Дмитрий Полтаренко: «Барлығын біз үшін шешіп қойған» деген пікірмен келіспеймін
Бүгін – елдің саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Қоғамда референдумның мәні мен маңызы, азаматтардың белсенділігі және дауыс беру үдерісінің ашықтығы кеңінен талқыланып жатыр. Осы орайда №9 референдум учаскесінде өзінің таңдауын жасаған Қарағанды облысы «Азаматтық альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы облыстық филиалының жетекшісі Дмитрий Полтаренкомен референдумның саяси мәні туралы жедел сұхбат жасадық.

– Дмитрий Владимирович, референдумның қоғам өміріндегі маңызы қандай?
– Референдум – халықтың өз ұстанымын еркін білдіретін ең маңызды демократиялық тетіктердің бірі. Мемлекеттің болашағына қатысты стратегиялық шешімдер қабылданғанда, азаматтардың тікелей қатысуы – демократиялық қоғамның басты қағидаттарының бірі. Сондықтан, мұндай тарихи сәтте әр азаматтың белсенділігі ерекше маңызға ие. Өкінішке орай, кейде «бәрін біз үшін шешіп қойған» деген пікірлерді естіп қаламыз. Мен мұндай көзқараспен келіспеймін. Керісінше, әр азамат өз таңдауын өзі жасауы керек. Учаскеге барып дауыс беру – тек құқық қана емес, бұл азаматтық жауапкершілік. Сіздің қолыңыздағы бюллетень – өз пікіріңізді білдірудің нақты мүмкіндігі және кез келген күмән мен бұрмалаушылыққа қарсы сіз ғана қолдана алатын ең сенімді кепіл.
– Демек, азаматтардың белсенділігі қоғамдаға саяси мәдениеттің деңгейін айқындайды ғой…
– Әрине. Азаматтардың қатысу деңгейі – кез келген саяси науқанның қоғамдық маңызын айқындайтын маңызды көрсеткіш. Референдум – бұл тек дауыс беру рәсімі емес, бұл қоғамның саяси мәдениетінің көрінісі. Әр адамның дауысы – елдің болашағын айқындайтын ортақ шешімнің бір бөлігі. Мен дауыс беру – мемлекет алдындағы ғана емес, ең алдымен адамның өзінің алдындағы борышы екендігін әрдайым айтып жүремін. Себебі, сіздің таңдауыңыз сіздің көзқарасыңыз бен азаматтық ұстанымыңызды білдіреді.
– Дауыс беру үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсаңыз...
– Бұл тұрғыда қоғамдық бақылаудың рөлі өте маңызды. «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы атынан айтар болсам, барлық референдум учаскелерінде бақылаушылар жұмыс істейді. Олардың негізгі міндеті – дауыс беру үдерісінің заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өтуін бақылау. Қоғамдық байқаушылар қауымдастығы – сайлау немесе референдум процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды институттардың бірі. Олар дауыс беру барысын бақылап қана қоймай, азаматтардың құқықтарының сақталуына да назар аударады. Мұның бәрі қоғамдағы сенімді нығайтуға бағытталған.
– Азаматтарға ой салар ұсыныс-тілегіңіз бар ма?
– Қазақстан Республикасының Конституциясының 33-бабына сәйкес, 18 жасқа толған әрбір азамат республикалық референдумға қатысуға және дауыс беруге құқылы. Бұл – конституциялық құқықтарды жүзеге асырудың маңызды нысандарының бірі.
Сондықтан, барша азаматтарды сындарлы сәтте салғырттық танытпай, референдумға қатысуға шақырамын. Әрбір дауыс – маңызды. Әрбір азаматтың таңдауы – елдің болашағын айқындайтын ортақ шешімнің бір бөлігі. Ең бастысы – өз таңдауыңызды өзіңіз жасаңыз. Себебі сіздің даусыңыз – тек өзіңізге тиесілі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ



