Дуальді оқыту: теорияның өндіріспен ұштасуы
Бүгінгі күннің болмысы кәсіби білім жүйесі алдында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау, өз мамандықтарын жетік меңгерген, өз мамандығы бойынша тиімді жұмыс жасауға қабілетті, тұрақты кәсіби өсуге дайын, әлеуметтік және оңтайлы кадрларды даярлауды талап етеді. Осыған байланысты, қойылған басты міндет – мемлекеттік құрылымдардың күшін біріктіру, жұмыс берушілер мен оқу орындарын облыстық кәсіпорындар мен өнеркәсіптерді білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесінде жұмылдыру.
Бүгінгі таңда еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығы ерекше орын алуда. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себепшісі білім беру үрдісін ұйымдастыру және жүйедегі мәселелер. Яғни, жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағды, білім мен тәжірибені талап ететін нақты өндірістік жағдайлардан теориялық білім берудің алшақтап кетуі. Қалыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жою мәселесімен жұмыс берушіге күресуге тура келеді. Себебі, білікті мамандармен қамтамасыз ету – бұл жетістікке қол жеткізудің кепілі. Мұндай жағдайда жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқу, тәжірибеден өту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды.
Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуальді жүйесі – техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның ерекшелігі сол кәсіптік оқыту үдерісінің басым бөлігі оқу орнында емес, кәсіпорындарда технологиялық, диплом алдындағы тәжірибелерден өтетіндігінде. Нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды дайындау қазіргі кезде білім берудің дуальді жүйесі деген атпен белгілі.
Дуальді оқыту жүйесі – ол теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Бұл алғаш Германияда пайда болып, негізі қаланды. Дуальді оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденген. Дуальді оқыту жүйесі қазіргі дүниежүзілік тәжірибеде бар дүние. Оның жарқын мысалдарының бірі – Германиядағы кәсіптік-техникалық білім берудегі даярлаудың дуальдік жүйесі. Мұнда студенттер уақытының үштен екі бөлігінде еңбек ете жүріп, өндірістен қол үзбей оқиды. Тек уақытының үшінші бөлігін теориялық оқуға, білімді ұйымдастыруға арнайды.
Дуальді оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – техникалық – кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандар даярлау.
Дуальдік жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік береді. Түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің – өзара байланысын, әсерін, кірігуін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттырады.
Дуальдік жүйе оқытудың дәстүрлі жүйесінің негізгі кемшілігін – теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты жояды. Сондай-ақ, дуальдік білім беру жүйесінің механизмінде кәсіби маманның жеке тұлғасына әсер ету, болашақ маманның жаңа психологиясын жасау жатыр.
Білім алушы сабақты, дәрісті тыңдағанда дәрістің 10%-ы есінде қалады. Көргенде 40% мәліметті сақтайды да, артынша қайталап айтса, 70% есінде сақталады. Егер де көргенін, не естігенін өзі жасаса, мәліметтің 90%-ын қабылдайды екен. Бұдан білім беру оқыту үрдісі үнемі көрнекі құралмен, практикалық іс-әрекетпен ұштасуы қажет деген ұғым туады.
Қазақстанда дуальді жүйені енгізу жобасы Erasmus+ бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Жобаның мақсаты – жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес студенттердің құзыретін жақсартатын, түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін арттыратын және жеке сектормен ынтымақтастықты нығайтатын Қазақстандағы дуальді жүйені бейімдеу.
Жобаның міндеттері – заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсыну, Қазақстанда дуальді білім беруді бейімдеу бойынша нормативтік құжаттар дайындау қажет деп біледі. Студенттерге формалды білімді жұмыс орнында алған оқумен үйлестіре отырып, анағұрлым өзекті білім мен дағдылар алуға мүмкіндік беруді көздейді. Жұмыс берушілердің, жоғары оқу орындары мен студенттердің, өнеркәсіптің түрлі саласындағы қажеттілік пен мүддені қолдайтын дуальді жоғары білім беру моделін әзірлеу. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарына дуальді білім беруді енгізу бойынша ұсынымдар беру, кәсіптік колледждердің бағдарламаларын жоғары оқу орындарына түсушілерге қойылатын талаптармен үйлестіру, жоғары оқу орындары мен компаниялардың дуальді оқытуды қолдауға және енгізуге қызығушылығын арттыру, студенттердің оқудан шығарылуын төмендету, дуальді білім беру мен кәсіптік оқытудың желілік және зерттеу орталығын құру міндеті тұр.
Осылайша оқу үрдісіне дуальді оқыту жүйесін енгізу арқылы күтілетін нәтижелер аз емес. Атап айтқанда, ең бірінші, теория мен тәжірибе сабақтар арсындағы алшақтық жойылады. Түлектердің жұмысқа орналасу мәселесі оң шешімін табады.
Оқу орны жұмыс берушінің болашақ мамандарға деген талаптарын үнемі ескеріп отырады. Жұмыс берушілер өндіріс талабына сай білім алушыларға қойылатын біліктілік талаптарды дайындауға, кәсіптік стандарттарды, дуальді оқу жүйесі бойынша модульдік оқу бағдарламаларын дайындауға қатысады. Дуальді оқу жүйесімен оқыған студент белгілі құзыреттерді меңгерген кәсіби маман болып қалыптасады. Мұның сыртында, қызметкерлердің дуальді білім алу жүйесі білім алу мен жұмысқа дағдылануға жоғарғы мотивация береді. Өйткені, олардың алған білімдерінің сапасы жұмыс орындарында атқаратын қызметтік міндеттеріне тікелей байланысты болады. Қазіргі таңда Қазақстанның көптеген өңірлерінде KAZDUAL жобасының пилоттық бағдарламасын жүзеге асыру бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Ақиқатында, дуальді оқыту жүйесі арқылы жастарға ересек өмірге өтуге, бейімделуге жеңіл болады. Оқу барысында өз еңбегіне ақы ала отырып, ал кейін жақсы маман жұмыс орнына кедергісіз орналасады. Дуальді оқыту жүйесі Германия, Аустрия, Дания, Нидерланды, Швейцария сияқты көптеген еуропалық елдерде және соңғы жылдары Қытайда және Азияның басқа да елдерінде кең тараған және оң нәтижеге ие болып отыр. Осы дамыған елдердің қатарында Қазақстан да биік тұғырдан көрінетініне сенімдімін.
Б.БЕЙСЕНБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
шет тілдер факультетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі.