Жаңалықтар

Доскейдің дәстүрін ұстанған

Айтыскер ақын, ұстаз Айтбай Жұмағұл – 50 жаста

Айтбаймен екі мыңыншы жылдардың басында таныстым. Қарағандыда Камалтин Мұхамеджанов деген әкім туған күнімнің құрметіне айтыс жасап, сол айтысқа Семейден жарқ етіп көрінген Ринат та көшпен бірге ілесіп келді емес пе, айтысамын деп тұр. Сол кезде осы елдегі азаматтар Айтбайды таныс­тырды, талабы жаман емес екен. Ринатпен жұптап, сахнаға шығардық.

Сурет автордан

Содан бері ширек ғасыр өтті, Айтбай да біраз аламандарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, айтары бар ақын екенін дәлелдеп, айтыстағы өз орнын тапқан талантты бауырларымыз­дың біріне айналды.

Бір жылдары Қырғыз еліндегі халықаралық айтыстан Бас жүлдені жеңіп алып, Президент Садыр Жаппаровтың құрметіне бөленгені есімізде. Айтбай Жұмағұловты Қарағандының қазіргі бас ақыны деуге болады. Сарытабақтан сарқыт ішкен кешегі Шашубайдың, Доскейдің дәстүрін ұстанған арқалы ақын.

Кешегі Абайдың 180 жылдығында оның Бас жүлде алуы да тегін емес, жарқырап, ашылып, керемет жырдың селін ағытты. Сол үшін дау-дамайсыз Бас жүлдені жеңіп алды. Айтбайдың бірқатар айтыстарының біразы сол жоғары деңгейлі десем болады. Айтбайдың поэзиясындағы ерекшелік – халықтық ұғымдар кеңінен қолданылады.

Кезінде санаулы ғана айтыскерлер шыққан Қарағанды өңірінен жас ақындардың қаулап шығуы, әрине, кездейсоқтық емес. Бұл тұрғыда Арқа өңірінде ақын-жыршылар мектебінің ашылып, қалыптасып, кемелденуіне бірден-бір еңбек еткен азамат Айтбай Жұмағұлов бауырымыздың еңбегін ерекше атар едім. Айтбайдың Қарағандыда «АРҚА» ақын-жыршылар мектебін ашып, жатпай-тұрмай тынымсыз еңбек етуі кейінгі жылдары өз нәтижесін беріп жүр. Арқадағы жас ақындардың біразы қазір республикалық айтыстың сахнасынан көріне бастады. Тәуелсіз елдің өнерлі ұрпақтарымен қайта жаңғырып, жандана түсуде.

Бұл өзі қазір қайраткер болды. Бұқар жырау тағылымдарын жүзеге асырып жүрген бірден-бір ақынымыз – осы Айтбай. Қарағанды жұрты Айтбайдың үлкен мерейтойын ұйымдастырып жатыр. Бұдан кейін де Айтбай содан төмен түспес, жарқылдаған жырларымен халықтың жүрегінен орын алар деп ойлаймын. Ол соған лайық ақын.

Мінезі де жақсы, жайдары, ақкөңіл, ешкімге болмасын дейтін уақыты жоқ, бәріне болса екен деп тұрады. Соған лайық өзі де сый-сыяпат көріп жүр. Айтбай, айналайын, оң сапар! Қосар саған ақ тілегім осы.

Жүрсін ЕРМАН,
ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы,
термешілердің халықаралық одағының» төрағасы,
«Отан» орденінің иегері,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Басқа материалдар

Back to top button