Достығымен жарасқан
Жақында Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін паш ететін көрме өтті.
Кеншілер шаһарындағы ұлт өкілдерінің «Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күн іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған көрмеге облыстағы барша этномәдени бірлестіктері және «Шебер» қолөнер орталығы атсалысты.
Көрмеге әрбір орталық өзінің жұмысы бойынша жеткен жетістіктерін, орталықтағы газет жұмысын, қолөнер бұйымдарын, музыкалық аспаптарын, көрнекті жазушылардың шығармаларын және тұрмыстық бұйымдарын, ұлттық нақыштағы әшекейлерін қойды.
«Казачья вольница» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Семен Раков жиі өткізілетін көрмелер қала тұрғындарын татулыққа бастап, ізгілікке шақыратынын тілге тиек етті. Тамашалаушы қала қонақтары этномәдени бірлестіктердің тарихы мен дәстүрлерінен мағлұмат алып, атқарған жұмыстарынан хабардар болды.
Айта кеткен жөн, бұған дейін «Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күн жоспары аясында Қарағанды облысы әкімі аппартының «Қоғамдық келісім» Коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Конституция – Қазақстан халқы бірлігінің кепілі» жалпы республикалық акциясы аясында облыстық «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы – азаматтық қоғамның дамуы мен қалыптасуына 25 жыл» конференциясы және мемлекеттік тілде жазылған шығармалар байқауы өтті.
Аяулым СОВЕТ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.