Домнашы конгресі – ғасыр белесі
Жақында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдары «Мәскеу болат және балқымалар институты» ұлттық зерттеу техникалық университетінде өткен халықаралық конгреске қатысты.
Шойын металлургиясы төңірегінде ұйымдастырылған домнашылардың VІІІ Халықаралық конгресіне ел атынан қатысқан ҚарМТУ-дің профессоры, техника ғылымдарының докторы К.Сәрсекенов көпшілікті қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Домнада балқыту үдерісін компьютерлік модельдеу» (авторлары – А.Ғазалиев, К.Сәрекенов, А.Ақбердина) атты жаңа оқулықпен таныстырды.
Жиынға Ресей, Қазақстан, Қытай, Германия, Аустрия, Финляндия, Чехия елдерінен келген ғалымдар және металлургия өндірісі мен менеджментінің өкілдері қатысты. 9 сессия жұмыс істеп, 200-ден астам баяндама оқылды. ҚарМТУ-дің «Нанотехнологиялар және металлургия» кафедрасының доценті С.Квон металлургия саласы мамандарын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде даярлау барысы жөнінде баяндама жасады.
Пленарлық отырыста МБжБИ президенті Ю.Карабасов, «Метпром» КТ президенті С.Лазуткин, «Русская Сталь» компаниясының вице-президенті Ю.Мишин, «НЛМК» АҚ-ның бас домнашысы И.Курунов баяндама жасады.
Баяндамашылар домна өндірісін дамытудың әлемдік үрдістері, домнада балқыту мен темір кені шикізаттарын даярлаудағы инновациялық технологиялар мәселелерін қозғады.
Конгреске қатысушылар «Металл-Экспо» көрмесінде болып, металл өңдеу зауыттарына арналған заманауи жабдықтармен танысты.
Айта кеткен жөн, қазақстандық ғалымдардың аталған конгреске қатысуы елдегі ұлттық металлургия мектебінің мықтылығын, сондай-ақ, «ГППИР-2» гранттық бағдарламасын жүзеге асыруға ҚарМТУ-дің қомақты үлес қосып отырғанын паш етті.
Аяулым СОВЕТ