Жаңалықтар

Дубайда дара шықты

Қарағандылық өнер мектебінің оқушылары Дубайда өткен халықаралық байқаудан бас жүлдемен оралды. Олар қазақтың күйлерінен попурри орындады.

Сурет: Saryarqa.tv сайтынан

Өнер мектебінің оқушылары қазақтың секіртпе күйін орындапты. Шетелдік әділқазылар жас күйшілердің композициясын ерекше ықыласпен бағалаған. Осылайша, халықаралық байқауда бас жүлдені қанжығаларына байлады.

– Оқушыларым өнер көрсетіп болғаннан кейін шетелдік қазылар жанымызға келіп, таңданыстарын жеткізді. Ұлттық аспапты қолдарына ұстап, шертіп көрді. Домбыраның үніне тамсанып, біраз тұрды. Өнерімізге жоғары баға берді. Кеудемізді мақтаныш кернеді. Енді Еуропада өтетін халықаралық байқауға қатысуды көздеп отырмыз, – деді домбыра пәнінің мұғалімі Жәнібек Қазыбекұлы.

Халықаралық байқауға Түркия мен Қырғызстан өнерпаздары қатысыпты. Қарағандылық күйшілер өнер додасында бақ талас­тыру оңай болмағанын айтты. Төкен Байжігіттің домбыра үйірмесіне қатысқанына бір жыл ғана болыпты. Аз уақыт ішінде өз шеберлігін көрсете білген.– Дубайда өткен

конкурста қатты қобалжыдым. Бас жүлде алғанда қатты қуандым. Әрине, оңай болмады. Біраз еңбектендік. Еңбегіміз ақталды. Халықаралық деңгейде өнер көрсету оңай емес. Әрі қарай да шеберлігімді шыңдаймын. Мұғалімдерден бә­рін үйреніп, келешекте сахнада жарқырағым келеді, – деді Төкен Байжігіт.
Қазір жас күйшілер ансамблі алдағы уақытта болатын басқа да халықаралық байқауларға дайындықты жалғастырмақ ниетте. Жаңа композицияларды репертуарларына қоспақ.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button