Бас тақырып

Қарағандыда полиция қызметкерлері дрон көмегімен құрылыс қалдықтарын төккен азаматты қолға түсірді

Бүгінде еліміздегі өзекті мәселенің бірі – экологиялық қауіпсіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау мәселесін үнемі назарда ұстап, ел болашағы үшін табиғаттың тазалығы мен ресурстарды ұтымды пайдаланудың әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтып келеді. Президент тапсырмасы аясында республика көлемінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы іске асырылуда. Аталған ұлттық бағдарлама кеншілер астанасында нақты нәтижесін беруде. Бұл бағытта заңбұзушылық та жоқ емес. Ал, экологиялық заңбұзушылықтарға қарсы күрес облыста жаңа деңгейде.

Бүгінгі таңда өңірде қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау мен жауапкершілік тетіктері күшейіп келеді. Енді заңсыз қоқыс тастау фактілері тек тұрғындар хабарламасы немесе жоспарлы тексерулер арқылы ғана емес, заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен де анықталуда. Бұл бағытта дрондардың тиімділігі айқын аңғарылып отыр.

Мемлекет басшысы Жолдауларында еліміздің әр азаматы табиғатты аялауы тиіс екенін, ал, заңды бұзғандар міндетті түрде жауапқа тартылатынын ескертіп келеді. Президентіміздің экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы құқық қорғау органдары үшін де нақты бағдарға айналды.

– «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңір полициясы табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтау және жауапқа тарту бойынша пәрменді шаралар қабылдауда. Бұл іске жаңа технологиялардың қосылуы қадағалау сапасын арттырып қана қоймай, экологиялық тәртіпті нығайтуға да елеулі үлес қосуда. Қаланың кейбір алыс, көзден таса, бақылауы қиын учаскелері – көбіне заңсыз қоқыс үйінділеріне айналады. Бірақ, бұл олқылықтың орнын қазір ұшқышсыз ұшу аппараттары, яғни, дрондар толтыра бастады. Дрон арқылы тәртіпті қадағалау – экологиялық қауіпсіздік саласында жасалған үлкен серпіліс, – деп атап өтті облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Жақында Қарағандыда полиция дронның көмегімен белгіленбеген жерге құрылыс қалдықтарын төгіп жатқан азаматты қолға түсірді. Нәтижесінде, бір емес, бірнеше рейспен әкелінген қоқыс екені анықталды. Жүргізушіге әкімшілік айыппұл салынып, оның көлігі айып тұрағына жеткізілді. Қоршаған ортаға келтірілуі мүмкін зиян дер кезінде тоқтатылды.

Тағы бір оқиғада ұшқышсыз ұшу құрылғысы арқылы 33 жастағы азаматтың бетон ерітіндісін рұқсатсыз төгіп жатқан сәті дәлел ретінде тіркелді. Мұндай технологиялар құқық бұзушыларға тосқауыл қоюдың, жауапкершілікті арттырудың нақты жолына айналып отыр.

Қазір тексеру жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін Қарағанды полициясы әлеуметтік желілерді мониторингтеу, бейнебақылау жүйелерімен біріктірілген дрондарды қолдану тәжірибесін кеңінен енгізіп жатыр. Бұл – дәлдік пен жедел әрекет етудің кепілі.

Мысалы, 7-магистраль көшесінде жүргізілген рейд барысында КамАЗ көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған Азат Теміров құрылыс қалдықтарын заңсыз төгіп жатқан жерінен ұсталды. ҚР ӘҚБтК 505-бабы 2-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, көлік айыптұраққа қойылды.

– Цифрлық бақылаумен қатар, қоғамдық бақылаудың да маңызы зор. Жоғарыдағы заңбұзушылықтардан бөлек, Балқаш қаласы маңында бірнеше заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, тазартылды. Бұл істе белсенді тұрғындардың көмегі мен жергілікті биліктің жауапты көзқарасы ерекше рөл атқарды. Экологиялық мәдениет тек жазалау арқылы емес, ортақ түсінік арқылы қалыптасуы керек, – дейді Жасқайрат Иманбекұлы.

Цифрлық технологияны тиімді қолдану – болашақта табиғатқа жасалатын кез келген қиянатты дер кезінде анықтап, заң аясында тоқтатуға мүмкіндік беретін таза табиғат пен ұлт саулығына апарар сенімді жол.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button