Доскейдегі инфрақұрылымдық жұмыстардың 60%-ы аяқталды
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Доскей ауылына кезекті жұмыс сапарымен келіп, жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысын тексерді. Қазір мұнда жаңа су құбырына қосылу жұмыстары жалғасуда, ал ескі кәріз желілері толықтай қайта салынып жатыр. Бұл жұмыстар облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған жедел штабтың бақылауында.
Ауыл тұрғындарының су тапшылығы мен құбыр сапасына қатысты шағымдарынан кейін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (ГАСК) арнайы тексеріс жүргізіп, оның нәтижелері облыс басшысына баяндалған.
Доскей ауылындағы су құбырының құрылысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы аяқталған. Қазір мыңға жуық абоненттің жартысы жүйеге қосылып үлгерген, қалғандары бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Су тапшылығын болдырмау үшін қосымша шаралар қабылданды. Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайынның айтуынша:
– Қазір үш ұңғыма жұмыс істеп тұр, сыйымдылығы 300 текше метр болатын екі резервуар бар. Алайда жазда су тұтыну артатындықтан, екі жаңа ұңғыма қазылып, қосымша 500 текше метрлік жаңа резервуардың құрылысы басталды. Бұл ауылды үздіксіз сумен қамтуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сондай-ақ, ауылда жаңа сорғы станциясы салынып, ескі сорғылар жаңасына ауыстырылды. Су жүйесін әрі қарай тиімді басқару үшін ол «Ботақара Су Қожалығы» КМК балансына беріледі.
Доскейдегі кәріз желілері 1980-жылдары салынған және қатты тозған. Осыған байланысты жаңа желілер тарту туралы шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстары былтыр басталып, биыл толық аяқталуы тиіс. Бүгінгі таңда оның 60 пайызы орындалды: бес көшеде құбырлар толық тартылып, алты көшеде жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, композитті люктер орнына шойыннан жасалған берік қақпақтар орнатылуда.
– Бүгін Доскей ауылына келіп, тұрғындарға берген уәдемді орындадым. Су жетіспеушілігі мен жұмыс сапасына қатысты айтылған сын-ескертпелердің бір бөлігі шешілді. Мердігерлердің жұмысын дұрыстап, сапасын арттырдық. Дегенмен, кейбір мәселелер жобалық құжаттамада кеткен қателіктерден туындаған. Бұл бағытта қосымша шаралар қабылданып, мәселе толық шешіледі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Инфрақұрылымдық жаңарту аяқталғаннан кейін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік жолдарды асфальттау жоспарланып отыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА