Жаңалықтар

Достыққа адал азамат

Сейіл АЯҒАН туралы мына бір дүниені қадап айтайын. Мен бизнестің түр-түрімен қаншама жыл айналысқан адаммын. Сол кездері телефонымда 2 мың адамның нөмірі сақтаулы-тын. Сол 2 мың таныс-біліс, жора-жолдасымның арасынан осы Секең ғана маған адал болды. Қалғандары мен кәсіпте тығырыққа тірелген соң қашқақтап жүріп, ат құйрығын кесісті.

Досын сатпайды, ешқашан жауға тастамайды. Бұл – азаматтық қыры. Халық арасында әнші, өнерпаз, керемет талантты жігіттер бар болуы мүмкін. Бірақ, Секең сияқты азаматтығы биік, мәрт жігіттер өте аз дер едім. Азамат деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық жігіт қой.

Ал, енді оның әншілігі бір бөлек әлем. Қазақтың маңдайына біткен дара әнші. Ешкімге ұқсамайтын қоңыр дауысы бар. Мен Сейіл ән айтса, түрін көрмесем де дауысынан тани аламын. Қазақ мәдениетіндегі, ән өнеріндегі құбылыс десем артық айтқандығым емес. Өнерпаз, әнші, композитор, қазақ руханиятында өз орны бар тұлға. Сейілді қанша мақтасаң да аз. Өйткені, ол сондай сирек таланттар қатарында.

Жас кезімнен әндерін тыңдап, өнерімен сусындап өстім. Жеке өмірімде азамат ретінде қалыптасуыма, қызмет жолында білікті маман болып жетілуімде, ғылыми зерттеулер жасауда Секеңнің рөлі, әсері бөлек болды. Біздің рухани кемелденуімізге үлкен үлес қосты.

Ол кісі қазақ әдебиетін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін өте жақсы біледі. Біліп қана қоймай, оның ішіндегі және сыртындағы әңгімелерді де бойына жақсы сіңірген. Дисертация жазған кезімде біршама көмегі тиді. Нағыз өнер иесіне тән сезімталдық, аңғарымпаздық бар бойында. Уәде беріп, сөзінде тұрмайтындардың болашағын ойлап, уайымдап жүреді. Бірақ, өзі сертке берік. Дүние күйіп кетсе де, айтты ма, істейді. Сөзі мен ісі үйлескен адал азамат. Досты байлығына, атақ-мансабына қарай таңдамайды. Адамгершілігіне, азаматтығына баса назар аударады. Қолы ашық, өте жомарт адам.

Жанбота КӘРІПБЕКОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы.

Басқа материалдар

Back to top button