөкейханов атындағы білім ордасында орналасқан №195 референдум учаскесіне арнайы келген ол ел болашағы үшін дауыс берді.

Балқаш мыс қорыту зауытының ең ауыр әрі жауапты саласында табан аудармай 39 жыл еңбек етіп келе жатқан Ерлан Құдайберліұлы бүгінде «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс қорыту зауытының Мыс қорыту цехындағы газ құбырын күтіп ұстау учаскесінің бастығы қызметін атқарады. Өндірістің от-жалынында шыңдалған еңбек майталманы үшін ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерден тыс қалу мүмкін емес.

– Әр азамат ел болашағына бейжай қарамауы тиіс. Референдум – халық пікірін білдіретін маңызды мүмкіндік. Сондықтан, өз таңдауымды жасау үшін келіп, дауыс беруді азаматтық борышым деп білемін, – дейді өндіріс саласының еңбеккері Ерлан Сыздықов.
1967 жылы 29 тамызда дүниеге келген Ерлан Сыздықов еңбек жолын 1988 жылы Балқаш мыс қорыту зауытында бастады. Содан бері өндірісnt табанды еңбек етіп, қарапайым жұмысшыдан учаске бастығына дейінгі еңбек баспалдағының барлық сатысынан өтті. Бүгінде ол – тәжірибелі басшы, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп жүрген білікті тәлімгер. Көп жылғы адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Еңбек жолы» жобасы аясында Балқаш қаласы бойынша «үздік» танылып, облыстық деңгейде «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, республикалық байқауда топ жарды.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



