АймақБас тақырыпБасты тақырыпБұқар жырау

Доскей оқулары дәстүрге айналады

Бұқар жырау ауданындағы Доскей ауылының жаңадан салынған Мәдениет үйінде биыл туғанына 175 жыл толған халық ақыны Доскей Әлімбаевтың мерейтойына арналған Доскей оқулары өтіп, оның дастандары жинақталған «Біржан сал бата берген ақын болдым…» кітабының тұсаукесері
болды.

Суретті түсірген Жанұзақ МАКИШЕВ

Бұл ауданда бірнеше жыл бұрын бастау алған Бұқар жырау оқулары бүгінде облысымыз бен республикамызға қанат жайса, енді бірінші рет ұйымдастырылған Доскей оқулары да жыл сайын дәстүрге айналатын болады. Оны «Өлеңім, бала жастан досым едің…» тақырыбында өткізген осы ауылдың Дариға
Біләлова бастаған кітапханашыларының көздегені де осы.

Сол күні Мәдениет үйіне келген көпшілік фойедегі Доскей ақынның портреті, слайд-тұсаукесер, кітап көрмесі, ақпараттық жарияланымдар, жадынамалармен танысып, сахна төрінде Доскей Әлімбаевтың биыл баспадан шыққан «Біржан сал
бата берген ақын болдым…» дастандар жинағы тұсаукесеріне куә болды. Оның лентасын Досекеңнің осы кітапты жарыққа шығарған ұрпағы, «Қазақ радиосының» құрметті ардагері, белгілі ақын Бүркіт Ысқақовтың қызы Айгүл мен Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Мүгілсім Шибаева қиып, Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли құттықтау сөзінен кейін Айгүл апамызға камзол кигізді. Өз кезегінде нағашы атасының мерейтойына құр қол келмеген Айгүл Ысқақова да доскейтанушылардың бірі, әріптесіміз Ермек Балташұлы мен аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Айгүл Жексенбаева мен доскейлік кітапханашы Дариға Біләлова, осы іске атсалысқан бірнеше адамға өз атынан сый-сияпат жасап, кітаптың біраз данасын ауыл
кітапханасына сыйлады Кітаптың аты айтып тұрғандай, 96 жыл ғұмырында Доскей ақын қазақтың Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Орынбай сияқты даңқты ұлдарымен кездесіп, атақты Біржан салдың өзінен бата алған екен. Оның Үкілі Ыбырай, Ақан серімен және соқыр Ажармен айтыстары сақталып, соңында жоғарыдағы кітапқа енген «Кенесары», «Қажымұқан», «Ас», «Бақыт іздеген тазша», тағы да көптеген дастандары қалған.

Кезінде заңғар жазушымыз Мұқтар Әуезов «Революциядан бұрын талай айтыста сан ақынның алдын ораған, топ жарған Доскей, Шашубай, Нұрпейістер де Жамбылдан өрнек алып, өздерінің суырыпсалма ақындық өнер қуаттарын халық тілегіне бағыттады» деп баға берсе, тарихшы Ермұхан Бекмаханов «Доскей ақынның Кенесары Қасымов туралы естеліктері төңкеріске дейін халық арасында кең тараған.

Доскейдің әңгімелері ертегі түрінде құрылғанына қарамастан, олар халықтың Кенесары көтерілісіне көзқарасын айдан анық көрсетіп берді, сондықтан да бұл әңгімелер тарихшылардың назар аударуына тұрарлық» деп жазған. Осы «Кенесары» дастаны үшін Доскей ақын тоқсан жасында торға түсіп, жер аударылмағанмен, ол өлгеннен кейін Қарағанды қаласында оның атына берілген көше (қазіргі Сәттар Ерубаев көшесі – автор) мен Қазақ драма театрының атауы алынып тасталған. Міне, енді мәңгіге тыныш тапқан жерінде Доскей ақын оқулары өтуі де оның халық жүрегінен өшпегінінің белгісі. Ол 3 аталымнан тұрып, бірінші «Жас қалам» байқауында 16 жастан асқан ақындар
Доскеңе арнаулары мен еркін тақырыптағы өлеңдерін оқып, онда бас жүлде Нұрлыбек Төкенге бұйырды.
Ал келесі «Жол салдым өлеңіммен мен өмірге» аталымында 15-22 жас аралығындағы жастар Доскей ақынның туындыларын жатқа, мәнерлеп айтуға тиіс болса, домбырамен «Кенесары» дастанын мақамына келтіре жырлаған жас жыршы Дарын Дәурен алдына қара салмады. Ең соңғы «Ән шашу» аталымында әнші-жыршылар Доскей Әлімбаевтың жыр-толғауларын белгілі бір аспапта әуенге салып орындауы керек-тін. Бұл сынға ауданға танымал Қалиасқар Шыныбектегі, Оразбек Жұмашев, Дәулен Әділ, Әділхан Төле геновтей әншілер қатысып, кейбірі ақын өлеңін өзі шығарған сазымен шырқады. Мәселен, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Қалиасқар Шыныбектегі ақынның «Қосбасқан» өлеңін өзінің әуенімен орындады.
Қазылар алқасы Доскей оқуларына қатысушылардың бәріне әділ бағасын беріп, олардың бірде-бірі алған орындары мен көрсеткен өнерлеріне қарай құр қол қайтпай, дипломдар және Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Доскей ауылдық округінің әкімі Рүстем Исайыновтың Алғыс хаттары осы мерейтойлық шараны ұйымдастырып, өткізушілерге берілді. Бұл күнгі мерекеде Доскей ақын туралы бейнеролик пен жазушы Николай Пичугиннің «Город в пути» деген кітабының Доскей ақынға арналған алтыншы бөлімі экраннан көрсетіліп, ол Дариға Біләлованың сөзіне жазылған Қанат Мерсалимовтың «Мәңгілік елім» әнін жергілікті өнерпаз Сағымбай Әділжанның әсем орындауымен түйінделді.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button