Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев халықпен жүздесуді күн тәртібінен түсірген емес. Бұл жолы аймақ басшысы Осакаров ауданының Молодежный ауылына арнайы келді. Мақсат – ауыл тіршілігіндегі түйткілдерді көзбен көріп, құлақпен естіп, шешім жолын жергілікті жұртпен бірлесе қарастыру.

Мәдениет үйінде өткен жүздесу – шынайы диалог алаңы болды. Кездесуге ауыл тұрғындары түгел келді.
Жол, жылу, су – ауылдағы ең өзекті үштік. Соның ішінде, ауыз су – тіршіліктің қайнары. Осакаров ауданында бұл мәселе тек сөз емес, нақты іске айналуда. Былтырдың өзінде Қаратомар, Николаевка, Қаракөл ауылдарына су құбыры тартылды. Биыл Садовое мен Трудовоеда сол игілікті іс жалғасады. Колхозное мен Шұңқыркөлде құрылыс жүріп жатыр. Ал, Центральное мен Приишимское ауылдары үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып қойған.
Одан бөлек, 200-дей адам тұратын жеті ауылға блокты-модульді су тазарту кешендері орнатылады. Бұл – құдықтан су тасып, таң ата тіршілік қамын күйттейтін ауылдықтар үшін зор жеңілдік. Бір сөзбен айтқанда, су мәселесі түбегейлі шешіліп, құдықтан емес, құбырдан таза су келеді.
Сонымен қатар, Молодежный ауылында жаңа блокты-модульді қазандықтың құрылысы басталды. Бұл – тек жылу жүйесі емес, тұрғындардың ертеңгі қысқа алаңсыз қарауы үшін жасалған нақты қадам. Облыс әкімі жылумен қамтуды негізгі үш басым бағыттың бірі ретінде атады:
– Біз тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін, сапалы ауыз суға қол жеткізуін және жылыту маусымына толық дайындықты басты назарда ұстаймыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жол салынса, өркениет ізі көрінеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл Пионерское мен Қаратомар ауылдарының жолдары жөнделеді. Бұл – көлікпен қатынауға қиындық көрген тұрғындар үшін зор қуаныш. Кент ішіндегі жолдар мен ауданаралық бағыттар да назардан тыс қалмаған.
Ауылға дәрігер керек. Дәрі-дәрмекпен қоса, маман мен инфрақұрылым да ауадай қажет. Бұл бағытта да оң өзгерістер бар. Сарыөзек ауылында дәрігерлік амбулатория салынды. Шұңқыркөл, Жұлдыз, Ошағанды және Ақпан ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер тұрғызылып жатыр. Ал, Молодежный ауылындағы ауылдық аурухананы күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленіп қойылған.
Тұрғын үй салу – жай ғана құрылыс емес, ол – жаңа өмірге жол ашу. Осы орайда Осакаровкада 18 пәтерлі екі көпқабатты үйдің құрылысы аяқталмақ. Ал Молодежный ауылында жеке инвестордың есебінен екі бесқабатты үй бой көтеруде. Бұл – 120 отбасы қоныстойын тойлайды деген сөз. Сонымен қатар, аудан орталығында 200 жеке тұрғын үйге арналған жер телімдері дайын тұр. Инженерлік инфрақұрылымның жобасы сараптамадан сәтті өтті. Енді тек қаржыландыруды күтіп отыр.
Кездесу барысында Молодежный тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталығының қайтарылуын сұрады. Электронды форматта шешілмейтін мемлекеттік қызметтер үшін аудан орталығына сабылуға мәжбүр. Бұл мәселені естіген әкім:
– Ең болмаса, бір маманды тұрақты қабылдауға қою керек. Халықты әуре-сарсаңға салуға болмайды, – деп нақты тапсырма берді.
Кездесуден соң Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар тұрғындарды жеке қабылдады. Көптің мәселесін кабинеттен емес, ел ішінен, халық арасынан тыңдау – бұл әкімнің айрықша жұмыс мәнері. Тек тыңдап қоймай, шешімін де жеделдетуді тапсырды.
Осакаровтағы бүгінгі бетбұрыс – ел ішіндегі ең өзекті мәселелерге нақты жауап. Бұл – аудан ғана емес, тұтас өңірдің даму жолындағы беталысын көрсететін мысал.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»