Бас тақырып

Құдіретті махаббаттың бастауы

Коллажды жасаған Арайлым Көктаева

Махаббаттың ең биігі ол – Отан! Ерліктердің ерлігіне себепкер! Мықты болсаң сол биікке өзіңді-өзің теңеп көр.

Махаббаттың қуаты бар ғаламдық. Сүйеді оны еміреніп, толғанып, алпыс екі тамыры да иіліп, соған ғана бақыт тілеп, Жаратқанға сыйынып.

Еміреніп «Ана» дейміз Отанға! Махаббаттың Отан болса биігі, ең тереңі, тұнығы, қасиетті жыр-үні, жатырында жатыр екен Ананың.

Хабарсыз боп базарынан тірліктің, дүниеге келген сәтте шыр етіп, неге іздейміз омырауын Ананың? Анамыздың ақ сүті – құдіретті махаббаттың бұлағы. Ақ сүтінде кең даланың жұпары, тылсым қуат мейірімнің дәмі бар.

Адам тәні Күн сәулесін сұрайды. Адам жаны мейірімді сұрайды. Себебі ана – мейірім төгер жарық Күн! Күннің көзін түмен бұлтқа торлатпа. Маңдайыңды тоса біл, алтын құстай бақ қонсын!

Мейірімге қанбаған жан ғұмырда, шуақ іздеп, аласұрып өтеді. Аласұрып, адасқаққа түседі. Аналардың алақаны, жанары, «балам» деген бір сөзі – еш байлықпен бағаланбас құт пен нұр.

«Жұмақтың кілті Анаңның табанының астында». Жұмақ деген – мейірім ғой көл-көсір. Мейірімнен жан сарайың құлпырса, құлпырған жан өз мәніне ұмтылса, жұмақ емей немене?! Әуелден-ақ жұмақ деген көкте емес. Жұдырықтай жүрегіммен сеземін! Бұл сөзіме ақ пейілдің жарығымен қарарсыз.

«Махаббатпен жаратқан адамзатты». Жүрегі тас махаббатсыз адамға мейірімін бере алмайды Құдай да. Мейірімі Құдайдың махаббатқа жүрегінен төр берген жүзі нұрлы Анада.

Ең терең мен ең биікте орта бар. Алтын орта жалғар екі нүктені. Сол ортаның падишасы – адал жар. Оған деген асқар аңсар, іңкәрлік. Кең дүниені тар көретін, әлсізге де әл беретін сағыныш. Ақ сәуледей падишаның жамалы – оттан ыстық махаббаттың жалыны.

Ер көңілін дархан дала десеңіз, жардың жаны – дала құштар ақ жауын! Ер көңілін дархан дала десеңіз, жардың жанын қызыл раушан гүл делік. Ер көңілін дархан дала десеңіз, жардың жаны – еркелеген самал жел.

Екі қуат қосылғанда бүтін боп, бақыт үшін барар небір ерлікке. Ұмтылады екеуі ғаламшарлық ұлы тепе-теңдікке. Бір-бір сырттан жігіттері бұл елдің, құлай сүйген сұлуының бағы үшін, қардай аппақ ұяты үшін, ары үшін, тік қарайды ажалға.

Оттай лаулап сүю үшін Отанды, сүю керек Анаңды, құдай қосқан жарыңды. Жаралғаннан адамзат, жылытатын жаныңды, шапағатты, жалынды махаббатқа табынды.

Міне, менің оқырманым қадірлі, әйелдердің махаббаты осындай! Сүю керек әйелді, күмәнданбай, тосылмай! Адамдардың ең бір асыл мұраты – байлық емес, мансап емес, баянсыз. Есті адамның ең бір асыл мұраты – махаббаттың биігіне ту тігу. Сол биікке апаратын жолдардың ең тереңде жатыр тұма бастауы!
Сонда ғана болмақ ғұмыр баянды, өнегелі, аяулы. Биігіне жеткен адам құлпырып, жақындайды зау көктегі мәніне, жалғанады нота боп, шын бақыттың әніне. Өлшенеді адамдық – тереңдікпен, биікпен. Ешбіріне жете алмай, өтпеу керек күйікпен.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button