АймақБұқар жырау

Доскейде өткен дүбірлі думан

Бұқар жырау ауданының Доскей ауылдық Мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер күніне дүбірлі думан өтіп, онда осы ауылдық округтің әкімі Рүстем Исайынов жиналған әйелдер қауымына гүл шоқтарын ұсынып, ізгі тілегін білдірсе, оның орынбасары Нүркеш Нұрланұлы аналар құрметіне халық әні “Іңкәрім-айды” шырқап берді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Көктемнің алғашқы күндерін сипаттайтын Құстар биін Әсия Дүйсекова басқаратын “Шұғыла” ансамблінің бишілері мың бұрала билеп, кештің көркін келтірді.

Одан әрі мерекелік шара “Жұлдызды жұп” ән байқауына ұласты. Оған осындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп, “Мирас” өнер мектебі, “Ардақ” және “Ақбота” балабақшалары ұжымдарынан, “Әсем әуен” вокалды тобынан, әр мекемеден екі-екіден жұптасқан өнерпаздар қатысты. Олар жиналған көпшілік алдында бар өнерін аянып қалмады. Сондай-ақ зал толы доскейліктер “Екі жұлдыз, бір тілек” тақырыбындағы бейнероликтерді де тамашалады.

Қазылар алқасы шешімімен осы күнгі сайысқа қатысқан 5 жұп ән бәсекесін алдағы Наурыз мерекесінде жалғастырып, оның қорытындысы сол күні шығарылып, жеңімпаздар анықталатын болды.

Арасында ауылдық Мәдениет үйінің қызметкері Еркеназ Бұланбаева “Бір тілек” әнін айтып, оның әріптестері Әсия Дүйсекова мен Дариға Рақымқызы Доскейдегі дүбірлі думанды бастан аяқ жүргізді.
Мереке құрметіне залда отырған ақ жаулықты әжеге сыйлық тапсырылды.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button