Медицина

Донор болу – қайырлы іс

Біле білген адамға донор болу – сауапты іс. Себебі, оның қаны қаншама жанның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Қан қорын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы ерікті донорлар қатарын көбейту екендігі сөзсіз. Бұрнағы күні облыстық қан орталығында мемлекеттік қызметкерлерден құрылған еріктілер қан тапсырды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы Ербол Жолданғардың айтуынша, қан тапсыру азаматтар арасында қалыптасқан жайт.

– Мемлекеттік қызметкердің оң имиджін қалыптастыру мақсатында өңірлерде еріктілер кеңесін құру тапсырылған болатын. Қазіргі таңда еріктілер кеңесі құрылып, оған әр мемлекеттік органның белсенділері қосылды. Қан тапсыру – еріктілер кеңесінің бірінші іс-шарасы деп айтуға болады. Бүгінгі шарада он шақты қызметкер қан тапсырды, – дейді Ербол Қабдығалиұлы.

Департамент басшысының айтуынша, алдағы уақытта еріктілер бұдан басқа да шараларды жүзеге асырады.

– Аула тазарту, ағаш отырғызу сияқты шаралар жоспарда бар. Қан тапсыру міндетті түрде өз жалғасын табады. Келешекте мемлекеттік қызметкерлер арасында еріктілер саны көбейеді деген ойдамын. Бұл мәжбүрлі шара емес. Сондықтан, бүгінгі шара үлгі болып, басқа да қызметкерлер өзінің азаматтық борышын өтеуге біздің кеңеске қосылады деген үміттеміз, – дейді Е.Жолданғар.

Жылына ел көлемінде 400 мыңдай қан тапсыру процедурасы жүзеге асырылады. 100-ге жуық азамат «Құрметті донор» атанған. Олар кемі 40 рет қан тапсырғандар.

– Бізде жыл сайын 15 мың донация болады. Орташа есеппен 7-8 донор келеді. Яғни, бір адам жылына 4-5 рет қан тапсыра алады. Қарапайым азаматтар арасында қан тапсыруға еріктілер жеткілікті. Кейбірі қанды көмек үшін тапсырса, кейбірі жақыны үшін тапсырады. Өмірінде бірінші рет қан тапсыруға келетіндер де бар. Олар шамамен 20-30% шамасында. Қайталанатын донорлар бар және тұрақты донорлар да бар. Тұрақты донорлар жылына 3-4 рет қан тапсырады, – дейді донорларды жинақтау бөлімінің трансфузиолог дәрігері Оксана Чернышова.

Қан тапсыратын азаматтарға қойылатын талаптар бар. Ол ерікті түрде тапсыруы керек. 18 жастан асқан болу керек.

– Донордың денсаулығы жақсы болу керек. Яғни, ол адамда ешқандай созылмалы ауру болмағаны дұрыс. Дәрігерлердің есебінде тұрмауы керек. Салмағы 50 келіден асатын кез келген дені сау адам донор бола алады. Олардың жасын шектемеймiз. Денсаулығы жақсы болса, 60 жастағы азамат та қан тапсыра алады. Бiрақ оларға донация саны бойынша шектеу қойылады. Бiз егде жастағы донорлардан электр кардиограммасын, терапевт қорытындысын талап етемiз. Жалпы қан тапсыру үшiн ең қолайлы кезең – 20-40 жас аралығы, – дейді дәрігер.

Ер адам жылына 5-6 рет, ал әйелдер 4 рет қан тапсыра алады. Дәрігердің айтуынша, қан 450 миллилитрден тапсырылады. Бұл мөлшер денсаулыққа еш әсер етпейдi екен.

Әрбір қан тапсырушы тегін донорлық медициналық тексерістен өтеді. Заң бойынша тапсырылған қанның көлемі мен ағзаның күшін қалпына келтіру үшін сыйақы немесе жұмыс орнынан 2 күнге жалақысы сақталатын демалыс алуға анықтама берілетінін де ескерген жөн.

Бір айта кетерлігі, қан компоненттерін сақтау мерзімі өте шектеу­лі. Мәселен, тромбоциттер 5-7 күн ғана, эритроциттер 42 күн сақталады. Тек плазма екі жыл сақталады. Сондықтан донорлардың тұрақты түрде келуі маңызды. Осы шара 14 маусым – Дүниежүзілік донор күніне орайластырылып отыр.

Ақгүл ЖЕҢІСБЕКОВА,
Қарағанды университеті
журналистика кафедрасының ІІІ курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button