Дунай ЕСПАЕВ: Тәуелсіз театр – санадағы жаңғырық…
12-13 желтоқсан күндері Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында тәуелсіз «Дат» театры Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағаш» драмасын жаңаша форматта сахналамақ. Қойылым алдында аталған ұжымның басшысы белгілі режиссер, театр қайраткері Дунай Еспаевты аз-кем әңгімеге тарттық.

– Дунай Амандықұлы, бүгінде елімізде тәуелсіз театр мәртебесінде отыздан астам ұжым жұмыс істейді дейді деректер. Олардың пайда болуы шығармашылық еркіндіктің көрінісі деген пікірлер де бар. Сіз негізін қалаған «Дат» тәуелсіз театры қандай жаңашыл режиссура үлгісін көрсетуді көздейді?
– Тәуелсіз театрлардың көбейуі – қазақстандық театр кеңістігінің табиғи эволюциясы. Өнер демократияға ұмтылған сайын шығармашылықта еркіндік артады. «Дат» театрының мақсаты – көрерменді дайын қалыпқа салмай, оны оқиғаға соавтор ету. Біз иммерсивті форматты, актер мен көрермен арасындағы шекараны жоятын режиссуралық тілдерді дамытуды көздейміз. Әр спектакльде көрерменнің жеке тәжірибесін іске қосу – біздің басты ұстаным. Алғашқы спектакліміз «Поезд 21.15» соның дәлелі.
– Білуімізше, мемлекеттік тапсырыстан ада, ұран-насихаттан, таптаурын режиссерлік бағыттан бөлек, тәуелсіз театрлар коммерцияны көздемеуі тиіс. Тәуелсіз театрларға ең маңыздысы эксперимент десек, қателеспейміз бе?
– Дұрыс айтасыз. Тәуелсіз театр – ең алдымен эксперимент алаңы. Әрине, біз үшін шығармашылық процесс маңызды. Дегенмен, табыс таппасақ, шығармашылық процесс тоқтап қалу қаупі бар. Себебі, бізге билік тарапынан әзірге еш қолдау жоқ. Сондықтан да, билет құны да жоғары, бірақ менің ұстанымым – өнер арзан тұрмау керек, театрды жан-тәнімен қалайтын көрермен (театрал) қандай бағаға болса да, жанын «тазарту» үшін театрды өзі іздеп келетіндей жағдай тууы керек. Классикалық драматургиядан бастап, заманауи авторларға дейін – бәрін шығармашылық лабораториядан өткізуге әзірміз. Сондықтан «Дат» үшін тәуекел ету, форманы іздеу, жаңа актерлік техникамен жұмыс істеу – бұл қалыпты күнделікті еңбек.

– Тәуелсіз театрларды мәдени трансформацияның катализаторы деуге бола ма қазіргі кезде?
– Әрине. Тәуелсіз театр – қоғамның ең сезімтал бөлігі. Мемлекеттік жүйеден тыс тұрған соң, ол кез келген әлеуметтік, мәдени, құндылық өзгерістеріне тез жауап береді. Жаңа тіл, жаңа ой, жаңа форма бәрі тәуелсіз кеңістікте тез пайда болады. Бұл – мәдени жаңғырудың табиғи қозғалтқышы.
– Елдегі тәуелсіз театрлар түрлі бағытты ұстанған. Бірі еуропалық стильді, бірі эксперименттік, енді бірі саяси көзқарасты. Сіздің театрдың нақ бағыты қандай? Әлде әр стильде эксперимент жасауды көздейсіздер ме?
– Біз бір ғана бағытқа байланғымыз келмейді. Өйткені театрдың табиғаты – өзгеріс. «Дат» театры үшін ең маңыздысы – спектакльдің идеясы мен формасының бірлігі. Кейде еуропалық минимализм қажет болса, кейде ұлттық дәстүрге жақын поэтикалық реализм керек. Біз үшін стиль – құрал. Сондықтан әр қойылым өзіне лайық режиссерлік әлемде жасалады.
– Театр тәуелсіз болғаннан соң оның актерлік құрамы да тың әрі соны болуы керек. Мұндай театрға актер таңдау да оңай емес секілді. Актерлер құрамы қалай жасақталады? Коллаборацияға көзқарасыңыз қандай?
– Осы театрды ашу менің 30 жыл бойы армандап келген мақсатым және бірінші орынға тума талант принципін қоямын. Яғни, егер талант болсаң, күніне 10-15 сағат бойы сол талантыңды ширататын атмосферада жүрсең, міндетті түрде сен кәсіби актерге айналасың! Сондықтан да, тәуелсіз театрларда тұрақты труппаның болуы шарт емес, әр жаңа жобаға жаңадан кастингтер жарияланып, соның нәтижесінде артистік құрам пайда болады. Тәуелсіз театр актері көп қырлы болуы шарт – пластика, дауыс, импровизация, психофизика, сахналық батылдық. Бізге ең керегі – ізденуге дайын актер. Сондай-ақ өзге театрлармен, музыканттармен, хореографтармен, суретшілермен бірлескен жобаларға қашан да ашықпыз. Өнер тек синтезде дамиды. Менің ендігі бір арманым – Қарағандыда тәуелсіз театрлардың халықаралық фестиваль-форумын өткізу. Құдай қаласа ол күнге де жетерміз деп үміттенемін. Әрине, ол үшін өнерді құрметтейтін, өнерге инвестиция құятын азаматтар керек-ақ. Осы ретте «Дат» театрының қысқа мерзімде дүниеге келуіне қол ұшын созып, демеушілік пен мәрттіктің үлгісін көрсете білген «Natige» фирмасының президенті Ерлан Әшім мырзаға алғысым шексіз.
– Өзіңіз басты рөлді сомдаған, көрерменнің жүрегіне жол тапқан «Бір түп алма ағаш» қойылымын шығармашылық еркіндікте қайта сахналауда ұзақ ізденісті қажет еткені белгілі. Бұл көрерменге туынды интерпретациясын жаңаша қабылдауға әсер ете ме? Қойылымның бұрынғыдан өзгешелігі неде?
– Иә, бұл – мен үшін де, актерлер үшін де жаңа сынақ. Кезінде, Сәкен театрының сахнасында қойылып, көрермен алдына 550 рет шығып, отбасылық құндылықты дәріптеудің үлгісіне айналған аталмыш туындыға қайта оралу – тек қайталау емес, оны бүгінгі қоғамға лайықтап қайта ашу. Жаңа «Бір түп алма ағашында» актерлік мамандығы жоқ, менің шеберханамда үш ай бойы шыңдалған, керемет талантты қазақтың қыз-жігіттері сахнаға шығады, сценографиялық шешімі де, режиссерлік шешімі де, актерлердің сахнада әрекет ету тәсілі де мүлдем басқаша. Дегенмен осы қойылымда алғашқы құрамға жасалған тағзым ретінде бір-екі сахналық деталь мен бір-екі мизансценаны сол күйінде сақтадым. Қойылымның эмоциялық температурасы да басқаша. Бүгінгі ұрпақтың отбасылық байланыстарға деген көзқарасы, жалғыздық феномені, шаңырақтың символдық мәні қайтадан тереңдетілді. Бұл көрерменге мүлдем жаңа қабылдау ұсынады.
– Театрдың жоспары қандай? Алдағы уақытта көрермен сіздерден не күтуі тиіс?
– Ең басты жоспар – көрермен талғамын қанағаттандыратын репертуар қалыптастыру және жаңа авторлармен жұмыс жасау. Алда бірнеше эксперименттік жоба, пластикалық драма, заманауи қазақ драматургтерінің туындылары, жастарға арналған иммерсивті форматтағы спектакльдер бар. Сонымен қатар өңірлік гастрольдер мен театралдық лабораторияларды іске қосу мақсаты тұр. Жақында ғана Түркияда өтетін Халықаралық фестивальге «Поезд 21.15» қойылымымен шақырту алдық. Бұл да болса біз үшін үлкен қуаныш және жауапкершілігі мол сынақ деп білеміз және де аталмыш қойылымның орыс тіліндегі нұсқасын да жасап жатырмын. Себебі сұраныс бар. Көрерменіміз бізден әрдайым жаңаша форма, тың ой және шығармашылық адалдық күтеді. Бұйыртса, өнер жанашырлары шағын бір ғимаратпен қолдау көрсетсе, біз алмайтын қамал болмас деп болашаққа үлкен сенім, қызу шабытпен қарап отырған жайымыз бар.
– Уақыт бөліп, тұшымды әңгіме өрбіткеніңізге көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



