Жаңалықтар

Донор болған неліктен пайдалы?

Статистикаға сенсек, әлем бойынша әрбір үшінші адам қанға мұқтаж болады екен. Сондайда қол ұшын созатын адам бар. Донор – латын тілінен аударғанда «тарту, сыйлау» деген мағынаны білдіреді. Донор болған адам өз қанын беріп қана қоймай, өлім аузындағы жанға екінші өмір сыйлайды.

Донорлық қанның жетіспеушігі – біраздан бері айтылып келе жатқан мәселе. Қан кез келген уақытта кез келген адамға қажет болып қалуы мүмкін. Күрделі операцияларда, ауыр босануда, сондай-ақ, гемофилиямен және қан аздықтың салдарынан туындайтын ауруларға тек қан керек. Қанды кез келген адам тапсыра алғанымен, оның өзіндік талаптары бар. Донор болуға ниеттенген адам қан тапсырардан бір тәулік бұрын майлы, ысталған тағамдарды, жұмыртқа мен сүт өнімдерін пайдалануына болмайды. Ал бір сағат бұрын темекі шегуге және 48 сағат ішімдік ішуге тыйым салынған. Сонымен қатар, салмағы 50 келіден төмен, қан құрамындағы гемоглобин мөлшері 120 г/л-ден аз адамдар донор бола алмайды. Дәрігерлер қан тапсырған адамның ағзасында қан айналым жақсаратынын, иммунитет күшейетінін айтады. Тұрақты түрде қан тапсырып жүрген адамның ағзасы жасарады екен. Бауыр, ұйқы безі, ас қорыту жүйесінің жұмысы айтарлықтай жақсарады. Семіздіктің алдын алады, қан қысымын реттеп, қатерлі ісік, тыныс жолдарының ауруларына сирек шалдығады екен. Оның үстіне, үнемі қан тапсыратын адам өз денсаулығы мен ондағы өзгерістер туралы біліп отырады. Себебі, олар әр қан тапсырған сайын жіті тексерістен өтеді. Облыстық қан орталығының тұрақты доноры Никита Никитин осындай өзгерістерді сезінетінін айтады.

– Құтқару қызметінде істеймін. Адамдарды құтқарудың қандай болатынын білемін. Бірнеше рет қан тапсырдым. Осы арқылы біреудің өмірін сақтап қалуға септігім тисе, өзімді бақытты сезінемін, – дейді ол. Медицина қаншалықты қарыштап дамыды десек те, адам қанын алмастыра алатын балама әлі табылған жоқ. Сондықтан, көмекке мұқтажға бей-жай қарай алмайтын адамдардың – донорлардың арқасында қаншама өмірді сақтап қалуға болады. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, бір рет қан өткізу арқылы адамдар орта есеппен үш адамның өміріне араша бола алады екен.

– Біздің ұжымның жұмысы адамдардың азаматтық ұстанымы мен мейірбандығына тікелей байланысты. Донор қаны – жылына 3 мың адамның өмірін сақтауға себеп. Жыл сайын біз 8 мыңнан астам литр қан дайындаймыз. Облыс бойынша донорлық іске 10 мыңнан астам адам атсалысады. Оның 800-і тұрақты донорларымыз, – дейді облыстық қан орталығының директоры Төлеген Сәдуақасов.

Тіпті, пандемия жағдайында да ауырып жазылған адамдар немесе вакцина алған адамдар қан беруін тоқтатқан жоқ. Олар COVID-19 жұқтырып ауыр халде жатқан науқастарға антиденесі жоғары қан плазмаларын тапсырды. Иммундық антиковидтік плазма не жай қан тапсырса да бастысы ол біреудің өмірін сақтап қалуға жарады. Алла разылығы үшін деген ниетпен қан тапсыру сауапты іске жатады. Қасиетті Құран Кәрімнің өзінде: «Кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады» делінген. Ал, дүние тіршілігінде адам өмірі мен оның денсаулығынан бағалы ештеңе жоқ.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button