Бас тақырыпКөкейкесті

“Еңбегің болмаса, елге өкпелеме”

Өз жерін тастап, өзге елден жұмыс іздеушілер қатары күн санап көбейіп келеді. Ол жақтағы жағдай «керемет-мыс». Жатын орын, ас-су арзан, еңбекақы жоғары. «Ауылдағының аузы сасық» демекші, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде қабылданып жатқан бағдарламаларды назарға да алмайды. Көздегендері жеңіл пайда, оңай олжа.

Әлеужелідегі «қосымша табыс табудың оңай жолдарын үйретемін» деген хабарландырулардан көз сүрінеді. «10 мың теңге салып, 1-2 сағатта 100 мың қылып береміз» деп «аңқау елге арамза молда» болып жүргендердің де қарасы басым. Дәл осындай жеңіл жұмыс, мол ақша табуға құмар-ақпыз. «Тәуекел түбі – мол табыс» деп, кіріп кетіп жатқандар қаншама. Өзім де қызығып, инстаграм желісіндегі «Онлайн-Табыс» деген парақшаға жаздым. Дереу ватсап группасына қосты. Шетелдік далап-бояуды жарнамалауым керек екен. Соңымнан үш адам кіргізуім керек. Олардың бонусы маған түседі…әдеттегі әуен. Блокқа қойып әзер құтылдым.

Түн ішінде құрбым звондап, 40 мың теңге сұрады. Екі сағаттан кейін қайтарып беремін дейді. Kaspi Gold карточкасына аударып жібердім. Жарты күннен кейін звондап жылап тұр. «Алаяқтар алдап кетті. 10 мың салсаң 100 мың қылып қайтарамыз» деген еді. Одан кейін «Сізге мұнан да жоғары ұтыс бар, енді 5 мың салыңыз» деп, қолда бар қаражатты сыпырып алып, ватсаптағы жазбаларды өшіріп, өзін блокқа қойып тастайды. Айналдырған екі сағаттың ішінде сан соғып қалды.

Дәл осындай жеңіл табысты көздегендердің көбісі шетелге кетіп, «жоқ» болып жатыр. Мұндай мысалдар жеткілікті.

– Үйленгеннен кейін әйелім мен баламды алып, Американың Айдахо штатына келдім. Өзім көлік жөндеу орталығында жұмыс жасаймын. Жалдамалы үйде тұрамыз. Ақша жетеді. Жаспыз ғой, арман қуалап, ел-елді аралап жүрміз. Дегенмен, туған жерге ештеңе жетпейді. Жылына бір рет баламды әкеп тұрамыз. Аналарымыз қатты алаңдайды. Бұл жақта тұрақтап қалмаймыз. Енді бір 2 жылдан кейін елге ораламыз – дейді, Абзал есімді азамат.

Жұмыс істеп, тірлігімді тіктеймін дегенге мемлекеттің жасап отырған қамқорлығы жетеді. Алайда, мемлекет берген қаржыны қалтаға тоғытып, жалған ақпармен өзінің де, өзгенің де көсегесін көгертпей жүргендер де көп. Жан қиналып, жауырын терлемей, оңай олжаға кенелу мүмкін емес.

Жалпы, еліміздегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне бірден бір ықпал етіп отырған мемлекеттік бағдарламалар екені айтпаса да анық. Өзін-өзі жұмыспен қамтып, шағын кәсіпкерлікке ден қойған отандастарымыздың қатары күн санап артып келеді. Әсіресе, олардың қатарында жастардың болуы көңіл қуантады. Ауыл шаруашылық қызметкерлері күні қарсаңында облыс әкімінің қабылдауында болған шаруашылық басшыларының дені – жастар. Бірі әке жолын қуса, екіншілері ата кәсіпті жалғастыруда. Өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып, нағыз адал еңбекпен абыройға жетіп отырған жандар екені келбеттерінен көрініп тұрды. «Еңбектің есесі, ақылдың ақысы бар» деген осы болар.

Орта және шағын бизнесті жандандыруда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 20172021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жұмыссыздар қатарының азаюына үлкен септігін тигізіп отыр. Қысқа мерзімдік кәсіптік оқулар, гранттар беру, қоғамдық жұмысқа тарту секілді бағыттары жұмыссыздық мәселесін шешуде. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы қатар дамыған Қарқаралы ауданында жұмыссыздық жоқ. Кәсіпорындарда еңбек ететіндердің 80 пайызы аудан тұрғындары. Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама аясында да жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып отыр.

– Қысқа мерзімді кәсіптік оқу мен «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқу жоспары асыра орындалды. Сәуір айынан барлығы 150 адамға жұмыспен қамту орталығынан жолдама берілді. 155 адам 594 млн. 886 мың теңге несие алса, 20 адамға 11 млн. 668 мың теңге грант беріліп, шағын бизнесін бастады. Әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру, жастар практикасы, қоғамдық жұмысқа тарту, «Бірінші жұмыс орын» жобасын орындауда берілген көрсеткіштер межесінен шығып отырмыз. Бағдарлама бағыттары толықтай біздің бақылауымызда – дейді Қарқаралы ауданының жұмыспен қамту орталығының басшысы Қанат Бабайбеков.

Ел игілігіне жарап жатқан мемлекеттік бағдарламалар жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне шарапатын тигізіп отыр. Шетелде шалқимын деп, барса бақыр да жоқтың кебін кигендер мен оңай олжаның жолына түсіп, елді алдап жүрген алаяқтар, өсім қуып пирамида жасағандар «үкіметтен көмек жоқ» демей адал еңбек етсе дұрыс болар ма еді?! Қимылдаған құр қалмасы анық. Дегенмен, кез келген кәсіптегі тазалық – болашақтың бұйдасын ұстаған бүгінгі жастарға жауапкершілікті сездірсе екен.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button