Достық заңы
«Құдай берген бұл достық – кәннің бірі».
Абай.
Өлең – поэзияның сүйегі, діні – сөз десек, кілең сөзден тұратын заңды қолдану процесі құқықтық поэзия деп анықтауға тұрарлық дүбірлі дүние.
Сондықтан, біздің азаматтық құқықтың алғы теориялық негізін һәм тарихын бар адамзатқа тән сөзден іздеуіміз заңды.
Оның себебін белгілі ғалым Бейсембай Кенжебаевтың «Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу» атты мақаласындағы мына бір ой-тұжырымнан табамыз: «Әдебиет тарихы халық тарихымен тығыз байланысты, соның бейнелі көрінісі, сүрлеуі: ол қай кезде болсын халық тарихының ізімен жасалады. Демек, қазақ әдебиетінің ғылыми тарихы да қазақ халқы азаматтық тарихының ізімен жасалуы тиіс».
Ендеше азаматтық тарихтың өзін, оның ішінде азаматтық құқықты да адам сөзінен іздеуге міндетті. Бір сөздің өзіне талай ғылым сыйып, тіпті, бүкіл ғалами ғылым сыйып тұрғанына күмән жоқ.
Сөзіміз дәлелді болу үшін Абайдың «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» атты өлеңінен эпиграф ретінде алынған жолдағы «кән» сөзін ұсынамыз.
Абайдың шығармалар жинағында бұл «кән» сөзіне берілген түсіндірмеде түбі «арабтан шыққан, мағынасы – кен, кеніш. Ауыспалы мағынада: мейірімділік бастауы, қайырымдылық, ізгілі; негізгі мағынасында Құдайдың эпитеті» делінген.
Тегі сол жақтан болуы да мүмкін, бірақ біз бұл сөздің ағылшынның модальдық «cаn» етістігіне жақын екендігін Абайдың достық сезіміне қатысты қисынды пайдалануынан көреміз.
Жалпы, модальдық етістік әрекеттің өзін емес, оған деген қатынасты белгілейді. Бұл етістіктің мақсат-тілегі біреу: «адамның бойындағы ақыл, қабілетін көрсету».
Бұл «Саn» сөзінің мағынасы – қолдан келу, істей алу, яғни адамның қабілеті, көзге түспес, көңіл төрінде орын тепкен рухани қасиет.
Абайдың « Ескендір» поэмасында алтын қорғанның құдайға бастайтын қақпасының күзетшісі патшаға: «Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең, Мықты болсаң өзіңнің нәпсіңді жең!» демей ме?
Нәпсінің анықтамасын тағы да Абайдан табамыз: «Тоқ тіленші – адамның сайтаны, харекетсіз сопы монтаны».
Абай «достық» сезімін құдай берген «кәннің бірі» деп, оның адамға жаратылыстан туа біткен қасиет, қабілет санайды.
Осы бір қабілет адам бойында қалай сыйып жүр, мекені қай жақ десек, оны біз шағатай тіліндегі «кән» сөзінің мағынасынан іздегеніміз жөн.
Шағатай тілінде «кән» сөзінің мағынасы – жылылық. Құрыш бойды жылытқан ыстық – жүректе. «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».
Абай «сол жүректен жылылық, достық пенен бұлақша ағып ғаламға тарамақшы» деп түсіндірген. «Әр жүрек, бар жүрек бір соғады – достық аңсап».
Ал, «кәннің өзі» адамға туа біткен қасиет болатын болса Абай неліктен: «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп, Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік. Ойшылдың мен де санды бірімін деп, Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп» деп қапалана, өкінішті күй кешіп өзін сын тезіне салған?
Оған жауапты Абайдың өзінен естиміз: «алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, – әурешілікті көре-көре келдік». Бұл Абайдың ой күнделігі іспеттес «Бірінші қара сөзіндегі» азаматтық мойындауы.
Арыстандай алысқан, жолбарыстай жұлысқан, арындап айтысқан, тағыдай тартысқан. Қып-қызыл майдан, соғыс, жан алып жан берген жанталас, бар өмірі күрес.
Абайдың адамдық жұмбағының шешуі міне осында жатыр. Талант трагедиясы, тағдыр тәлкегі.
Өзі айтып отырған әурешілікті Абай неге көп көрді, олай болғанына кім кінәлі дейміз ғой баяғы әдетпен.
Бұл сауалға да Абайдың өзінен, «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» өлеңінен табамыз: «Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақтым шырақ».
Бұл жолдар да – намысты жүректің ашық та, анық сырласуы, арылуы. Бірден туа ойшыл болдым демейді, қайта жасында ойдан жырақ өскенін естіртеді. Айтуына қарағанда, айла-жырғасы да, ашу-ызасы да алапат болған сыңайлы.
Айла да, ашу да өрт боп лаулай өзін де өртеп, небір у-дерттен қайғы алған ақын ақыры достықтан артық дүние жоғын көрді де, ең соңында ұлтына мәңгі өлмес, өшпес ұлы достық заңын ұсынды, өзі де қазаққа дос бола білді.
Қаны қаралы, жаны жаралы жұмбақ адам «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым Етекбасты көп көрдім елден бірақ. Ой кіргелі тимеді ерік өзіме, Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме» деп өкініп өтіпті өмірден.
Сандалмамен күн кешпес үшін қайтпек керек, кімнен ақыл-кеңес сұрарсың десек, оның жауабын тағы да адам сөзінен табамыз.
Ағылшын тілінің тарихын зерттеген ғалым Б.Ильиш «Саn» етістігінің «қолдан келу, істей алу» мағынасы өз кезегінде «мен үйрендім» атты мағынадан туған дейді.
Үйрену-білу, оқу, тоқу, машықтану, шебер, майталман атану. Ыбырай Алтынсаринның үндеуі: «Кел балалар, оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық».
Кәнігі болу. Қазақтың «кәнігі» сөзінде де манағы араб, ағылшын тіліндегі «кән» етістігі тұр.
Достық сезімі құдай берген кән болса, адамды жасынан соған үйір қылу маңызды. Абай ақылын, насихатын тынбай айту: «Өзің үшін үйренсең, Жамандықтан жиренсең, Ашыларсың жылма-жыл».
Ашылу – достық сезіміне ие болу, машықтану, дағдылану, үйір болу. Қазақтың мақалы: «Жаманшылықтан жиренбей, жақсылыққа үйренбейсің». Тәрбие заңы: Жирен де үйрен. Өкінішті көп өмірден жирену. Адасудан арылу. Таза сезіммен табысу.
Үйрету де, үйрену де – еңбек, тәрбие. Қазақтың қазаққа дос бола білуіне жаңадан үйрету нағыз еңбек, тәрбие.
Дос болу – қазақтың адамдық, азаматтық құқығын қорғау. Онсыз басқа істің бәрі де бос әурешілік. Еліне, жеріне, ақыл-есіне, намысына ие болу ниетімен үйрену.
Абай өсиет еткен жолмен жүру: «Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейін, мені көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз зорлығына кенбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болш, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек».
Абай түзу, таза ниет қана мұратқа жеткізбек дейді: «Дін ниетің тек бір ғана дүниеде болса бұзылғаның». Әрбір әрекеттің мазмұн, мағынасын бейнелейтін – ниет, ішкі рух.
Законсыз, зорлық заманның өзінде де Абай достық ниетті үйренуге, үйір болуға шақырған. Ұлттың құқығын күзет, қорға дейді. Ұлттық құқық тек қана тілде өмір сүреді. Тіл – болмыс үйі. Үйі, күйі жоқтың болашағы белгісіз.
Абай сөзі – қазақтың қазақты жақсы көру үлгісі. Бұл – «қазақ та адам баласы» деген Абай аманаты. Қазақтың қазаққа дос болуы – қазақтың өзін-өзі тануы.
Тіл табиғаты, тарихы қызық қой, сөз басында эпиграф ретінде алынған Абайдың «Құдай берген бұл достық – кәннің бірі» деген өлең жолындағы «Дос» ұғым-ойы латын тілінде мен мұндалап тұр.
Ол тілде «Dos» сөзі – талант, сый, қабілет ұғымын береді. Дос – құдай берген қабілет, кән.
«Кән» дегеніміз – заң. Табиғи жаратылыстан туған ереже. Оның негізінде жатқан идея – адам болып өмір сүру. Достық өсіп-өну қажеттілігінен шығады. Достық – кемел келісім. Достық – ақыл бірлігі.
Тап осы қабілетті адам баласына не себептен бергендігін Абай анықтап берген: «Құдай тағала дүниені кәмәлатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолында адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек».
Абай ойын ары қарай жалғастырсақ, мына заманда бар қоғамға арнайы Достық заңы қажет. Өйткені, заң – тәрбиеші. Заң – ұлы ұстаз.
Достықты адам баласына жалықпай үйретер жалғыз ұстаз – Заң. Халықтың қажымас анық досы да – Заң.
Азаматтық құқық қарым-қатынасының адалдық, парасаттық, әділдік принциптерінің бастауы да, поэзиясы да – Достық.
Марат АЗБАНБАЕВ,
Қарағанды облыстық сотының
судьясы.