Доп додасы басталды

Ел егемендігінің 30 жылдығына орай, Қарағанды университеті «BUKETOV UNIVERSITY – 2021» футбол турнирін ұйымдастыруда. Кеше университет қабырғасында турнирдің ашылу салтанаты өтті. Жарыста 12 команда бақ сынайды.

Баршаңызды турнирдің ашылу салтанатымен құттықтаймын. Футбол тек қана спорт емес, ол мәдениетіміз, салауатты өмір салтымыз және достыққа бастар жол саналады. Қазіргі уақытта университетімізде спорт саласына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Спорттық мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жазғы футбол алаңы салынып жатыр. Бұйырса, командалар финалды сол жерде өткізеді, – деді құттықтау сөзінде ҚарУ АҚ Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Дулатбеков.

Доп додасына университет оқытушылары, қызметкерлері және докторанттары қатысады. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар журналистерді де жарысқа қатыстыруды ұйғарыпты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен «BAQ football team» (Хабар, Хабар24, КТК, Saryarqa телеарналары) және «Saryarqa football team» («Saryarqa aqparat» медиахолдингі) командалары сайысқа түседі.

Сондай-ақ, ректорат құрамы, биология-география, дене мәдениеті және спорт, заң, математика және ақпараттық технологиялар, тарих, физика-техникалық, филология – педагогика – философия – психология, химия, экономика факультеттері бақ сынайды.

Жеңімпаз командаларға кубоктар және ақшалай сыйлықтар табысталады. Жүлде қоры I орынға – 250 000 теңге, II орынға – 125 000 теңге, III орынға – 60 000 теңге. Жарыс 28 мамырға дейін созылады.

Қасымхан ҒАЛЫМ.