Дубайда бокстан әлем чемпионаты басталды
Кеше Дубай қаласында Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ұйымдастыруымен ерлер арасында әлем чемпионаты басталды. Бұл жарысқа ұлттық құрама спортшылары толық құрамда қатысуда. Сол құрамда Абылайхан Жүсіпов, Сабыржан Аққалықов және Нурмагамед Юсупов сынды жерлестеріміз де бар. Сонымен қатар, World Boxing ұйымы жаңартылған әлемдік рейтингті жариялаған болатын. Сол қатарда Сабыржан да бар…

Әуелі Өзбекстанның Ташкент қаласында оқу-жаттығу жиындары өткен болатын. Онда Орта Азия елдерінің ерлер құрамалары бірлесіп, толық оқу-жаттығу жиындарын өткізген. Ал, әлем чемпионатына ұлттық құраманы бас жаттықтырушы Қайрат Сәтжанов бастап бармақ.
Абылайхан Жүсіпов 71 келі салмақта сынға түспек. Абылайхан – тәжірибелі, халықаралық деңгейде мойындалған боксшы. Оның мансабы ұлттық және құрлықтық жарыстардан бастап, жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарға дейін созылған. Осы жолы да бұл спортшыдан алтын күтіп отыр.

Сабыржан да 75 келі салмақтағы басты фавориттердің бірі. Жас та болса, республикалық, халықаралық жарыстарда ерекше бокс стилімен көзге түсіп жүрген перспективалы боксшы. Бұл спортшы да әлем чемпионатынан топ жарады деген сенім мол.

Ал, Нурмагамед Юсупов – ұлттық деңгейдегі құрамаға шақырылған ауыр салмақтағы боксшы. Яғни, 92 келі салмақта қолғап түйістіреді. 2001 жылғы жас боксшы екі дүркін күміс жүлдегер. Дәл осындай байрақты бәсекеге ұлттық құрама сапында алғаш өнер көрсетуі. Ел намысын қорғайтын боксшыларға сәттілік тіледік!
Сонымен қатар, күні кеше ғана World Boxing ұйымы жаңартылған әлемдік рейтингін жариялады. Әйелдер боксынан Қазақстан спортшыларының есімі тоғыз салмақ дәрежесінде топ-15 санатына енгізілген. Ал, жерлесіміз Аида Әбікеева 65 келі салмақта көш басына шықты. Сонымен қатар, отандасымыз Наталья Богданова да 70 келі салмақта көш бастады.
Одан бөлек, ерлер арасындағы әлемдік рейтингте де тоғыз салмақ дәрежесінде отандастарымыз үздіктер қатарына енді. Ал, жерлесіміз Сабыржан Аққалықов 75 келіде IX орынға көтерілді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер Қазақстан бокс федерациясынан



