Жаңалықтар

Достықтың гүлтәжі

     «Ғажайып ел» үлгілі хореографиялық ансамблі – Қазақстан халқы Ассамблеясының кішігірім көшірмесі секілді. «Қазақ Еліне ұқсас біздің ансамбльде 25 ұлт өкілі бір сахна шеңберінде тату-тәтті өнер көрсетеді», – дейді аталған өнер ұжымының жетекшісі – Ирина ВАЗЕМ.

Лариса Дедуренко және Ирина Вазем негізін салған ансамбльге алғаш 2000 жылы 60-тан астам бүлдіршін тіркеліп, дайындық жұмыстарын бастады. Аз уақыт аралығында Қарағандыда тұратын түрлі ұлт өкілдері жиналып, бір үйдің баласындай араласып кетті. Қазіргі таңда үлгілі хореографиялық ансамбльде – 350 оқушы тәлім алады. Үйірме жұмыстарын 6 педагог жүргізеді. Республика деңгейінде ұйымдастырылған мәдени шаралар олардың қатысуынсыз өтпейді. Қордағы 80 хореографиялық шығарма арқылы әлем елдерінің билерінен бастап, сахналық, заманауи және шығыс билерін дәріптеп жүр. Жетекшілері де әр баланы бөліп-жармай, бірдей жақсы көретінін айтады. «Кеншілер шаһарында қала тұрғындарының көзайымына айналған әсем ғимарат бар. Ол балалық шақтың, ажырамас достықтың мекені – Балалар және жасөспірімдер сарайы. Бұл жерде ұлтқа, дінге, тілге, түрге бөлу жоқ. Ғимараттың әрбір бұрышынан баланың шат күлкісі мен ән естіліп тұрады. 17 жыл бойы жемісті еңбек пен бірліктің арқасында әр елдің ұлттық биін насихаттаған достықтың мекеніне айналды», – дейді Ирина Юрьевна.

Әрине, жетекшінің де басты мақсаты сол – бірлігі жарасқан ортада бүлдіршінді биді құлай сүюге баулу. Бір сөзбен айтқанда, бұл – жетекші, ата-ана және балалардың ынтымақтастығы. Оны ансамбльдің гастрольдік сапарларға толы байқаулар картасынан көруге болады. Алдымен, Ресей (Санкт-Петербург, Қазан, Самара, Туймазы), Украина (Днепропетровск), кейін Түркия, Египет, одан соң Греция, Италия, Испания, Тунис елдері. Әлем картасының нақ ортасында орналасқан мемлекетте тұратын ұжымның талантты шәкірттері – бүгінгі таңда сол елдерде өткен халықаралық және республикалық сайыстардың 39 жүлдесін қанжығаға байлады. Атап өтсек, «Надежды Европы», «Бегущая по волнам», «Браво, дети» …

Әлбетте, әлем елдерін аралап жүрген ұжым әр ұлт өкілдерінің салт-дәстүріне, өмір сүру әлеуетіне қанық. Түрлі халықтардың мәдени өмірін көрерменге би өнері арқылы дәріптеп жүрген олардың арасында ерекше достық қарым-қатынас орнаған. Үлкен топтағы балалар бүлдіршіндер тобын өздерімен бірге сапарға алып жүріп, көмектескеннен ләззат алады. Сондықтан, бір аспанның астында бірліктің туын үлгі еткен Елбасының бастамаларын қолдайды. Алғаш Қазақстан халқы Ассамблеясының негізін қалап, халықтар достығының айнасы – өнер мен мәдениетке ерекше қолдау көрсеткен Елбасына айтар алғысы шексіз. Сондықтан, қай кезде болмасын, «Ғажайып ел» ансамблі Мемлекет басшысы қатысқан салтанатты жиындарда өнер көрсетуге асық.

Биылғы жыл «Ғажайып ел» ұжымы үшін сүйіншілеген жаңалықтармен басталғанын атап өткен жөн. Үлкен және кіші топ шәкірттері Уфа қаласында өткен халықаралық байқаудан бас жүлдемен оралды. Сөйтіп, Елбасының қатысуымен өткен мерекелік шарада өнер көрсетті. Ортаңғы топ бишілері болса, Қазан қаласында өткен сайыста 39-шы бас жүлдені иеленді. Әрбір жеңісін достық пен берекесі жарасқан Сарыарқа жерінің қасиеттілігіне балайтын олар: «Бірнеше ұлт пен ұлыстың мекеніне айналған қазақ даласы – туған жеріміз. Дүние жүзінің елдерін араласақ та, біз үшін әлемдегі ажырамас достықтың қаласы – Қарағанды», – дейді.

Таяуда «Ғажайып ел» үлгілі хореографиялық ансамблі Елордада өтетін халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО» көрмесіне шақырту алды. Қазіргі таңда кіші топтағы 100-ден астам оқушы көрмеге қызу дайындық үстінде. Айтпақшы, ұжымның еліне, Елбасына әзірлеген сыйы ерекше. Бауырлас ұлттардың бірлігін бимен өрнектеп, «Достықтың гүлтәжін» ұсынбақ.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button