АймақҚарқаралы

Еңбегі ерге бергісіз

Отбасының қамын күйттеп, жолдасының жағдайын жасап, баласының бабын тауып, үйдегі күнделікті күйбең тірлікті қайыспай көтеріп жүрген нәзік жандардың еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес. Қоғамның қай саласында болсын қыз-келіншектердің үлесі басым. Ерлермен иық тірестіре отырып, еңбек етіп келе жатыр. Әсіресе, өнеркәсіп саласындағы қыз-келіншектердің қайсарлығына еріксіз таң қаласың.

Қарқаралы ауданында өндіріс орындары баршылық. Солардың барлығында дерлік қыз-келіншектер еңбек етіп келеді. Сондай кәсіпорынның бірі – Қарағайлы кен байыту фабрикасы. Заман ағымына сай дамып келе жатқан фабрика – жергілікті білікті мамандар арқасында толағай табыстарға қол жеткізіп отыр. Әрине, бұл жетістікте нәзік жандардың да үлесі басым. Фабрикада 30%-дан астам қыз-келіншек жұмыс жасайды. Олардың басым бөлігі көпірлі кранда, ұнтақтау бөлімінің конвейер машинистері болып жемісті еңбек етуде. Жаңа технологияның тілін тез меңгеріп, күрделі техниканы тізгіндеп жүрген Ғабидаш Құрманғожина, Әсем Есенбай, Сәуле Мұғиыновалар өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарайды. Аталмыш салада ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан, ағайынды, еңбек озаттары ағасы Қабыкен және апалы-сіңлілі Динара, Бақытгүл Баукеновалар еңбек өнімділігін арттыруда өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі мамандар.

– Фабрикада 2004 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Әпкем екеуміз ұнтақтау бөлімінің конвейер машинистіміз. Конвейермен келетін рудаларды ұнтақтау, олардың арасындағы темірлерді анықтау, металл анықтағыш құралдың көмегімен жүзеге асады. Егер арнайы құрылғыдан дабыл қағылса, конвейерді тоқтатып, руда арасындағы бөгде затты алып тастаймыз. Бұл қырағылық пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жұмыстың үздіксіз қарқынды жүруі конвейер машинисінің жұмысына тікелей байланысты. Еңбегіміз елеусіз қалмайды. Түрлі марапаттарды иеленіп отырамыз, – дейді Динара Баукенова.

Еңбек адамы сарқылмас жігерімен құдіретті. Олай болса, техника тілін шебер меңгеріп, табандылық пен ынта-жігер жолында еңбек етіп келе жатқан Қарағайлы кен байыту фабрикасының қыз-келіншектеріне сәттілік серік болсын дейміз.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button