«Достық-Мойынты» теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды
Бейсенбі күні Қарағанды облысындағы «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды. Жоба «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасына енгізілген. Телекөпір режимінде құрылысты бастауға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пәрмен берді.
Балқаш-2 станциясында құрылыстың басталуына орай өткен салтанатты рәсімге Қарағанды облысы әкімдігі мен Балқаш қаласының әкімдігі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы, сала ардагерлері, компания құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, мердігерлік ұйымдар мен отандық кәсіпорындар өкілдері қатысты.
– 2021 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Өткен жыл қорытындысы бойынша жүк айналымы 239,3 млрд. тонна шақырымды құрады. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылындағы ең жоғарғы тарихи көрсеткіш. Контейнерлік тасымал көлемі 1 миллион ЖФЭ-ден асты. Жалпы, соңғы бес жылда транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 4,4 есе өсті. Өткен жылы шекті межеде 1 миллион контейнерлік тасымал жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі күні теміржол инфрақұрылымының өткізу қабілеті тез өсіп келе жатқан жүк тасымалы көлемін қамтамасыз етуде тежегіш факторы болуы мүмкін. «Тар орындарды» болдырмау үшін ірі инфрақұрылымдық жобаларды: Достық-Мойынты, Бақты-Аягөз, Дарбаза-Мақтаарал, Алматы қаласының айналасында айналма теміржол желілерін салуды іске асыру туралы шешім қабылданды, – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Жобаны іске асыру Мемлекет басшысының отандық өнімнің үздіксіз экспортын қамтамасыз ету және елдің транзиттік әлеуетін ұлғайту жөніндегі алға қойған маңызды міндетін шешуге ықпал ететін болады. Бұл ретте 836 шақырымды құрайтын «Достық-Мойынты» теміржол желісінің екінші жолының құрылысы аса маңызды. Оның 320 шақырымы Жетісу аумағынан өтеді. Жоба иелері құрылысқа өңірлік өнімдерді пайдаланбақ. Егер бәрі ойдағыдай болса, тәулігіне жүретін пойыз саны 12-ден 60-қа артады.
Екінші жолдарды салу барысында 419 жасанды құрылыс жүргізілмекші. Атап айтқанда, 5 үлкен көпір, 87 шағын және орта көпір, 288 су өткізгіш құбыр, 14 автожол өткелі сондай-ақ, энергетика, БОБ құрылғылары және байланыс объектілері салынады. Жобаны іске асыру шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Құрылыста отандық өндіріс материалдарын (шпалдар, рельстер, трансформаторлар және т.б.) пайдалану жоспарлануда. Жергілікті қамту үлесі 80%-дан асады. Шамамен 3700 құрылысшы тартылады. Желіні пайдалануға бергеннен кейін теміржолда тұрақты жұмыс орындарымен 500 адам қамтамасыз етіледі. Жобаны іске асырудың жиынтық әсері 20 жыл ішінде бюджетке түсетін түсімдерді қосымша 4,1 трлн. теңге мөлшерінде ұлғайтуға мүмкіндік береді. Құрылысты 2025 жылдың 4-тоқсанында аяқтау жоспарланған.
83 жастағы Құрметті теміржолшы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Қалтай Сәмбетовтің айтуынша, «Достық-Мойынты» теміржол желісінің екінші жол құрылысының облыс экономикасына тигізер пайдасы зор.
– Мен теміржол саласында еңбек еткеніме 64 жылдан асты. Көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мен одан әрі кеңейту халыққа өте пайдалы. Осының барлығы экономиканы ілгерілетуге, сол арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға әсер етеді, – дейді теміржол саласының ардагері Қалтай Сәмбетов.
Мамандардың мәлімдеуінше, құрылыстың негізгі мақсаты – болжамды тасымал көлемін есепке ала отырып, резервтік қуаттылығын қамтамасыз ету арқылы Мойынты-Достық-Алашанькоу телімдерінің транзиттік өткізу және өңдеу қабілетін арттыру. Сонымен қатар, транзиттік контейнерлік пойыздардың жылдамдығын тәулігіне 1500 шақырымға дейін ұлғайту болмақ. Құрылыс біткеннен соң Достық-Мойынты телімін электрлендіру көзделуде. Ал, жобаны Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландыру қарастырылуда.
Нұрдос КӘРІМ
Ortalyq.kz