Басты тақырып

Дубовкадағы думанды кеш

   Жақында Дубовка кентінің мәдениет үйінде әуесқой сазгер, термеші Төребек (Төкен) ҚҰТЖАНОВТЫҢ «Көңіл сырлары» атты ән кеші өтті. Көктем кешін әсерлі сазға бөлеген салиқалы бағдарлама кеш иесінің «Көңіл сырлары» атты әндер жинағы мен үнтаспасының (диск) тұсаукесер рәсіміне орайластырылған.

Шоу-бизнестің даңғазасынан талғамы биік тыңдарман жалыққан секілді. Қасиетті қара домбыраны сағынып жүр, білем. Дәстүрлі өнердің дәріптелуі кемшін деп жатамыз кейде. Оның салдарына үңілмейміз. Салдары – жалқы. Осы Төребек Құтжанов секілді ел ішіндегі өнерпаздарды насихаттауға енжармыз. Жарқыраған эстрада «жұлдыздарының» жарқылына суғарылған жанарымыз Мейірханды (Адамбеков) менсінбей, Жақанды (Кемалов) жатырқай, Дәуренбек (Әркенов), Ержандарды (Базарбеков) елемей жүр. Ауыл кешін көңілді етіп, халықтың ықыласына бөленіп жүрген Төребектерді қалай төрге оздырсын?!

Әйтпесе, Төкеңде мол қазына бар екен. Оған Дубовканы думандатқан ән кешінде көзіміз анық жетті. Төребек аға екеуміз – бір топырақтың төліміз. Жерлесім болғандықтан асыра мақтап отырғаным емес, Төкең – нағыз тума талант. Музыкалық білімі жоқ. Музыкалық біліміңіз не, денсаулығына байланысты орта мектеп бағдарламасын да толық бітірмеген. Ал, бойындағы таланты – ұшан-теңіз. Домбырамен термені төгілдіріп, Шәмшінің әндерін сырнаймен құйқылжытқанда алпыс екі тамырыңызда ойнаған құдіретке алты минут ие бола алмайсыз-ау…

Бұл жолғы кештің бар салмағын өзі көтеріп шықты. Әлгі «жұлдыздардай» билет сатып, қалта қаққан жоқ. Өзі – жүргізуші, өзі – автор, орындаушы да – өзі. Әрине, ағаның шашбауын көтеріп келіп, әндерін орындаған інілері болды. Дәуренбек Әркенов, Дулат Аханов сынды ән дүлдүлдері аға жанынан табылып, автордың жаңа әндерін нақышына келтіре орындады. Мирас Ғалымов, Толғанай Бағдатова, Айбек Құдайберген, Медеу Шилманов секілді жас әншілер де кеш ажарын кіргізіп, ән базарын дүбірлетті.

Төребек ағаның өз орындауындағы термелері де көңілімізді тербеп, рухани қанағаттың қазығын шиырладық.

Кітап пен үнтаспаның тұсаукесер рәсімін белгілі ақын, кеш иесінің жерлес һәм рухани ағасы Бақтыбай Аманжолов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист Мағауия Сембай жасап, ақ жаулықты аналар шашу шашты.

Өнерпаздың бүгінгі мекені – Дубовка. Ел атынан кент әкімі Н.Медведев құттықтап, Төкеңнің иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Не керек, самсаған «жұлдыздардың» даңғырлақ әуенсымағы санамызды кірлетіп жіберген екен. Әуесқой болса да, Төкеңдердің әуенінде табиғи сарын бар. Даланың дабылы, дәуірдің үні бар. Жанымыз жадырап, рухымыз асқақтап қайттық. Ең бастысы, санамызды даңғазадан тазалап алдық. Орыстың орманындай мүлгіп тұрған Дубовка бір сәт ән аламанына куә болып, думанды кешті басынан өткерді.

Төребек Құтжановтың Дубовканы думандатқан ән кеші туған жері – Жаңаарқада жалғаспақ. Сәт сапар!

Өнер көгінде қанатыңыз талмай, биікке самғай беріңіз, Аға!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button