Әйелдердің халықаралық мерекесі өткен күннің ертеңінде, яғни 9 наурызда Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында болған үлкен форум осылай аталды. Оны Қарағанды облысының іскер әйелдері қауымдастығы ұйымдастырды. Бұл алқалы жиынға Ақмола, Ұлытау облыстары мен Астана қаласынан кәсіпкерліктің әр саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер келіп қатысты.
Аталған шараның негізгі мақсаты – Қазақстандағы жұмыс істейтін әйел қауымының маңызын арттыру. Форум нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлік салада мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін Қарағанды облысының әйелдерін біріктіру, олардың мәртебесін көтеруді көздейді.
Жиынды Қарағанды облысының іскер әйелдері қауымдастығының төрағасы Индира Жабаева ашып, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев форумға қатысушыларды құттықтады. Бұдан кейін Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының Президенті, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қызметкері Раушан Сәрсенбаева сөз сөйлеп, елімізде үкіметтік емес бұл ұйым қандай деңгейге көтерілгеніне тоқталып, оның 25 жылдығына арнап түсірілген бейнефильм көрсетілді.
– Біздің қауымдастықтың қазір 22 өңірде бөлімшесі бар. Олар 15 мыңнан аса нәзік жандарды біріктіріп отыр. Осы мерзім ішінде әйелдердің жұмысқа орналасуына және білімін арттыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, олардың мәртебесін жоғарылатуға, оларды кәсіпкерлік пен саяси тұрғыда ілгерілетуге бағытталған 100-ден артық жоба жүзеге асырылды. Бүгінгі «Еңбегі жанған арулар» да сондай жобалардың бірі. Біздің ұстанатын үш қағидамыз – әйелдерге көмектесу, қолдау, көтермелеу.
Келесі кезекте «Аmanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков әйел-аналардың, соның ішінде іскер жандардың қоғамда алатын орнына лайықты баға беріп, өздерінің облыстық іскер әйелдер қауымдастығымен екі арада қол қойылған меморандумға сәйкес қай уақытта да көмек көрсетуге әзір екендерін мәлімдеді.
Одан әрі облыстың халық шаруашылығының әр саласында еселі еңбек еткен 13 адамның фотокөрмесі ұсынылып, оларға Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының Алғыс хаты мен гүл шоқтарын оның Президенті Раушан Сәрсенбаева мен қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев табыс етті. Марапат алғандардың бәрі де нәсібін кәсібінен тапқандар. Мәселен, Мұңсыз Тілегенова 40 жыл жүргізуші болып істеп, осы күнде Қарағанды қаласында 43-ші бағыт автобусымен жолаушыларды тасиды. Ал, елу жылға таяу Ғабиден Мұстафин кентінде балалар дәрігері болып еңбек етіп, Кеңес заманында «Құрмет белгісі» орденін өңіріне таққан Мақпал Жабаева бүгінде зейнеткер. Ал, 32 жыл өтілі бар Елена Скябина «Теміртау электрметаллургиялық комбинаты» АҚ жобалау-конструкторлық бөлімінің бастығы болса, марапатталғандардың ең жасы Ольга Дьякова 9 жылдан бері «Optimuz KZ» ЖШС бетон бойынша сарапшысы. Басқалары да өз жұмыстарын адал атқарып, сый-құрметке ие болып жүргендер.
Ендігі кезекте форумға қатысушылардан республикалық қауымдастық Президентінің орынбасары Сәния Ирсалиева, Ақмола облысының іскер әйелдері қауымдастығының төрағасы Сайра Матайбаева және Қазақстан әйелдері күшінің Альянсы оқыту жөніндегі бағдарламаларының кураторы Меруерт Өсербаева өз ойын айтып, тәжірибелерін бөлісіп, іскер әйелдердің Қазақстанда елеулі күшке айналғанын ерекше атап өтті. Өйткені елімізде шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкер әйелдер саны 52 пайызға жетіп, олардың жалпы ұлттық өнімді қалыптастыруға қосқан үлесі 40 пайызды құрайды екен.
Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ.