«Домбыра – кие»
Ежелден күйдің тілін түсінген халық едік. Тілмен жеткізе алмайтын құдіретті екі шекті домбыра жеткізеді. Бауырыңа басып отыратын шанаққа дүниенің тылсымы сыйып кетеді. Сол үшін де бізге домбыра жай ғана музыкалық аспап емес. «Домбыра – қазақтың жаны», – дейтініміз бар. Ал, жан дегенің тіл қатпай қоймайды. Әсіресе, селеуі мен жусаны самалмен тербелген кең жазираға қарап отырып ойға шоматын Арқа жұртының жүрегіне қонған шертпе күйдің орны айрықша. Қоңыр кеште «Қосбасармен» мұң кешкен, көкірек тереңіндегі зарын ақтарған қайран ел! Дара дарындар қалыптастырған Арқадағы күйшілік мектеп бүкіл Алашқа аян. Жаратқаннан дарыған қасиет үзіліп қалмақ емес. Қарағандыда бүгінгі дәулескер күйшілер құрметтейтін, талантын мойындайтын Қалкен Қасымов есімді күйші тұрады. Ол – ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан мәртебесі биік мектептің ірі өкілі. Ұлттық домбыра күні қарсаңында ақсақалмен күй құдіреті мен домбыраның қадір-қасиеті хақында сұхбаттасқан едік.
– Ұлттық домбыра күні – бұл күнде исі қазақ күтетін атаулы күн. Киемізге айналған ұлттық аспаптың бізге айтары да, берері де мол. Ғұмырын күйге арнаған Арқадағы қадірменді азаматтың бірісіз. Сіз үшін Ұлттық домбыра күні қандай мәнге ие?
– Ұлттық домбыра күні біз үшін, әсіресе, күйді қастерлейтін халық үшін зор маңызға ие. Осы ұлттық аспабымызға көңіл бөлетін жөніміз бар. Күйшілік – тұқым қуатын, тек қуатын қасиетті дарын. Сәкен Әбішев деген қартымыз болған. Ол «Домбыраны қастерлеу керек. Домбыра – қасиетті аспап» деп отыратын. Қазір қарасаңыз, әркімнің үйінде домбыра бар. Әлбетте, бұл көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ, әркім оның қадіріне жетіп жатқан жоқ. Біреу үшін домбыра үйдің төрінде ілініп қана тұратын, бөлмеге әр беретін бұйым сияқты. Немесе, көрінген жерде жатады. Сондай көріністі көргенде, көкірегім қарс айырыла жаздайды. Домбыраның киесі бар. Ал, кие кейде қадірін білмеген жерден көшіп кетеді. Мысалы, Тәттімбеттің елінде Тәттімбеттің саусағынан тамған 40 күй бар дейді. Сол жақта ұлы күйшінің соңынан ерген ізбасарлары қалмапты. Күй Кәрсөн-Керней еліне қонды дейді үлкен ақсақалдар. Бұл сөздің жаны бар. Кәрсөн-Кернейден қанша күйші шықты. Қыздарбек, Әбди, Сембек, Кәрібек, Мақаш, Ақмолда, Исатай, Рысқұлбек, Қараның Аманы деген күйшілер болған. Ақтоғайдан шыққан Аққыз әжеміздің өзі – бір биік тау. Қарап отырсаңыз, бұл күнде Қарқаралыда шертпе күй тартатын күйші жоқ.
Мәселен, маған осы қасиет нағашымнан дарыған екен. Бала кезімде сол нағашымның күй шерткенін тыңдап отыратынмын. Сол уақытта бала болсам да, кеудемді бір тылсым құдірет билеп алатын. Ғұмырымның әр белесін аттаған сайын, соның нендей құдірет екенін түсініп келемін. Нағашы ағам маған қалақ домбыра сыйлаған еді. Сол кезеңде қалақ домбыра деген өте тапшы болатын. Тіпті, жоқтың қасы. Себебі, ашаршылық уақытында күйшілермен қоса жоғалды. Содан бері домбыра – жан серігім!
Домбыра кез келген адамға бауыр баспайды. Домбыраны адам үйренбейді, негізі. Домбыра қонады. Мысалы, мен үйренемін деп шерткен жоқпын. Маған үйрет деп нағашыма өтінген де емеспін. Өзі қонды.
Жас кезімде Қарағандыдағы «Сарыарқа» оркестрінде өнер көрсеттім. Оркестрдің белді мүшесі болдым. Онда көбіне төкпелеттік. Бірақ, шертпе күй мені алысқа жібермеді. Бәрібір өзіне баурап алды.
– Арқаның шертпе күйі деп жатамыз. Той-томалақта, немесе, бір отырыстарда күйден сәл де болсын хабары бар адам орындаушыдан төкпені де, шертпені де сұрап жатады. Шертпе күйдің табиғаты қандай? Шертпе күй қай жерде шертілуі тиіс?
– Жеріміз – байтақ. Соған қарай әр өңірдің менталитеті, мінезі басқа. Тіпті, салт-дәстүрлері де бір-біріне ұқсамай жатады. Күй шертістері де бөлек. Шертпе күйге тек Арқаның елі ғана құмар. Төкпе күй Батыстағы жұртқа тән. Шығыста да төкпе күй. Шығыста негізі шертпе күй бар. Бірақ, бәрібір Арқанікі өзгеше. Күйлер өңірдің табиғатына, сондағы жұрттың мінезіне қарай туады.
«Қосбасар» күйінің табиғаты, болмысы бәрінен дара. Қазақ айтарын тікелей, бәріне түсінікті тілмен айтпаған. Жорамалдап сөйлескен. «Қосбасардың да» атқарған міндеті осы болған. Жан баласына айтпайтын сырын өзінің мұңдасына қазақ осы «Қосбасармен» жеткізген. Екеуара күймен сөйлескен.
Ақселеу Сейдімбеков «Күй – шежіре» деген. «Қосбасарда» әр заманның келбеті мен үні бар. Нәубет көрген қазақтың зары, мұңы, бәрі осында. Сонау алыс заманаларға жетелейтін қоңыр ой – «Қосбасар» дегеніңіз.
Әбдидің «Шер қосбасар» деген күйі бар. Байлар қудаланған, халқымыз аштан қырылған, зиялыларымыз жаламен атылған сұм ғасырды сезінген, көрген, естіген жүректің шері. Осы күй арқылы «Қосбасар» күйлерінің болмысын толықтай түсінуге болады. Сол себепті де бұл күйдің табиғаты той-думанға мүлде сәйкес емес. Әбдидің «Тәубе қосбасары» бар. Жалғызы шешек ауруынан қайтыс болғанда туған күй. Жаратқанға «Елім, жұртым аман болсын» деп тәубе етеді күй тілімен. Сосын, «Қарғыс қосбасар» дегені бар Әбдидің. Нәубет заманды қарғаған күй. Бұл күй көпке дейін шертілмей жүрді. Мұны бізге жеткізген – Жағыпар Асқаров деген күйші.
– Ұлттық домбыра күні дейміз де, пәленбай орындаушыны бір жерге жинап алып жаппай күй тартыс өткіземіз. Төкпе күй тартылса, жөн. Кейде шертпе күй де топтық тартысқа түсіп кетеді. Осымыз дұрыс па?
– Мен біраз орындаушыларға «Екі-ақ шектен шыққан күйді оркестрге келтіре алмайсыңдар», – деп талай айтқан едім. Шертпе күй арқалаған зарды, шерді, наланы оркестр мүлде жеткізе алмайды. Екеуі бір-біріне жат. Шертпе күйді оркестрге салуды доғаруымыз тиіс. Көбі осы пікірім үшін маған өкпелеп қалған. Оркестрге арналған шертпе күйлер бар екенін жасырмаймын. Бірақ, бәрі емес.
– Күй тілін түсінетіндер бар ма бұл күнде? Сол тылсымның, құдіреттің тілін ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?
– Әрине бар. Тіпті, көп. Мысалы, әкелеріміздің құрдасы Қыдырәлі деген ақсақал болған. Ол ән айта алмайтын. Сол жағынан дарынсыздау еді. Бірақ, күй тыңдаған кезде көзінен жас төгілетін. Радиода Әбікеннің күйлері шертілетін. «Қайран, Әбікен! Асылым-ай, зарлатты-ау!», – деп отыратын. Мәселен, биыл Аққыз күйшіні еске алуға арналған үлкен күй кешінде Аққыздың «Жетім қыз» деген күйін шерттім. Кештен кейін сол залда отырған әже жаныма келіп, бауырына басып, таңданысын жеткізген еді. Күй кештерін өткізіп жүрген қаншама азаматтар бар. Олар күйді түсінген соң ұлттық мұраға жанашырлық танытып жүр.
– Неше домбыраңыз бар?
– Бес домбырам бар. Өзім де домбыра жасаймын. Қолдан келетін іс.
– Өзіңіздің авторлық күйлеріңіз туралы айтып беріңізші…
– Шешем 8 құрсақ көтерді. 2 ұл, 6 қыз. Дүниеге жалғыз бауырым келгенде қатты қуанған едім. Жер-көкке сыймай, маңайдың бәріне сүйіншілеп, шаттанғаным әлі есімде. Сол кездегі қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жалғыз бауырым 1993 жылы жол апатынан мерт болды. Қазасы өте ауыр тиді. Соңында 3 баласы қалды. Келінім аман қалды. Бауырымды ақтық сапарына шығарып салған соң «Бауырым» деген күй туды. Тағдырлы туынды. 90-шы жылдарда тұрмыс қиын болды ғой. Біраз ел сенделді. Оңайға соққан жоқ. Төңірегіңдегі елге, ағайын-туысқа алаңдайсың. Заманның келбетіне қарап мұңға бататынмын. Міне, сол кезеңде «Мұң» деген күйім дүниеге келді. Бұл күйлер «Қазақтың 100 күйі» деген кітапқа енді. «Қазақ күйлерінің антологиясына» жазылды.
– Ақсақал, сізді Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін! Домбыра Алашпен бірге жасай берсін! Сұхбаттасқаныңызға зор алғыс!
Сұхбаттасқан Ерік НАРЫН.