«Достық аруларының» даналық мектебі
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейтін нәзік жандар хақында төл мерекеде көп айтылды. Құрмет пен ілтипатқа толы түрлі шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі Достық үйінде өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Озық мемлекеттің бір маңызды белгісі – әйелдердің қоғамдағы мәртебесі. Сондықтан әйелдердің құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек» деп атап өткен болатын. Шынымен де әйелдер қай қоғамның болса да әлеуметтік дамуына оң ықпал ететіні айқын.
«Достықтың арулары» шарасына қоғам тұтастығын сақтауда сүбелі еңбек етіп жүрген нәзік жандар жиналды. Мұнда ғалым да, шебер де, педагог те, кәсіпкер де, этномәдени бірлестіктердің өкілдері де бар. Ұлты мен діні бөлек болса да, ойы мен тілегі бір жерден шыққан белсенділер аймақтың дамуына қашанда өз үлестерін қосып келеді. Жиынға қатысқан облыстың ішкі саясат басқармасы басшысы Нұрлан Бикенов елдегі бірлікті нығайтып, берекені еселеп жүрген жандардың еңбегін ерекше атап өтті.
– Бірлік пен татулық қазіргідей уақытта еліміздің іргесін берік ете түседі. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны бөлек. Достық үйінде барлық этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар орналасқан. 61 этномәдени бірлестіктің 24-інде аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі бар. Оның барлығы да аймақтың қоғамдық өмірі үшін маңызды. Олар өткізетін іс-шаралардың мәні де ерекше. Осындай шуақты мерекеде сіздерді құттықтау мүмкіндігі туғаны үшін қуаныштымын. Денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін, – деген Нұрлан Бикенов гүл мен естелік сыйлық табыстады.
«Джорджия-2007» грузин қоғамдық-мәдени орталығының мүшесі Татьяна Лисиченко мерекеде ескерген билік өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы басшысы Индира Тоқмурзина, «Диалог» дау-дамайды шешу орталығының директоры Татьяна Савицкая, журналист Гүлнұр Жәкен алғысын білдірді.
– Бір үстелдің басында түрлі этнос пен діннің, түрлі мамандық иелерінің бірге отыруы сіз айтып отырған тұрақтылық пен бейбітшіліктің жемісі. Нәзік жандар отбасынан бөлек, қандай да бір қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысады. Кейінгі жылдары әйелдерге қолдау мен мүмкіндіктің молайғанын байқауға болады. Басшылықта жүрген, кәсіппен айналысатын әйелдердің қатары көбейіп келеді. Мемлекет басшысы да бұған мән беріп отыр, – деді Гүлнұр Жәкен.
Қазір шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі жыл санап өсіп келеді. Мұны Президент те айтты. «Бұл – әйелдер кәсіпкерлігіне мемлекет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдаудың нәтижесі», – деген болатын былтырғы 8 наурыздағы құттықтау сөзінде.
Президенттің айтуынша, әйелдер әділ, дана әрі тапқыр басшы бола алатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Отбасы және гендерлік саясат туралы жаңа тұжырымдама қабылданғанын, онда әйелдердің өзін-өзі дамытуына мол мүмкіндік беруге бағытталғанын атап өткен орынды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz