Жаңалықтар

Домбыралы Сарыарқа

12 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтауға, ұлттық сананы қайта жаңғырту идеясының төңірегінде топтастыру мақсатында Ұлттық Домбыра күні туралы Жарлыққа қол қойды. Шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық Домбыра» күні болып бекітілді. Мақсат ұлттық аспаптың мәртебесін асқақтату ғана емес, бұл да рухани жаңғыруға жасалған қадам.

Домбыра – бабадан қалған мұра, қазақ қазақ болғалы, бірге жасасып келе жатқан ұлттық саз аспабы. Бұл аспап қазақтың көзі, тарихтың сөзі. Даланың құнын, бабаның үнін қос ішекпен жеткізуші жәдігер.

Домбыра тарту – әрбір адамның, әрбір баланың асыл арманы. Домбыра үнін тыңдау – әлемдегі ең нәзік те ғажайып сезімге бөлену деген сөз. Әр халықтың әуенінен сол ұлттың өзіне тән болмысы, мінез-құлқы көрініп тұрады. Қадыр Мырзалиев ағамыз «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген өлең жолдарында сан ғасырдың тарихын сипаттайтын қазақ домбырасының қасиетін дәріптеп жырлаған.

Біздің өткен өміріміз, бүгінгі өміріміз, келешегіміз осы қос ішекті қара домбырамен біте қайнасып жатыр. Одан үн шыққанда елең етпейтін қазақ жоқ, еңбектеген баланың өзі сол үннен уанған. Қазақтың қан-тамырымен бітісіп кеткен. Кей адамдар өз ойларын, қуаныш-жұбанышын, көңілінің хошын, мұңын домбыра арқылы білдіреді. Домбыра күйлерінде біздің тарихымыз, философиямыз жатыр.

Табиғаттың сыбырын, тұлпардың дүбірін, тіпті, халықтың қилы тағдырын да айнытпай шанағынан төгілткен қасиетті аспаптың тарихы тереңде жатыр. Ғалымдар түрлі еңбектерге сүйене отырып, домбыра бұдан 5 мың жыл бұрын жасалған дейді, демек ұлттық аспаптың ұлықталуы заңдылық. Бұл аспап жайлы аңыз көп, түркі тілдес халықтар арасында талас та жоқ емес. Дегенмен, шығу тегі бір болғанмен, қос ішекті аспаптың айырмашылығы басым. Бүгінде домбыраның көмейінен төгілген 5 мыңнан астам күй бар. Осы дәстүрлі өнерді дәріптеген Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Сүгір, Тәттімбет, Динадай атақты күйшілердің өнері тұнып тұрған бір мектеп.

1934 жылы композитор Ахмет Жұбанов 11 домбырашының басын қосып, тұңғыш рет күйіміз ансамбльдік құрамда орындалды, ал, 1943 жылы Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің құрылуы домбыраның мәртебесін одан әрі асқақтата түсті. Домбыра тек тарихтың ғана куәгері емес, тәрбиенің құралы, қазақ руханиятының мәйегі. Егер біз бұл домбыраны қазақтың бойтұмары дейтін болсақ, демек, киелі аспап әр қазақтың төрінен табылуы тиіс.

Арқа өңірінде домбыраның дүлдүліне айналған күйші де, ақиқатты ақтарған ақын да, небір балбармақ домбырашылар да, дара аспаппен текті сөзді төрге шығарған жыршы да жетерлік болған. Атап айтсақ, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы, Ыбырай Байсейітұлы, Аққыз Ахметқызы, Тоқа Шоңманұлы, Әбди Рысбекұлы, Әбікен Хасенұлы, Қыздарбек Төребайұлы. Осынау тұлғалардың өнерлі ізбасарлары, кейінгі толқын Мағауия Хамзин, Дəулетбек Сəдуақасов, Тұрысбек Түсіпбеков, Мұхаметжан Тілеуханов сынды өнерпаздар дәстүрімізді дәріптеуде зор жұмыстар атқарды.

Арқаның күйшілік мектебі – шертпе мəдениетінің алтын қазығы деуге тұрарлық үлкен мектеп. Себебі, Арқа исі қазақтың тарихи ортақ мекеніне айналған, үш жүздің еншісі бөлінбегенін айғақтап тұрған қасиетті Ұлытау да осында. Домбырасымен «Ақсақ құланды» толғаған күй атасы – Кетбұқа өмір кешкен Жошы ұлысы да Арқа өңірінде дəурендегені шежіреден аян.

Өнеріміздің мәртебесін асқақтатуда сүбелі үлесін қосып жүрген Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлының да домбыраның құлағында ойнайтыны көпшілікке мәлім.

Ұрпақ тәрбиелеуде домбыраның мәні зор. Қазақтың үнін, сазын естіп өскен бала ешқашан ұлттық дәстүрден кетпейді. Рухани жаңғыру аясында өткенімізді ұмытпай, сұрыптап, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап отырсақ, нұр үстіне нұр.

Әр шаңырақта домбыра ойнап тұрса, үлкен қуаныш. Көшпелі өмірдің шежіресін шерткен көне аспап қазақтың қасиетті құралы ғана емес, талай кезеңдердің тарихи куәгері. Ұрпақтан-ұрпаққа аманат боп жеткен ұлттық аспап.

Ықылым замандардан бері халық сүйсініп, домбырада күй шығарып, өзінің мұң-мұқтажын, қуанышын жеткізіп отырған. Үні де, дәстүрі де жинақталып келіп, домбыра арқылы беріліп отырған. Қазіргі таңда дәстүрлі әнге, дәстүрлі жырға, домбыраға деген бетбұрыс өте үлкен. Ұлттық Домбыра күнін атап өту жастардың осы аспапқа деген сүйіспеншілігін арттыратыны сөзсіз. Күнтізбеде пайда болған мереке жайлы жаңалық қаны қазақ деп тулаған әрбір азамат пен домбыра ұстаған өрелі өнерпаздардың мерейін өсіреді. Кешегі шайырлардың сарқыттары да киелі домбыраны қолдарынан тастаған емес, өткеннің күмбірін де, бүгіннің дүбірін де осы аспаппен жеткізіп келеді. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде түрлі даңғазаға ермей, құндылықты құнттаған жастардың бары көңілді марқайтады. Ал, қастерлі аспаптың ұлттық тұрғыда ұлықталуы олардың қатарын әлі де көбейте түсері анық. Бұл мәңгілікке бет алған елдің рухани жаңғыруының бір көрінісі!

Айгерім Сәдуақасова,

облыстық мәдениет,

архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button