Спорт

Достықты ту еткен дода

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Осы атаулы мерекеге қатысты бірқатар шара қолға алынуда. Соның бірі – облыстық дене шы­нық­тыру және спорт бас­­қармасының ұйымдас­ты­руымен Қарағанды қаласын­дағы орталық саябақта өт­кен жаппай шаңғы жарысы.

Жаппай сайыс атануы себебі – жарысқа он жастағы оқушыдан бастап, зейнеткерлерге дейінгі бар­лық тілек білдірушінің қатысуында.

Бірнеше жас санатында 300-ге жуық қатысушы 1,5 шақырым қашықтықты жылдам басып өтуге барын салды.

Жарыстың бас төрешісі Нұрис­лам Берімовтің айтуынша, жарыс саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

– Шаңғы жарысы екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді жә­не қарағандылықтардың қызы­ғушылығын тудыруда. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Жарыс дәстүрге айналады деп үміттенеміз, – деді ол.

Алдымен жарыс жолына 4-6 сыныптың ұлдары мен қыздары шықты. Ұлдардан №8 мектептің оқушысы Илья Дорожкин, қыз­дардан осы мектептің оқушысы Екатерина Новикова мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті.

7-8 сыныптың ұлдары һәм қыздары арасында №8 мектеп оқушысы Арафат Серіков, қыздардан қарқаралылық Ангелина Корнукий бірінші орынды иеленді. 9-11 сынып оқушылар арасындағы бірінші орын ұлдардан Әмір Жеңісұлына, қыздардан №40 мектептің білім алушысы Марина Кочетковаға бұйырды.

– Мен шаңғы спортын жақсы кө­ремін. Осындай жарыстарға қуана қатысамын. Жарыс керемет өтті. Таза ауа­да шаңғымен жарысып, бірінші орын алып, қуанып қайттым, – дейді №8 мектеп оқушысы Арафат Серіков.

Ардагерлер арасындағы жарыс та тартысқа толы болды. Әй­елдерден бірінші орынға №8 мек­теп атынан қатысқан Елена Тян, ерлерден теміртаулық Кирил Акмурзин жайғасты. Ардагерлер арасындағы жарысқа 73 жастағы марафоншы Төлеутай Жаманбек қатысқанын да атап өткен жөн.

Колледж студенттерінің ұлдарынан Саран техникалық колледжі студенті Иван Соколов, қыздардан Қарағанды техника-құрылыс колледжінен Сандра Сабитова топ жарды.

Жоғары оқу орындары сту­дент­терінің ұлдары арасында Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінен Рамазан Дүйсен бірінші орын алса, қыздар арасында жеңімпаз шықпады.

Соңғы ерлер мен әйелдер жарысында ерлерден Виталий Савин, әйелдерден Шахтинск қаласынан келген Ботакөз Дүйсембай оза шапты.

Ботакөз Дүйсембайдың айтуынша, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Облыс тұрғындарын өзара татулыққа, дос­тыққа, саламатты өмір салтын насихаттауға арналған осындай іс-шараның жиі өткенін қалайтынын да жасырмады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамотамен және медальмен марапатталды. Барлық қатысушыға сертификат берілді.

Мөлдір МҰРАТБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті
журналистика бөлімінің IV курс студенті
Сурет облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Басқа материалдар

Back to top button