АймақШахтинск

Еңбегімен елеулі Еркін

Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында Шахтинск қаласының Мәдениет үйінде осы мерекеге байланысты салтанат өтті. Онда қаладағы медицина мекемелері мен ұйымдарының өз ісін абыроймен атқарып, кәсіби біліктілігімен көзге түскен басшылары мен мамандары марапатталды. Солардың арасында қалалық мәслихаттың Құрмет грамотасы Шахтинск қалалық санитарлық-­эпидемиологиялық басқармасының басшысы Еркін Бейсембаевқа берілді.

Биылғы 18 қыркүйекте пайғамбар жасына келетін Ерекеңнің ел алдындағы еңбегі еленіп, сый көргені бір бұл емес. Оның алған осындай Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарынан бөлек, өңірінде «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы», «Қазақстан Республикасына – 30 жыл» медальдары жарқырайды. Осының бәрі медицина саласында арнаған отыз жылдағы қызметінің арқасы. Мұндай дәрежеге ол бірден көтеріліп, қол жеткізген жоқ.

Өткенді ойға оралтсақ, Еркін бір кезде аудан орталығы болған Егіндібұлақ ауылында тұрған Дәнен мен Әнел Бейсембаевтар отбасындағы сегіз баланың үлкені еді. Марқұм анасы үй шаруасында болып, бірыңғай бала тәрбиесімен айналысса, қазір 84 жастағы әкесі өмір бақи байланысшы болып істеген. Бірақ Еркін әке жолын қумады. 1978 жылы ауылындағы орта мектепті бітірісімен Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Келе салып Қарағанды мемлекеттік медицина институтының жұмысшы факультетінде бір жыл оқып, осы жоғары оқу орнының санитарлық-гигиеналық факультетіне түскен.

Алғаш еңбек жолын ол кіші медициналық қызметкер ретінде кезіндегі Егіндібұлақ ауданында санитарлық дәрігер, Қарқаралы аудандық санэпидстанциясының бөлім меңгерушісі, Осакаров ауданының бас санитарлық дәрігері, аудандағы осы саланың басшысы, Теміртау қаласында бас маман болып жұмыс істеді.

Қай жерде еңбек етсе, тындырымдылығымен, кішіпейілдігімен, үлкен адамгершілігі және ақжар­қындығымен кіммен болсын тіл табыса алатын қасиетінен болар, бір уақытта дәрігер Еркін Бейсембаевтың ақ халатын әкімнің орынтағына айырбастаған күні де болған. Осакаров кенті халқының қалауымен 2010-2016 жылдары сол округтің әкімі қызметін атқарды. Бұдан кейін ол Қарағанды облыстық тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі және облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменттері басшысының орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, 2017 жылдан бері «Шахтинск қалалық санитарлық-­эпидемиологиялық басқармасына бас­шылық етіп келеді.

Бұл ұйымшыл ұжымда өз ісіне берілген, кәсіби біліктілігі жоғары 14 маман жұмыс істейді. Олар Шах­тинск қаласы мен оған кіретін Шахан, Долинка, Жаңа Долинка кенттері аумағында санитарлық-­эпи­демиологиялық саламаттылық са­ласындағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалауға жататын өнімді, оның ішінде тамақ өнімін бақылау мен қадағалауды, техникалық регламенттерде белгіленген және биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын бақылауды, сондай-ақ, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды реттеп, орындайды. Соның нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша Шахтинск аймағындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қанағаттанарлық болып отыр. Тұрғындар арасында дизентерия, салмоноллёз, вирусты А гепатиті, С және В гепатиті, полиомиелит, дифтерия, сіреспе, паротит, қызылша, көкжөтел сияқты аса қауіпті жұқпалы ауруларға шалдыққандар жоқтың қасы.

Ал биылғы бес айда да Шахтинск қаласының санитар-эпидемиологтарының облыс бойынша бәсі жоғары. Міне, бұл шаруалардың барлығы да білікті маман, еңбегімен елге елеулі Еркіндей іскер азаматтың басшылығымен жүзеге асырылып жатыр десек, артық айт­қанымыз емес.

Ержан ИМАШ,
ШАХТИНСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button